Руханият • 09 Қыркүйек, 2019

Гүлдер неге көріктімін демейді?

896 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін назарларыңызға жас ақын Алпамыс Файзолланың бір топ жаңа өлеңін ұсынып отырмыз. Алпамыс – жаңа заман жыршысы. Оның бойындағы бағалап айтатын ең ерекше қасиет – Алпамыстың ағылшын тіліне жетік сауаты. Әлем әдебиетін түпнұсқадан оқып қана қоймай, қазақ тіліне көркем тәржіма жасап жүрген жас ақынның талабына сәттілік тілейміз.

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА – 1995 жылы 6 наурызда Орал қаласында дүниеге келген. 2016 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін, 2018 жылы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың филология факультетінің магистратурасын тәмамдаған. Өлеңдері «Ақ желкеннің ұландары», «Жауқазын жылда гүлдейді», «Өлмес өлең» т.б. жастар жинақтарына енген. Көптеген республикалық байқауларда жүлдегер болған.

Гүлдер неге көріктімін демейді?

***

Таулар неге алыппын деп айтпайды?

Жұлдыз неге жарықпын деп айтпайды?

Емен неге берік діңім демейді?

Гүлдер неге көріктімін демейді?

 

Биіктігін бұлдамайды көк неге?

Қызуымен мақтанбайды от неге?

Естен шықпай Жаратқанның жарлығы,

Құл екенін сезіне ме барлығы?

Тау

***

Қателіксіз адам сынды күнəсіз,

Ізгі амал жасар кезде бұғасыз.

Жер ғұмырын аяқтауға түбінде,

Бір топанның келетіні шүбəсіз.

 

Біреу соған алып кеме жасауда,

Біреу шағын қайыққа ағаш қашауда.

Ал біреуде еш дайындық жоқ бірақ,

Топан келсе, жер табар ма қашарға?!

 Нұқ

ГАУҺАРТАС

 Ғашықтық бітпес дастан ғой,

Жырлайды ақын нар текті.

Жүрегім менің – аспан ғой,

Аспаным кенет жарқ етті.

 

Кеудемде өлең өріліп,

Жанарды арбап жауһар тас.

Алатау жақтан көрініп,

Сәулесін шашқан Гауһартас.

 

Жүрек-аспаным жарқ етті,

Сәулеңнен сенің, Гауһартас.

Амалым құрып, хәл кетті,

Әуреңнен сенің, Гауһартас.

 

Құлақ сал мендік тілекке,

Өлең боп лаулап жанайын.

Гауһартас, сені жүрекке,

Тәж қылып тағып алайын.

 

Өзіне мені шақырды,

Алаудан ыстық асығым.

Қинама енді ақынды,

Сарыла күткен, асылым...

гауһар

ФУТБОЛ АЛАҢЫ

 

Туған жердің сай-саласы, алабы,

Өткен шақты жиі есіме салады.

Біздің үйдің арт жағында, Оралда,

Бола-тұғын үлкен футбол алаңы.

 

Қанша айды, қанша жылды зырлатып,

Балалықты алдық сонда ұрлатып.

Доп тебуден шаршамайтын едік біз,

Кетсе-дағы қас қарайып, күн батып.

 

Сол алаңға мен жыл сайын келемін,

Сағыныш пен қиялға ерік беремін.

Бір сары бала жүреді ылғи доп ойнап,

Бірақ оны тек мен ғана көремін.

 

Жетелесе, жалыны мен оты алға,

Алтын кездік қап түбінде жатар ма?

Бір кездері ойын қуған сол бала,

Ой қуып жүр қазір басқа шаһарда.

 

Балғын шақтың әрбір сәті, күні – бақ,

Еске алсам, жан-жүрегім жылымақ.

Бағытталған доп секілді қақпаға,

Балалығым өтіп кетті зымырап...

 футбол

***

Бала кезде көрген емен қайғы ойлап,

Еске аламын жүзім бал-бұл жайнай қап.

Жүгіруші ек көктегі ұшақ соңынан,

«Бізді өзіңмен ала кет!» деп айғайлап.

 

Балалығым қанша қыр мен бел кезді,

Аңшы қуған аңдай менен ол безді...

Ержеткен соң талай ұштым ұшақпен,

Бірақ әлі сағынамын сол кезді.

 

Куә қылып жер мен жеті қат көкті,

Келмеске енді сол ғажайып шақ кетті.

Ал ұшақтар өзіменен бізді емес,

Біздің қайран балалықты ап кетті...

ұшақ

ЖАТАҚХАНА

Болашақтан - бейтаныс, ұрпағымыз,

Босат деп тұр орнымды,

Естідің бе?!

Мұқағали Мақатаев

Сан мұңайтқан, қуантқан һәм күлдірген,

Өзіңе жат боларымды кім білген?!

Жатақханам, төрт жыл тұрған тұрағым,

Саған келіп бөтенсіреп тұрмын мен.

 

Жаным аңсап осында өткен күнімді,

Тоймай іштім сағыныштай шырынды.

Өзің тұрсың, қайда бірақ қатарым?

Маған таныс жүздер қайда бұрынғы?

 

Біздің жастық қанатын кең жайғанда,

Жүруші едік тоймай сауық-сайранға.

Бүгін басқа буын кепті, күй кештім –

Шығып қалған балықтайын қайраңға.

 

Қас қағымда құйып өтер жауындай,

Уақыт жүйрік өте шығар дауылдай.

Қатарым жоқ,

Жатақханам көріндің –

Өзі көшіп, жұрты қалған ауылдай.

 

...Сезінгенде ауырлығын жүгімнің,

Ақылымның айтқанына жығылдым.

Жатақханам, саған келіп бүгін мен,

Уақыттың тым баянсызын ұғындым.

алпамыс