Парламент • 02 Қыркүйек, 2019

Маған сенім білдіріп қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет - Д.Назарбаева

790 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының алтыншы шақырылымдағы бесінші сессияның бірінші отырысында жоғары палата депутаттары жасырын дауыс беру арқылы Сенат Төрағалығына бірауыздан Дариға Назарбаева сайланды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады. 

Маған сенім білдіріп қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет - Д.Назарбаева

«Маған сенім білдіріп қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет. Бұл мен үшін зор мәртебе және үлкен жауапкершілік. Қазақстан Республикасы Парламентінің жоғарғы палатасының басшысы ретінде мен сүйікті Отанымыздың гүлденуі үшін бар күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді жұмсаймын», - деді Д.Назарбаева.

1

Парламенттің жоғары палатасы Төрағасының орынбасары лауазымына ағымдағы жылдың 13 тамызында Президент Жарлығымен Парламент Сенатының депутаттығына тағайындалған Асқар Шәкіров сайланды. Сенаторлар Адам жөніндегі уәкіл қызметіне Эльвира Әзімованы сайлады.

Сондай-ақ отырыс барысында тұрақты комитеттердің төрағалары сайланды.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы лауазымына Владимир Волков сайланды.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымына Мұхтар Құл-Мұхаммед сайланды.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы лауазымына Серік Жақсыбеков сайланды.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне Мұрат Бақтиярұлы жетекшілік етеді.

Әли Бектаев Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы болды.

Қаржы және бюджет комитетін Ольга Перепечина басқарады.

Жақында Президент Жарлығымен тағайындалған Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп, Андрей Лукин, Дана Нұржігітова, Қанатбек Сафинов және Лаззат Сүлеймен ант қабылдап, Сенаттың тұрақты комитеттерінің құрамына сайланды.

Сенат

Сенат Төрағасы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен өкілеттіктері тоқтатылған сенаторлар - Сергей Громов, Бірғаным Әйтімова, Асқар Бейсенбаев, Георгий Ким, Дулат Құсдәулетов, Рашид Түсіпбековтерге алғыс білдіріп, әрқайсысының жеке қасиеттеріне тоқталып, парламентаризмді дамытуға, сондай-ақ заң шығару үдерісін жетілдіруге қосқан үлестерін атап өтті.

Еске салсақ, Д.Назарбаеваның кандидатурасын Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысының атынан сөз сөйледі. «Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы лауазымына Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваны сайлауды сұраймын», - делінген Президенттің сөзінде.