Табиғат аясында танымал опера жұлдыздарының асқақ дауысымен шырқалған әндерін тыңдауға жиылған жұрттың қарасы да қалың. Еліміз бен әлемнің ең танымал әншілері ашық аспан астында Абай мен Латиф Хамидидің лирикалық балладаларын, Верди, Пуччини, Россини секілді әйгілі итальян композиторларының өлмес туындыларын, Чайковский мен Дебюссидің шоқтығы биік шығармаларын биік кәсіби шеберлікпен нақышына келтіре орындады. Алып шаһардың аспанын әнге бөлеп, көрермен көңілін серпілткен фестивальде Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрге дирижерлік жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев: « Бұл – дәстүрлі фестиваль. Жыл сайын ауқымы кеңейіп келеді. Бүгін бірнеше жаңа туындының тұсауы кесілді. Алматылық тыңдармандардың талғамы өте жоғары. Қазір жастардың да классикалық музыкаға қызығушылығы артып келеді. Олар классикалық музыканы сүйіп тыңдайды. Бұрын тек орта буыннан жоғары көрермендер ғана тыңдаса, қазір осындай ашық алаңдардың арқасында классикалық музыка бәріне де түсінікті болып келеді. Бұл бізге шабыт сыйлайды», дейді.
Фестиваль ұйымдастырушылары жыл сайын өтетін өнер мерекесін мүмкіндігінше қайталамауды қадағалап, жаңаша өрнекпен өміршеңдігін арттыра түсуге тырысады. Төртінші рет өткізіліп отырған классикалық музыка фестивалінің биылғы жаңалығы – әлемге танымал тенор Иван Дефабианидың Италиядан арнайы шақырылуы болды. Оның өнеріне елтімеген жан жоқ. Ол Ла-Скала, Арена ди Верон және Верди театрларында өнер көрсеткен. Ол осы кеште «Севиль шаштаразы», «Мадам Баттерфляй», «Турандот» операларынан ариялар шырқады. «Мені Қазақстанға шақырғаны үшін өте қуаныштымын. Мұнда алғаш рет келуім, қала да, адамдары да ұнады. Көрермендердің әртістердің өнерін құрметтеп, бағалауы тіпті таңғалдырды», дейді Иван Дефабиани.
«Астана Опера» театрының әншісі Айзада Капонова, Жанат Бақтай секілді елімізге өнерімен танылған белгілі әртістері көрермен алдында ұлттық операның бүгінгі деңгейін озық үлгіде дәлелдей білді.
Алматының ең көрікті жерінде көрермендерге арнап орындалған шығармалар бұрынғыдан да әсерлі болып, еліміздің мәдени мәртебесін биіктетете түсетін музыка мерекесіне тік тұрып ықылас білдірді.
АЛМАТЫ