Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2019

Жаңғырту кәсіпорынды күшейтеді

392 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағандыдағы құю-машина жасау зауытының отандық нарықта жұмыс істеп келе жатқанына да 80 жыл болды. Соңғы төрт жылда кәсіпорын кең ауқымдағы жаңғырту үдерісіне бет түзеген болатын. Бұған дейін шахтаға қажетті құрал-сайман, құрылғылар жасап, кеншілерге қызмет көрсететін зауыт енді тау-кен жабдықтарын жөндеу бағытында да өз күшін сынай бас­тады. Мұндай мүмкіндікке кәсіпорын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің құрамына енгеннен кейін қол жеткізген еді. Бүгінде түгелдей түлеген зауыт атауын да өзгертіп, «Мэйкер» ЖШС ретінде танымал бола бастады.

Жаңғырту кәсіпорынды күшейтеді

– Станок паркі, зертханалар, ұйым­дастыру техникасы толық жа­ңар­тылды. Конструкторлық-тех­но­­логиялық салаға бірыңғай жүйе енгізілді. Бұл жерде барлық үдерістің екі жыл бойы жүзеге асырылғанын атап өткен жөн. Осы уақыт ішінде зауыт үздіксіз жұмыс істеді, – дейді «Мэйкер» ЖШС-нің конструкторлық-технологиялық басқармасының басшысы Владимир Волынский.

Зауыттың заман талабына сай жаңғыртылуына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың көп көмегін тигізгенін айта кеткен ләзім. Жоба «3.0 жаңғырту» ұлттық бағдарламасына енген. Жаңару басталғаннан бергі уа­қыт ішінде зауытқа 53 бірлік негізгі құрал-жабдық және 230 көмекші құрал-жабдық жеткізілді. Оның 35-і – Еуроодақ елдері мен Оңтүстік Кореяның жетекші фирмаларының заманауи металл кесетін станоктары.

Қазіргі таңда механикалық құ­рас­тыру цехы толығымен қал­пы­на келтірілген, онда сандық бағ­дар­лама арқылы басқарылатын жа­ңа станоктардың 80%-дан астамы жұмыс істейді. Мамандардың айтуын­ша, мұ­ның өзі еңбек өнімділігін алты есеге арттырған.

Рас, бұл жаңғырту басында оңай­ға түспеді. Шетелден қып-қызыл ақ­шаға сатып әкелген қымбат құрал-жаб­дықтың тілін білетін маман таппай, қатты сасқан кәсіпорын басшылары. Сөйтсе, елімізде бір де бір жоғары оқу орны немесе колледж сандық бағ­дарлама бойынша басқарылатын станоктардың инженерлері мен операторларын оқытпайды екен...

– Тығырықтан шығарар жол із­дедік. Сөйттік те, қызметкерлерімізді өзіміз оқытуға шешім қабылдадық. Бұл іске ресейлік консалтингтік ком­паниялардың бірі қолұшын беріп, олар бастапқы кезеңде 52 инженер мен 70-тен астам жұмысшыны даярлауға кө­мек­тесті. Кейін лицензиялық оқу бағдарламаларын сатып алып, прак­тикалық сабақтар өткізілетін ка­бинетті жабдықтап алдық. Содан кейін Қарағанды мемлекеттік тех­никалық университеті жанынан өзі­міздің кафедрамызды аштық. Енді біздің қызметкерлер аптасына екі рет студенттерге дәріс оқиды. Алғашқы «қарлығаштарымыз» екі жылдан кейін дайын болады, біз оларды өзі­міздің кәсіпорында күтеміз, – дейді В.Волынский.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда техникалық жоғары оқу орындары мен колледждердің жаңғырту үде­рісін бастан кешіп жатқан кәсіп­орын­дардың қарқынына ілесе алмай келе жатқан жайы бар. Ескі жүйе бойынша оқытылған мамандардың заманауи технологиялармен жұмыс істей бастаған зауыттардың маңынан да жүре алмайтыны екібастан белгілі. Міне, осындай олқылықтардың бар­лығын ескере келе, «Мэйкер» ЖШС өзіне қажетті мамандарды осылайша өздері оқытып, даярлай бастаған.

Бүгінде зауытта 800 адам жұ­мыс істейді. Олар негізінен қосалқы бөлшектер мен аса күрделі жаб­дық­тарды шығарумен айналысады. Кәсіпорын жыл сайын өндіріс көлемін ұлғайтуға тырысады. Алдағы уақытта оны тағы да 30%-ға көтеру жоспарда бар екен. Мұның өзі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бірге жү­зеге асырамыз» бағдарламасында көрсетілген міндеттермен үндесіп жатыр. Ал ол құжатта Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттыруды ын­таландыру, ұзақ мерзімді бәсекеге қабі­леттілікті қамтамасыз етуге жа­рай­тын салалар мен бағыттарды анық­­тау, халықаралық сапа стандарттарын енгізетін және өз өнімімен жаңа на­рық­тарға шығатын кәсіпорындарды қол­дау және отандық өнеркәсіптегі сапаны арттыру жөніндегі негізгі ба­ғыттарды айқындаған болатын. Бұ­дан бөлек, ел Президенті жақында ғана Қарағандыда өткен еліміздің ин­дустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі кеңесте «Біз өзіміздің өн­дірушілерді барынша қолдаймыз», деді. Сайып келгенде, мұндай оң көз­қарас отандық өнім шығарып, ұлт­тық брендті қалыптастыруға бар күшін салып келе жатқан Қарағанды зауы­тының іскерлік тұрғыдағы көкжиегін кеңейте түсері сөзсіз.

Қазір «Мэйкер» ЖШС тау-кен өн­діруші кәсіпорындар үшін ғана емес, басқа да өнеркәсіпшілер үшін де қосалқы бөлшектер дайындап, бес мыңнан астам өнім түрін шығаруға қол жеткізген. Негізгі тапсырыс бе­руші «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС болғанымен, зауыт басқа қа­зақ­стандық компаниялармен де іскерлік қарым-қатынас жасайды. Бұ­дан бөлек, соңғы уақытта шет мем­лекеттерден де ынтымақтастық туралы ұсыныстар келіп түсіп жатқан көрінеді. Мұның өзі кәсіпорынның менеджменттік жұмысты да дұрыс жолға қоя білуінің нәтижесі деп сеніммен айтуға болады.

 

ҚАРАҒАНДЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Астана қаласының прокуроры ауысты

Тағайындау • Бүгін, 11:35