Мегаполисті дамытудың басты бағыттары шағын және орта бизнеске қолдау көрсету екенін атап өткен әкім халықтың үштен бірінің кәсіпкерлік салада жұмыс жасайтынын баса көрсетті.
Мысалы, қаланың ІӨӨ-де ШОБ-тің табысы 40%-ды және қала бюджетінің 60%-ын құрайды. «Алматы» ӘКК-ның жұмысын оңтайландыру, «Almaty Invest» инвестиция орталығын және қаланың 6 ауданында филиалы бар «Qolday» кәсіпкерлік орталығын құру ШОБ-ке қолдау көрсетудің тиімді шаралары болып табылады.
Сонымен қатар, «Almaty Finance» қаржы компаниясы және ШОБ-ке сараланған проценттік өлшеммен, қаланың орталық бөлігіне 7% , ал шет аймағына 2% мөлшермен несие беретін «Almaty» микронесиелік ұйымы жұмысын бастады. «Алматы Бизнес-2025» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер білімдерін жетілдіруде.
Әкім кәсіпкерлерге қаржылық көмектен өзге логистикада инфрақұрылымдық шешімдер арқылы қолдау көрсетілетінін айтты. Мысалы, Байтұрсынов және Қонаев көшелеріндегі веложолдар сызбасын өзгерту арқылы ШОБ-ке қолдау жасалады, бірақ мұнда велосипедшілер мүддесі еш шектелмейді. Бақытжан Сағынтаев өзінің сөзінде кейбір әлеуметтік желіні қолданушылар әкімдік шешіміне қатысты жалған ақпараттар тарататынын атап өтті.
Тимирязов көшесі бойындағы БРТ алынады, Панфилов көшесінің концепциясы қайта қаралады, қоршаулар қайтарылады, қала көшелеріндегі көлік жолақтары жойылады екен деген небір алыпқашпа сөздер пайда болуда. «Маған кейбір журналистер келеді, әлеуметтік желілер арқылы осы мәселелерге қатысты сауалдар қояды. Алыпқашпа сөздерге құлақ түрмеңіздер, олар жалған әрі түкке тұрмайды. Ештеңе жабылмайды, өзгермейді әрі жойылмайды. Шындыққа жанаспайтын өсекті таратушылар хайпқа ұмтылушылар», деп атап өтті мегаполис әкімі.
АЛМАТЫ