Саясат • 03 Қыркүйек, 2019

Еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белес

680 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пар­ламент палата­лары­ның бірлескен отырысына қатысып, алтыншы ша­қы­рылымдағы Парламенттің бесінші сессиясын ашты. Алқалы жиын барысында Президент Қазақстан хал­қына алғашқы Жол­дауын жариялады.

Еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белес

Азаматтық қоғамды дамыту – тұрақтылық тірегі

Парламенттің бірлескен оты­рысына Мәжілістің 107 депута­тының 106-сы, Сенаттың 49 депутатының 47-сі, Мем­ле­кеттік хатшы, Жоғарғы Сот, Үкімет мүшелері толық құрам­да, Пре­зи­дентке тікелей есеп бере­тін және бағынатын орган бас­шылары, ұлттық компания­лар мен мемлекеттік ұйым­дар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент қалаларының және облыс­тар­дың әкімдері, саяси партия­лардың басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталды. Президент сөзінің ба­сында Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерге тоқта­лып, бұл жасампаздық пен іл­ге­­рі­леу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болғанын, осы уа­қыт ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылы­ғымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнық­ты мемлекетке айнал­ғанын айтты. Халыққа берген уәде­лерін міндетті түрде орындайты­нын мәлімдеген Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белестің ортақ мақсаттарын, оның ішінде сайлауалды бағ­дарла­масын жүзеге асыруға не­гізделген Жолдаудың басым ба­ғыттары туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Жолдаудың «Заман талабына сай мемлекет» атты бірінші бөлімінде елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформалар жасау мүмкін емес екені айтылды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» – мемлекет тұрақтылығының негізі болатын саяси жүйенің формуласы. Ендігі жерде азаматтардың сындарлы сауалдарына құлақ түретін, жедел әрі тиімді жа­уап беретін мемлекет тұжырым­дамасын іске асыру ортақ міндет болмақ. Сондықтан Мем­лекет басшысы азаматтық қоғам­ды қолдау және нығайту ісін, өзекті мәселелерді шешу жолдарын кеңінен талқылау үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын атап өтті.

Жолдауда халықты толған­дырған негізгі мәселелер көше­лерде емес, Парламенттің және азаматтық диалогтың шең­берін­де талқыланып, шешімін табуы тиіс екені көрсетілді. Ал­дағы Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлаулары көп­пар­тиялы жүйені одан әрі дамытуға ықпат етуі керек.

Халықпен тиімді байланыс орнату үшін мемлекеттік орган­дар­дың ашықтыққа, жеделдікке басымдық беруі назарға алынады. 2020 жылдан бастап мем­лекеттік қызметшілердің саны біртіндеп қысқартыла бастайды. Одан үнемделген қаражат неғұрлым іскер қызметкерлерді материалдық жағынан ынта­лан­дыруға жұмсалмақ. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қыз­мет­керлерінің саны 25%-ға қыс­қартылады.

Заң аясында бейбіт митинг өткізу туралы сөз болды. Аза­маттардың ойын ашық біл­діруі үшін қаланың ішінен арнайы орын белгіленеді. Бірақ заң­ға қайшы, бұзақылыққа үнде­ген акциялардың жолы кесіледі.

Президент мемлекеттік тіл мәселесіне мән берді. Ол қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезең келетінін айтты.

Азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру бағытында жұмыстар жалғаса береді. Жақын арада Азаматтық қоғам дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленеді.

Сондай-ақ алдағы әл-Фара­бидің 1150 жылдық, Абай Құ­нан­бай­ұлының 175 жылдық ме­рей­тойларына, ең маңызды ме­реке – Тәуелсіздіктің отыз жыл­ды­ғына байланысты тиісті іс-шаралар назарға алынды.

Ауыр қылмыстың жазасын күшейту керек

Жолдаудың екінші бөлімі «Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп аталды. Мұнда Мемлекет бас­шысы сот шешімдерінің сапа­сын жақсарту, ауыр қылмыстың жазасын күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрес, құқық қорғау жүйесін толыққанды реформалау, жауынгерлік қабілетті әскер қалыптастыру туралы атап өтті. Осының ішінде Президент зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге жасалатын тұрмыстық қысым және басқа да тұлғаларға, әсіресе балаларға зардабы тиетін ауыр қылмыстарды жазасын жедел түрде қатаңдату жөнінде Парламент пен Үкіметке тап­сыр­ма берді. Бұған қоса табиғат­қа аяусыз қастандық жасап жүр­ген браконьерлердің әрекет­теріне тез арада тосқауыл қою талап етілді.

Ішкі істер министрлігі реформасына үш жыл ішінде 173 млрд теңге бағытталады. Бұл қаражат еңбекақыны көтеруге, тұрғын үйді жалға алуға, ХҚО қағидаты бойынша полицияның қазіргі заманғы фронт-кең­селерін құруға жұмсалады. Үкі­метке ІІМ реформасына бөлі­нетін қаражат шеңберінде азамат­тық қорғау органдары қызмет­кер­лерінің жалақысын арттыру үшін 40 млрд теңгені қарастыру тапсырылды.

МШБ табыс салығынан босатылады

Мемлекет әл-ауқатының көрсет­кіші саналатын экономи­калық даму бағыттары «Қар­қын­ды дамыған және инклюзивті экономика» деген атаумен нақтыланды. Бұл жерде Мем­лекет басшысы алдымен шикі­затқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әрта­раптандыруды алға тартты. Еңбек өнімділігінің нақты өсі­мін кем дегенде 1,7 есеге арттыру көзделіп отыр. Одан кейін квазимемлекеттік сектордан қайырымды арттыру жайы қозғалды. Осы ретте Үкіметке Есеп комитетімен бірге үш ай мерзімде мемлекеттік хол­дингтер мен ұлттық компа­ниялардың тиімділігіне талдау жүргізу міндеті жүктелді. Президент баға белгілеу, тариф­тер мәселесіне тоқталып, мысал ретінде ең жиі қатынайтын бағыттар бойынша ұшақ билет­терінің Еуропаға қарағанда 30% жоғары құнын сынға алды.

Кәсіпкерлікті дамыту – қа­шан­нан халықтың ахуалын жақ­сарту мақсатындағы негізгі ба­ғыттардың бірі. Сондықтан бизнеске іркіліссіз қолдау көр­сетіліп, Ұлттық қордан 100 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бірақ қаржылай қолдаудың игілігін тек жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көрмеуі керек. Шағын, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Президент Үкіметке микро және шағын бизнес компанияларын үш жыл мерзімге табыс салығын төлеуден боса­ту­дың заңнамалық негізін әзір­леуді тапсырды. Сондай-ақ 2020 жылдың қаңтарынан бас­тап микро және шағын бизнес субъек­тілерін тексеруге үш жыл­дық тыйым салу тура­лы шеші­мі күшіне енеді. Осылай­ша биз­неске түсетін салмақ жеңіл­детілмек.

Экономиканың маңызды саласы ретінде туризмге жеке тоқ­талған Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын біздің тарихқа, мәдениетке, табиғатқа туристердің назарын аудару тұрғысынан атап өту керектігін, туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылымды, бірінші кезекте жолдарды салу, білікті мамандарды даярлау маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы халықаралық нарық­тағы ұлттық бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, салық салу жүйесін жаңғырту, Ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселелері жөнінде баяндады. Сөз арасында Президент жердің шетелдіктерге сатылмайтынын, бірақ жерді тиім пайдалануды қамтамасыз ету керек екенін мәлімдеді. Үкіметке «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға келесі үш жылда осы жылы бөлінген 30 млрд теңгеге қосымша 90 млрд теңге бағыттау тапсырылды.

Салық туралы айтылғанда жұмыс берушіге қосымша 5% зейнетақы аударымын жа­сау міндеті 2023 жылға дейін қарастырылмайтыны мәлім болды. Бұған қоса кепіл­дендірілген трансферт көле­мін 2022 жылдан бастап бір­те-бірте 2 трлн теңгеге дейін азайту, қор қаржысын пайдаланудың анағұрлым тиім­ді инвестициялық саясатын жүр­гізу мәселелері қозғалды.

Зейнетақы жинағы есебімен тұрғын үй алу қарастырылады

Президенттің айтуынша, мемлекет бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталады: оның бірі экономиканы дамыту, екін­шісі әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік сала бойынша ең алдымен білім беру сапа­сын жақсартуға мән берілді. Жас­тарға жұмыссыздардың қатарын толықтырмауы үшін оқу­шы кезінен қабілетін айқын­дап, кәсіби бағыт-бағдар беру сая­сатына көшу қажет. Қала мен ауыл мектептері арасын­дағы орта білімнің сапасы ал­шақтап бара жатқанын назарға алған Мемлекет басшысы Үкі­­метке келесі жылдан бас­тап «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдар­ламасын қаржылан­дыру­ды 20 млрд теңгеге жеткізуді жүктеді. Сондай-ақ «Дарынды баланың» қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырды және келесі жылдан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25%-ға өсетінін мәлімдеді. Бұған қоса мәдениет қызметкерлеріне де қолдау көрсетіліп, еңбекақысы көтеріледі.
Бұл бөлімде отбасы инсти­ту­тын нығайту, бұқаралық спорт­ты дамыту, азаматтық қоғам­­­ды қалыптастыруда Ерікті­­­лер жылының маңызы туралы ай­­тылды. Ал медициналық қыз­мет­тің сапасы мен қолжетім­ді­лігін қамтамасыз ету тұрғы­сын­да Президент үш жылда тегін ме­­дициналық көмекті қаржы­­лан­­­дыруға 2,8 трлн теңге бөлі­­не­тінін және бұған қосымша ден­саулық сақтау жүйесін да­мы­туға 2,3 трлн теңге бағытта­латынын айтты.

Жолдауда белгілі болған тағы бір жайт, Үкімет жыл со­ңы­на дейін азаматтардың өзде­рі­нің жинақталған зейнатақы қара­жатының бір бөлігін үй сатып алу, білім алу сияқты мақ­сат­та пайдалануға жұмсай алу мәселесін қарас­тырады.

Әкімдердің жұмысын халық бағалайды

Президент сайлауалды бағ­дар­ламасында елдің еңсесін тіктеп, жағдайының жақсаруы үшін ауыл-аймақтардың әлеуе­тін көтеруге ерекше мән берген еді. Бұл бағыт Мемлекет бас­шысының Жолдауында да «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген атаумен көрініс тапты. Өңірлерде ілкімді істерді ілгері­лету үшін жергілікті билік ор­гандары жұмысының тиімді­лігін арттыруға маңыз бе­рілді. Осы тұста Президент қанатқақты жоба ретінде халық­тың жергілікті әкімдіктердің жұ­мы­сын бағалау жүйесін енгізуді ұсынды. Егер сауалдама немесе онлайн-дауыс беру нәти­жесінде 30%-дан аса тұр­ғын қала немесе ауыл әкімінің жұмы­сын тиімсіз деп таныса, бұл мәселені Президент Әкімшілігі жан-жақты зерделеу керек.

Сонымен қатар өңір тұр­ғын­дарына әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері де қарас­тырылды. Мәселен, жеке үй са­тып алуға табысы жетпейтін азаматтарға әлеуметтік жалға алу жағдайында тұрғын үйге жай­ғасуға мүмкіндік беріледі. Осы мақсатта 2020 жылға қарай мемлекет 240 млрд теңгеден аса қаржы бөледі. Бұған қоса өңірлерге екі жыл ішінде тұрғын үй қорын жаңғырту мен жөндеу жұмыстарына бюджеттік несиелер түрінде 30 млрд теңге бағытталмақ. Жалпы, өңірлерді дамыту бюджеті 2022 жылға қарай 800 млрд теңгеден асады.

Сөз соңында Мемлекет бас­шысы реформаны тек рефор­ма үшін жүргізуге жол беріл­мейтінін, Үкімет мүше­лері­не, мемлекеттік органдар мен өңір­лердің, мемлекеттік компа­ния­лардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктелетінін айтты.