Жүйені енгізуге жүйелі әзірлік
Кеншілер астанасында Е.Біртанов облыста міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге әзірлік барысын талқылаған жиынға қатысып, жаңа жобаның ерекшеліктері туралы айтып берді.
Аталған жүйе еліміздің басқа өңірлерінде 2020 жылдың басынан бастап іске қосылатын болса, Қарағанды облысында медициналық маңызды жоба осы жылдың 1 қыркүйегінен жұмыс істейді.
Жобаны сынамалы режімде Қарағанды облысында енгізу туралы шешімнің қабылдануы тегін емес. Неге десеңіз, мұндағы медициналық мекемелердің түгелге дерлігі кешенді медициналық ақпараттық жүйеге көшірілген. Яғни, бұл емделушілердің диагноздары, тағайындалған дәрі-дәрмектер мен рәсімдер туралы барлық деректер бірыңғай қорда сақталады деген сөз. Міне, осындай дайын дүниенің нәтижесінде өңірде МӘМС жүйесін енгізу оңайға түсетін түрі бар.
Министр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қыр-сыры туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі.
– МӘМС дегеніміз – қорда жинақталған қаражат есебінен сақтандырылған азаматтарға ғана көрсетілетін медициналық қызметтердің қосымша пакеті. Бұл топтамаға томография, салалық мамандардың кең ауқымды кеңес беруі, тегін дәрі-дәрмек тізімін ұлғайту сияқты қызметтер кіреді. Бүгінгі таңда біз әрбір үшінші рецептуралық дәрі-дәрмекті бюджеттен төлейміз. Бірте-бірте мұның барлығы тегін немесе субсидиялаумен берілетін болады, – деді ол.
Жалпы, медициналық сақтандыру жүйесін тестілік режімде енгізуге республикалық бюджеттен 2,3 млрд теңге қарастырылған. Жүргізілетін сынақ жүйедегі барлық кемшіліктерді анықтауға және оны 1 қаңтарға дейін жедел түзеуге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жобаны басқаруға 2,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы 175 мыңнан астам адамға жүрек-қантамыр жүйесі, қант диабеті, глаукома және вирустық гепатит ауруларын ерте анықтау үшін алдын алу мақсатындағы тексерулер жүргізуге жеткілікті. Сонымен қатар инсульт, инфаркт, ауыр жарақат немесе күрделі ота жасаған адамдарға медициналық оңалту қызметі де қолжетімді болады.
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенде, бұл азаматтарға бұдан бұрын көрсетіліп келген тегін медициналық қызметтердің күшін жоймайды. Мұндай қызметтер қатарына жедел жәрдем шақыру, ауруханаға шұғыл жатқызу және басқалары енеді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында Қарағанды облысының тұрғындарына жылына 5,6 млн теңгенің қызметі көрсетіледі деп жоспарланған.
Айта кету керек, бүгінде Қарағанды облысы бойынша жұмыс істейтін 549 мың азамат міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне жарна салған. Төлемдердің жалпы сомасы 15,4 млрд теңгені құрайды.
Жиын барысында облыс әкімі Ерлан Қошанов жобаны іске асыру әзірлігінің жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Емхананың жақсысы – жаяу баратыны
Е.Біртанов Қарағанды қаласындағы №8 емхананың тыныс-тіршілігімен танысты. Жұмысын былтыр бастаған емхана 11 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді.
– Әр ауысым сайын 200-ге жуық емделушіні қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Мұнда 8 учаскенің жетеуінде жалпы тәжірибе дәрігерлері және біреуінде терапевт жұмыс істейді, – дейді емхананың бас дәрігері Маргарита Засухина.
Медициналық мекемеде УДЗ-диагностикасы, емшара және егу кабинеттері, күндізгі стационар, дәріхана бар, зертханалық талдаулар алынады. Тіркеу орны қажетті компьютерлік техникамен жабдықталған, навигациялық жүйе орнатылған. Эндокринолог, кардиолог, аллерголог және басқа да мамандар жұмыс істейді. Барлық жабдықтар заманауи талаптарға сай.
Емделушілердің бірі Ирина Филиппова емхананың тұрғындар үшін жаяу келуге қолайлы екенін айтты.
– Жақын маңда емхана ашылғанын естіген бетте бірден осында келіп тіркелдім. Бұрын дәрігерлерден көмек алу үшін автобуспен алысқа баруға мәжбүр болатынмын. Қазір жағдай басқаша, маған бәрі ұнайды. Ең бастысы, емхана тура үйіміздің жанында, жаяу барамыз! Тәжірибелі және білікті мамандар кез келген мәселе бойынша көмек көрсетеді. Емхананың барлық жабдығы жап-жаңа, – дейді ризашылықпен қала тұрғыны.
Бас дәрігердің айтуынша, келешекте медициналық мекеме 30 мыңға жуық адамға қызмет көрсете алатын деңгейге шығуды жоспарлап отыр екен.
Кадрға керегі баспана
Бұдан кейін министр Елжан Біртанов, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев Абай қаласына барып, 13 жас дәрігерге жиһазбен және қажетті тұрмыстық техникалармен жабдықталған ведомстволық пәтерлердің кілтін табыс етті. Бұл мамандардың барлығы қаладағы орталық ауруханада қызмет ететін болады. Баспаналы болған жас мамандардың арасында төрт жалпы тәжірибе дәрігері, екі педиатр, екі анестезиолог-реаниматолог, онколог, травматолог-ортопед, офтальмолог, нефролог және неонатолог бар.
Министр жас мамандарға қолдау көрсетіп отырған облыс әкіміне алғысын жеткізді. Өңір басшысы Ерлан Қошанов дәрігерлерді ведомстволық баспанамен қамтамасыз ету өңірде кадрлық тапшылықты әжептәуір төмендетуге мүмкіндік бергенін айтты.
– Бүгінгі таңда Абай қаласына 13 жас маман келді. Осы арқылы бұл қаладағы медициналық кадрға деген тапшылықты толық жаба аламыз. Бүгінге дейін дәрігерлерді 100-ден астам пәтермен қамтамасыз еттік, – деді облыс әкімі.
Еске салсақ, бұған дейін Саран мен Шахтинск қалаларында жас дәрігерлерге ведомстволық пәтерлер берілген болатын. Мұндай тәжірибе биылдың өзінде медициналық жоғары оқу орындарының 458 түлегін жұмысқа тартуға мүмкіндік берді. Солардың 81-і ауылдық жерлерде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Тұрғын үйге мұқтаж барлық жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау басқармасы алдағы үш жылда 281 пәтер беруді жоспарлап отыр. Ал жылдың соңына дейін тағы 27 дәрігер баспанаға ие болады.
Кардиооңалту ғұмырды ұзартады
Сапарының соңына қарай Е.Біртанов Қарағандыда мемлекет-жеке меншік әріптестік негізінде салынған кардиологиялық оңалту орталығының ашылу салтанатына қатысты.
Бұл медициналық мекеме 70 орынға арналған және жүрегінің ақауы бар емделушілерді оңалту үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Орталықтың штатында 55 адам бар, оның 16-сы дәрігерлер.
Облыста былтырғы және 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша кардиологиялық оңалтуға жылдық қажеттілік 1284 адамды құраған. Ал үшінші кезеңде бұдан да асып, 1512 адамға жетеді деген болжам бар екенін айтады «Тұлпар» Кардиооңалту орталығы» ЖШС директоры Баян Екіжанова.
– Біз миокард инфаркты мен кардиохирургиялық ота жасатқан адамдарға көмек көрсетеміз. Бізге №2 қалалық ауруханадан емделушілер ауысатын болады, олар бізде жеті күн ем алады, – деді ол.
Министр оңалтудың көптен бері тиісті деңгейде қаржыландырылмай келген сала екеніне өкініш білдірді.
– Бұл – адамдарды қалпына келтіретін қызмет түрі ғана емес, шын мәнінде бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің өте маңызды құрамдас бөлігі. Кардиологиялық бағдарламаны іске асыру аясында біз жүрек-қантамыр жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендетуге қол жеткіздік. Менің ойымша, толыққанды оңалту бұл көрсеткішті жақсартуы тиіс. Медициналық сақтандыру аясында осы көмекті енгізу өте жақсы нәтиже беретіндігіне сенімдімін, – деді Е.Біртанов.
Жаңа орталық қыркүйектің басынан бастап алғашқы емделушілерді қабылдай бастайды. Мамандардың айтуынша, жылына 1800-ден астам адамға оңалту көмегін беру жоспарланған.
P.S. Жұмыс сапарының соңында министр БАҚ өкілдерімен кездесіп, МӘМС жүйесі туралы кеңінен әңгімелеп берді. Мысалы, ол аталған жүйенің 50-ден астам мемлекетте қолданылатынын, соның ішінен елімізге тиімдісі таңдалып, жобаның «қазақстандық үлгісі» жасалғанын айтты.
– Бұған дейін МӘМС жүйесін енгізу дұрыс жүргізілмей, дағдарысқа ұшырағаны белгілі. Жарнаны биыл жұмыс берушілер аударатын болады. Келесі жылдан бастап жұмыскерлердің жалақысының 1%-ы аударылады. Мемлекет пен халықтан қаржы түсіп, медициналық сақтандыру қоры молайғанда, барлық медициналық мекеме осы жүйе арқылы халықты тегін емдейтін болады, – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр шетелдік үлгілердің ерекшеліктері мен бұрын кеткен кемшіліктер ескеріліп, ұзақ жылдарға арналған жұмыс жоспары жасалғанын хабарлады.
Қарағанды облысы