Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

Қаржы бөлінсе Алматыда ЛРТ құрылысы басталады - Б.Сағынтаев

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда троллейбустар көбейеді. Алдағы уақытта қоғамдық көліктің бұл түрінің тағы 4 жаңа бағыты ашылады. Ал экологиялық көліктің жүрісін жеделдету үшін қаладағы желілер күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Қаржы бөлінсе Алматыда ЛРТ құрылысы басталады - Б.Сағынтаев

Жұмыстар биылдан басталмақ. Бұл туралы бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде мәлімдеді.

Алматыда қоғамдық көлік жолаушыларының санын арттыру үшін, тұрғындарға көрсетілер қызмет сапасын да көтеру көзделуде. Бұдан былай алып шаһар халқы аялдамада автобустарды ұзақ күтпейді. Жүру жиілігін жылдамдату үшін автобустардың санын 2000-ға жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ қала көшелерінде жүйткитін тролейбустардың да қатары көбейеді. Алдағы уақытта қоғамдық көліктің бұл түрінің тағы 4 жаңа бағыты ашылады. Күн сайын троллейбус желілері шамамен 30 рет үзіліп, жолаушыларды әбігерге салады екен. Сондықтан биылдан қалдырмай экологиялық көліктің желілерін жөндеу басталады. Әуелі Тимирязев көшесіндегі электр желісі жаңартылса, келер жылы қала аумағындағы троллейбус сымдары түгел ауыстырылады.

«Қала тұрғындары троллейбустардың санын көбейту туралы ұсынысты жиі айтады. Сондықтан жаңадан 4 бағыт ашамыз және қосалқы станциялар саламыз. Бекеттер экологиялық көліктердің жүрісін жеделдетіп, желілердің үзілуіне жол бермейді. Метроның құрылысы да тұраламайды. «Сарыарқа» мен «Достық» бекеттерін іске қосу жұмыстары уақытында аяқталады. Ал «Жеңіл рельсті көліктер» – шамамен 360 млрд теңге жұмсалатын үлкен жоба. Қазір жобаға жан-жақты сараптама жасап, үкіметке ұсыныс білдірдік. Егер қолдау тауып, қаржы бөлетін болса, ЛРТ құрылысы басталады»,- деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев

Осылайша шаһар басшысы Алмалы ауданы тұрғындарымен қаланы дамыту жоспарларымен түгелдей бөлісті. Білім, сапалы медициналық көмек, қауіпсіздік мәселелерінің барлығы қамтылды. Келер жылдың соңына дейін қаланың барлық көшесі жарықтандырылатын болса, 2025 жылдың аяғына дейін Алматыда көріктендірілмеген бір де бір үй ауласы қалмайды. Әрмен қарай әкім әр тұрғынның арқалаған арызын тыңдады. Жұртты Пәтер иелері кооперативінің қызметі,  автотұрақ, бала бақшаларды жөндеу және мектептер жанынан қосалқы нысандар салу, сондай-ақ ескі үйлерді сүру алаңдатып отыр екен.

Жалпы 2018-2030 жылдар аралығында 948 үй Алматыдағы тұрғын үйлерді кешенді қайта жаңарту бағдарламасына енгізілді. Олар үш кезеңде, яғни 2018-2020 жылдары- 267, 2021-2025 жылдары – 284, 2026-2030 жылдары-397 үй сүрілетін болады.   Ең көп «тазартылатын» аудан - Түрксіб ауданы. Қаланың бұл бөлігінде 482 үй сүріледі. Ал ең аз сүрілетін үйлер Наурызбай ауданында.  

«Қалада шамамен 1000 ескі үй бар. Оларды сүрсек, орнына 1 млн 300 шаршы метр пәтер тұрғызуға болады екен. Сондықтан «Ескі үйлерді» сүру бағдарламасын мықтап қолға аламыз. Мұндай бағдарлама арқылы тұрғын үй кезегін жылжытпасақ, қалада үй салатын бос жер жоқ. Ал ескі үйлердің инженерлік желілері тартылған. Тек құрылыс жұмыстарын ғана талап етеді. Ол үйлердегі тұрғындарды уақытша көшіре тұрамыз, баспана тұрғызылғанда олар қайтып өз үйлеріне келеді»,  деді Бақытжан Сағынтаев.

 

АЛМАТЫ