Жергілікті билік телім иелерімен соттасып, аудандық сот істі мемлекеттің пайдасына шешіп берген болатын. Алайда кәсіпкерлер үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Сондықтан соттың ұзақ қаралатын түрі бар. Енді екі жақты даудың кесірінен құрылыс тағы сағызша созылып, жұрттың ұзын-сонар кептелісте тұруына тура келеді. Айта кетсек, Алматы маңындағы жол айырықтың құрылысы 2017 жылдың соңында басталған. Мамандардың есебіне сүйенсек, жол қозғалысы тығыз қалаларда көлік жүргізушілер жылына 45 күнін кептелісте жоғалтады екен. Кептелістер уақыт пен ақшаның соры ғана емес, денсаулықтың да жауы. Ақ халаттылардың айтуынша, кептелісте жиі, әрі ұзақ тұру өкпе ауруларының туындауына әкеліп соғады. Оның үстіне, мамандар астма ауруымен ауыратындар үшін кептелісте тұру тіпті қауіпті екенін ескертеді. Сондай-ақ, жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы мен стресс кептелісте ұзақ уақыт тұрудың салдарынан болады. Жол-көлік оқиғалары, әсіресе, кептелістен көз ашпайтын «Алтын Орда» базары маңында жиі тіркеледі. Жол біршама кеңейді, аспалы өткел салынғанмен, кептеліс күрделене түспесе, жеңілдеген жоқ. Алматы қаласына келіп жұмыс істейтін Қарасай, Жамбыл аудандарының тұрғындары бар, халқының саны екі миллионға жетеғабыл Алматы қаласынан арзан азық-түлік іздеп базарға ағылатын ел бар, сағаттап жылжымайтын тығыннан талайдың жүйкесі сыр берді.
«Қазіргі уақытта сот шешімімен берілген сомасымен келіспеген себептен, 3 автокөліктерге жанармай құю станцияларының жер учаскелері мемлекеттік мұқтажы үшін алу бойынша материалдары сот органдарында қаралуда. Екеуі Алматы облыстың сотының апелляциялық алқасында және біреуі ҚР Жоғарғы сотында қарау барысында. Сот отырыстары аяқталып, шешімі шыққаннан кейін тиісті жұмыстар жүргізіледі», деді Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Дүйсен Әздеров журналистермен кездескен кезде.
Алматы