Спорт • 01 Қыркүйек, 2019

Жапонияда жалғыз жүлде бұйырды

314 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жапонияның бас шаһары – Токиода дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы  әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір аптағы созылған бәсекелер барысында 143 мемлекеттен келген 828 балуан 14 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Күн Шығыс еліне аттанған Қазақстан құрамасы жалғыз жүлдеге қол жеткізді. Атап айтсақ, аса жеңіл салмақта өнер көрсеткен Елдос Сметов қола медальді мойнына ілді. Ал соңғы сегізінші ең үздік нәтижеге қол жеткізген мемлекеттердің өрендері командалық бәсекеде бақ сынады.

Жапонияда жалғыз жүлде бұйырды

Бірден айта кетейік, Қазақстанның ерлер құрамасы үшін бұл жаман нәтиже емес. Олай деуге негіз, осы күрес түрін серік еткен өрендеріміздің әлем чемпионаттарында жүлдені «күреп алып» жатқандары кездері шамалы. Мәселен, 1993-2018 жылдар аралығында айтулы жарыстың жалауы 16 мәрте желбіреді. Сол бәсекелердің 10-ынан қоржынымыз бос қайтты. Небары 6 жарыста ғана бағымыз жанды.  Атап айтсақ, жерлестеріміз 2001 жылы Мюнхенде 2 қола (Асхат Шахаров пен Асхат Житкеев), 2009 жылы Роттердамда 1 алтын (Максим Раков), 2011 жылы Парижде 1 күміс (Максим Раков), 2013 жылы Рио-де-Жанейрода 1 күміс (Азамат Мұқанов), 2015 жылы Нұр-Сұлтанда 1 алтын мен 1 күміс (Елдос Сметов пен Рустам Ыбыраев) және 2018 жылы Бакуде 1 күміске (Ерлан Серікжанов) иелік етті. Бар-жоғы 8 жүлде (2 алтын+4 күміс+2 қола). Міне, отандық дзюдо күресі шеберлерінің барлық табысы осымен ғана шектеледі.

Десек те қазақстандық жанкүйерлер өз жерлестерінен Жапонияда бұдан әлдеқайда зор нәтиже күткені жасырын емес. Себебі, соңғы кездері біздің балуандар халықаралық додаларда көңіл көншітерліктей өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына жиі-жиі көтеріліп жүрді. Нәтижесінде бірқатар балуанымыз әлемдік рейтингте жоғарлап, үздіктермен үзеңгі қағыстырды. Бірақ жылдың басты жарысында олар өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Үміт артқан серкелеріміздің дені сыпыра ұтылды. Әскери тілмен айтсақ, «сарбаздарымыз соғыс жағдайына жарамсыз» болды.

Токиодағы әлем чемпионатында қазақстандықтар арасынан 60 кило салмақ дәрежесінде белдескен Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевтың ғана өнері көпшілік көңілінен шықты. Шыны керек, Елдостың бастапқы бәсекелердегі қарсыластары – кувейттік Сауд Аламири мен йемендік Әли Хосрофты есімі қалың көрерменге мүлде таныс емес. Сондықтан да олардың аяғын көктен келтіру қандасымыз үшін еш қиындық туғызған жоқ. Алғашқы айналымдарда жолыққандардың арасында ең әккісі Элиос Манци еді. Италиялық балуанның Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері деген атағы бар. Сметов Манциді ұтты. Бірақ төртінші кездесуінде Елдос 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, жапониялық Рюдзю Нагаямаға екі вазаримен жеңілді. Осы сәтсіздіктің салдарынан қазақтың ұлы бас жүлде үшін таласу мүмкіндігінен айырылды. Жұбаныш белдесуінде ол тайпейлік Юн Вей Яннан басым түсті.  

Келесі топта Ғұсман Қырғызбаевтың қарқыны өте күшті болды. Гватемала, Болгария және Қырғызстанның өкілдерінен бөлек, ол Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, Панамерика ойындарының жеңімпазы, бразилиялық Филипе Китадайды және әлем чемпионаты мен Еуропа ойындарында екі реттен жеңіс тұғырына көтеріліп, құрлық чемпионы атанған грузиялық Амиран Папинашвилиге сан соқтырды. Алайда жартылай финалда өзбекстандық Шарафуддин Лутфуллаевқа жол берді.

Осылайша, елішілік жарыстарда жиі жолығып жүрген қос қандасымыздың жолы Токио төрінде қайта қиысты. Бұл тартыс Елдос Сметовтің жеңісімен аяқталып, ол қола медальді иеленсе, Ғұсман бесінші сатыға табан тіреді.

Жапониядағы жарыстың алғашқы күні-ақ көк байрағымыздың көкте желбірегенін қазақ жанкүйерлері жақсылыққа жорыды. Енді өзге жігіттерміз де айшықты өнер көрсетіп, өз жанкүйерлерін қуантады деп үміттенді. Алайда үкілі үміт ақталмады. Елдос Жұмаханов пен Ерлан Серікжанов (66 кило), Жансай Смағұлов (73 кило), Дидар Хамза (81 кило) және Айбек Серікбаев (100 кило) өздерінің тұсаукесер кездесулерінде қарсыластарына тізе бүкті. Руслан Мұсаев (81 кило) пен Ислам Бозбаев (90 кило) екінші кезеңде жеңіліс тапты. Сөйтіп, сенім артқан серкелеріміз жарыс бел ортаға жатып жетпей сүрінді. Біз соған күйіндік. Елдос пен Айбектің болгариялық Божидар Темелков пен Даниел Дичевті, Жансайдың израильдік Тохар Бутбулды және Дидардың германиялық Доминик Ресселді жеңетіндей жөні бар еді. Олардың пәлендей атақтары жоқ. Шеберлік деңгейлері де біздің жігіттерден еш артық емес.  

Ал Руслан Мұсаевқа еш өкпей ата алмаймыз. Ол тым күшті қарсыласқа тап болды. Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Израильдің мықтысы, Еуропа ойындары мен Еуропа біріншілгіннің жеңімпазы Саги Мукиге Руслан Мұсаевтың әлі жетпеді. Сол секілді Ерлан Серікжановтың да қарсыласы азулы еді. Әзірбайжандық Нижат Шихализаденің әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері деген атағы бар. Жасы 30-дан асқан саңлақ одан да басқа дүбірлі додаларда атой салған. Десек те қазақ балуаны да қара жаяу емес еді ғой. Ол былтыр әлем чемпионатында күміс медальді мойнында жарқыратып, Азия біріншілігінде алдына жан салмады. Десек те бұл бәсекеде Шихализаде шаң қаптырып кетті. 

 

Ерлер арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер

60 кило: 1. Лукум Чхвимиани (Грузия), 2. Шарафуддин Лутфуллаев (Өзбекстан), 3. Елдос Сметов (Қазақстан) пен  Рюдзю Нагаяма (Жапония).

66 кило: 1. Дзесиро Наруяма (Жапония), 2. Ким Ним Хван (Оңтүстік Корея), 3. Хифумэ Абе (Жапония) мен Денис Виеру (Молдова). 

73 кило: 1. Сехэй Оно (Жапония), 2. Рустам Оруджев (Әзірбайжан), 3. Хидаят Гейдаров (Әзірбайжан) пен Денис Ярцев (Ресей).

81 кило: 1. Саги Муки (Израиль), 2. Маттиас Кассе (Бельгия), 3. Антуан-Валуа Фортье (Канада) мен Лука Майсурадзе (Грузия).

90 кило: 1. Ноэл ван т' Энд (Голландия), 2.Сейтиро Мухай (Жапония), 3. Аксель Клерже (Франция) мен Немания Майдов (Сербия).

100 кило: 1.Жорже Фонсека (Португалия), 2. Нияз Ілиясов (Ресей), 3. Микаэль Коррел (Голландия) мен Аорон Вольф (Жапония).

+100 кило: 1. Лукаш Крпалек (Чехия), 2. Хисаеши Харасава (Жапония), 3. Ким Мин Йонг (Оңтүстік Корея) пен Рой Мейер (Голландия).

 

*****

 

Ал әйелдердің жай-күйі белгілі. Біраз уақыттан бері жаһандық жарыстарда тек аса жеңіл салмақтағы Отгонцэцэг Галбадрахқа ғана үміт артып келеміз. Бірақ бұл жолы оның да бағы жанбады. Израиль мен Колумбиядан келген қыздарды қапы қалдырған қазақстандық дзюдошы одан кейін өзінің сыралғы қарсыласы, моңғолиялық Ұранцэцэг Мұңхбат пен испаниялық Лаура Мартинез Абелендеге жол беріп, жетінші орынды қанағат тұтты. Ең үздік нәтижеміз осы. Ал өзге қыздарымыздың барлығы да алғашқы айналымнан кейін көрермендер қатарына қосылды.    

 

Әйелдер арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер

 

48 кило: 1. Дарья Белодед (Украина), 2. Фуна Тонки (Жапония), 3. Ұранцэцэг Мұңхбат (Моңғолия) пен Дистрия Красники (Косово)

52 кило: 1. Ута Абэ (Жапония), 2. Наталья Кузютина (Ресей), 3. Мейлинда Келменди (Косово) мен Аи Сисимэ (Жапония).

57 кило: 1. Криста Дегучи (Канада), 2. Цукаса Есида (Жапония), 3. Юлия Ковальчик (Польша) пен Рафаэла Силва (Бразилия). 

63 кило: 1. Кларисс Агбеньбену (Франция), 2. Мику Тасиро (Жапония), 3. Мартина Трайдос (Германия) пен Фул Франссен (Голландия)

70 кило: 1. Мари-Ив Гайе (Франция), 2. Барбара Тиму (Португалия), 3.Салли Конвэй (Ұлыбритания) мен Марго Пино (Франция).

78 кило: 1. Маделайна Малонга (Франция), 2. Сори Хамада (Жапония), 3. Лориана Кука (Косово) мен Майра Агияр (Бразилия).

+78 кило: 1.Акира Санэ (Жапония), 2. Идалис Ортис (Куба), 3. Кайра Сают (Түркия) пен Сара Асахина (Жапония).