Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2019

Қарағандыда Жолдауды талқылауға арналған актив жиналысы өтті

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облыстық әкімдігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған міндеттерді орындау жоспарын талқылаған актив жиналысы өтті.

Қарағандыда Жолдауды талқылауға арналған актив жиналысы өтті

Жиында сөз сөйлеген өңір басшысы Ерлан Қошанов алдағы іс-қимыл бағыттары туралы айта келіп, мемлекеттік қызметшілердің халықпен жедел байланысына, қауіпсіздікті нығайтуға, экономиканы дамыту жоспарына баса бас мән берді.

– Биылғы жылы біз Қарағандыда бірыңғай үйлестіру орталығын іске қосамыз. Барлық келіп түскен өтініштер талданады және олардың орындалуы қадағаланады. «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Open akimat орталық модулінің бірі болады. Бұл бізге халықтың сұранысына жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Аталған бастамамызды мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңестер қолдайды деген үміттемін. Бірақ біздің жұмысымыздың басым бағыты адамдармен көзбе-көз кездесулер болуы тиіс, ол – еңбек ұжымдарына, ауылдарға, аулаларға бару деген сөз, – деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар облыс әкімі қауіпсіздік деңгейін арттыруға цифрлық технологиялардың көмектесетінін атап өтті. Қазіргі таңда облыста бес мыңға жуық сыртқы бақылау камерасы, 27 жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеу жүйесі жұмыс істейді. Сондай-ақ «Тұрғын үйлердің кіреберістері үшін бұлтты бейнебақылау» жобасы енгізілуде. Азаматтардың құқықтық тәртіп органдарымен қарым-қатынасы ыңғайлы болуы үшін полиция бөлімшелерінде фронт-кеңселер ашылуда.

Облыс әкімі инвестиция тарту жөніндегі жоспарлар туралы да айтып өтті. Жақын арада жобалар пулы 2 трлн теңгеге дейін өспекші. Бүгінгі күнге дейін жалпы сомасы 1,5 трлн теңгеге инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға келісім-шарттар жасалған.

Ерлан Қошанов, сонымен қатар, инклюзивті білім беруді дамыту жөнінде тапсырма берді. Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған тағы екі оңалту орталығы, 6 инклюзивті қолдау кабинеті мен түзету кабинеті ашылады.

Облыс әкімінің айтуынша, биылғы жылы жалпыға міндетті білім беру қорына көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға көмек көрсету үшін бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген. Алдағы уақытта бұл сома өседі екен.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еріктілер сөз сөйледі. Мысалы «Менің үйім» дағдарыс орталығының негізін қалаушы Светлана Гаркуша жеке өз басына педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық және жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін жазаны күшейту туралы тапсырманың ұнағанын айтты.

– Менің зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер және балалармен жұмыс істеу тәжірибем бар. Біздің орталық күрделі жағдайда қалған адамдарға кешенді қолдау көрсетеді. Өз бақылауым бойынша айтайын: зорлаушылар көп жағдайда өз істеріне өкінбейді және жақындары мен туған-туыстарын да аямайды, – деді ол.

Актив жиналысына қатысушылар медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, шағын және орта бизнесті, туризмді, ауыл шаруашылығын және облыстағы еріктілер қозғалысын дамыту мәселелерін талқылады. 

 

 

Қарағанды облысы