Қоғам • 09 Қыркүйек, 2019

Борышы кешірілмегендер қайда жүгінеді?

1765 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

26 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың борыш жүктемесін азайтып, оларға уақтылы көмек көрсету мақсатында №34 Жарлыққа қол қойып, борышы кешірілетін кісілердің алты санатын айқындаған болатын. Соған сай 15 шілдеде Үкіметтің №520 қаулысы жарияланып, 2 қыркүйекке дейін бұл шараны аяқтау айтылған еді. Өткен аптадан бастап борыштарын мемлекет жауып берген кей азаматтар қай санатқа жататынын білмей аң-таң қалса, кейбір шын мұқтаждардың қарызы мұрты бұзылмаған күйде қалып отырған сыңайлы.

Борышы кешірілмегендер қайда жүгінеді?

Ең алдымен Президент Жарлығында көрсетілген әлсіз топтың қайсысына жататыныңызды айқындап алуыңыз керек. Олар – көп балалы отбасылар; асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар; мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар; атаулы мемлекеттік əлеуметтік көмек алатындар; жетім балалар; ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, 29 жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар. Екіншіден, несиеңіз кепілсіз болуы шарт. Үшіншіден, биыл 1 маусымға дейінгі қайтарылмаған берешегіңіз 3 млн теңгеден аспауы тиіс. Ал төртіншіден, негізгі борыш пен оған есептелген сыйақысы 300 мың теңгеден аспауы керек. Егер осы төрт талаптың барлығына сай келіп, бірақ мемлекет борышыңызды кешірмеген болса онда сіздің мәртебеңіз туралы ақпарат орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде жоқ дегенді білдіреді. Халыққа осындай ақпарат таратқан Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бұл азаматтардың 111 call-орталығына және 8(7172) 743220, 750179, 750178 телефон нөмірлеріне хабарласып, өз санаттарын айтуды сұрап отыр.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоғарыда көрсетілген санаттағы азаматтардың тізімі орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде жүзеге асырылған. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігі жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған балалардың, 23 жасқа дейінгі студенттердің тізімін ұсынған. Әділет министрлігі «Азаматтық хал актілерінің жазбалары» ақпараттық жүйесінде ерлі-зайыптылар немесе ата-аналар бойынша өзекті азаматтық хал актілері (неке және туу туралы) бойынша мәліметтерді тексеруді жүзеге асырған. Осылайша министрлік 2 миллионнан аса адамның тізімін Ұлттық банк пен Мемлекеттік кредиттік бюроға берген. Ұлттық банк кредиті жоқ, жалпы қарызы 3 млн теңгеден асатын, берешектері коллекторлық ұйымдарға берілгендерді тізімнен алып тастады. Сөйтіп 630 633 қарыздар мен микрокредиттер бойынша берешекті өтейтін 506 941 борышкердің тізімі жасалған.

«Жарлық пен Ұлттық банкінің критерийлеріне сәйкес келуі тиіс азаматтардың тізімде болмауының басты себебі – мәртебесі туралы деректердің орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде болмауында. Атап айтқанда, АХАЖ ақпараттық жүйесіне неке немесе балалардың тууы туралы жазбалардың болмауы жиі кездеседі. Осыған байланысты кредиті бар азаматтар отбасы құрамынан, яғни Жарлыққа сәйкес келетін санаттардан шығып қалады. Бұл қатарда асыраушысынан айырылуына байланысты төлем алатын отбасылар; мүгедек балалары бар отбасылар; 18 жастан асқан бала жасынан мүгедек балалары бар отбасылар; атаулы әлеуметтік көмек алушылар сияқты басқа санаттағылар да болуы мүмкін. Кейбір көп балалы отбасының мемлекеттік органдарға жәрдемақы алу үшін жүгінбеуіне және ешқандай ақпараттық жүйеге енбеуіне байланысты туындап отыр. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесінде 4 мыңнан астам жетім бала және кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айрылған 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бойынша мәліметтер жоқ» делінген баспасөз хабарламасында.  

Егер тізімде болмасаңыз банк бөлімшелеріне немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына сабылудың қажеті жоқ. 111 call-орталығына хабарласып өзіңізбен қоса отбасы мүшелері туралы ақпаратты бересіз. Бұдан кейін мемлекеттік органдар сіз туралы ақпаратты тексеріп, аталған алты санаттың біріне кіретініңіз анықталса тізімге қосады. Бізге осылай түсіндірген 111 call-орталығының операторы Жанна бұған ұзаса бір ай уақыт кететінін айтты. Ал Ұлттық банктің шартына сай келуіңіз – екінші мәселе.

 Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»