Әдебиет • 06 Қыркүйек, 2019

Жазу – өмір тынысы

1231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жазу – ең бірінші өмір сүруден, ұна­тудан, сосын барып танылудан тұр­са керек. Өнер мен әдебиетке ең басты қажет қағида: әрине талант, бі­лім, шеберлікке құштарлық, сосын зор еңбек.

Жазу – өмір тынысы

Әдебиет пен өнер жолы – қиын жол. Әркім танымал болғысы және оған біреудің таңданғанын қа­лайды. Тіп­ті ғасырлар бойы шы­ғар­­масы қол­­дан түс­песе де, әр жазушының бұл арманы орындала ма жоқ па, еш­кім кепілдік бермес еді. Дегенмен, әр қаламгер өзі өмір сүрген дәуір кел­бе­тін жазуы керек. Келесі ғасырға кім жетуі мүмкін? Ең дұрыс шешімді үнемі болашақ қа­былдайды. Бүгін көп оқылған шы­ғарма ертеңгі күні де өлмес мұра болады деген сөз емес.

Түркияның ең танымал ақыны Яхья Кемал айтады: «Адам ойла­ған­ша өмір сүреді...».

Ойлау, талдау және жұмыс... Бұ­лар жазушы зертханасына міндетті та­лаптар. Жалпы әдебиет, жазу немесе жаратылыс нені білдіреді? Біз неге жазамыз? Мұның мәні неде?

Осы сұрақтарға қысқаша сипаттамалармен жауап берейін: ең әуелі сұлулыққа жету үшін жазамыз. Бұл әдемі анықтаманың метафоралық ма­ғынасы бар. Жазу белгілі бір ма­ғы­нада, өлмес құндылықтарға апаратын басқа жол... Жазу – бұл өмір тынысы.

Адамда екі аспект бар: дене және жан... Жазу – осы екеуінің ортақ жемісі. Дене өледі, ал жан өлмейді. Автор үшін мәңгілік өмір: таланттың, жұ­мыс­тың, ізденістің және шығар­ма­ның берік үйлесімі.

Өнер мен әдебиет – бұл салыс­тыр­малы ұғым. Бірақ көпшілік оны шығармаға айналғаннан кейін ғана бағалайды. Қаламгер бақилық болса да, шығармалары өмір сүруін жал­ғас­ты­ра береді.

Поэзия дегеніміз не? Нақты анық­­­тама жоқ, бірақ миллиондаған анық­­та­­­малардың ішіндегі менің сүйікті сөзім: Поэзия – сөзбен әдемі пішін­дер құрастыру өнері.

Әлі күнге дейін мен жазып жүрген, бірақ жарияламаған өлең­дерім көп. Жо­ға­­рыда айтқан­дарымның бә­рі­не сүйе­не отырып, менің түйіп ай­та­­­рым, ақын өмір сүргенін білу үшін жазуы керек... Жазу – тыныс алу­ға тең келетін құндылық. Жазу – ма­хаббаттың ең үлкені. Бұл баланы­ дүниеге әкелу сияқты болар еді, бірақ жазбай және шығармай шығар­ма­шы­лық күй кешу дегеніңіз ол – жанымыз да денемізбен бірге өлу. Ал біз үшін абсо­лютті өмір жолы ол – өлең.

Мехмед Нури ПАРМАҚСЫЗ,
ақын (Түркия)