Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан машина жасаушылар одағымен бірлесіп әзірлеген мемлекеттік бағдарламаның алғашқы кезеңі 2024 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Оның 2030 жылы аяқталатын екінші кезеңінде өндіріс көлемін 3,5 есеге (2018 жылмен салыстырғанда), еңбек өнімділігін – 3,3, экспорт көлемін 1,5 есеге арттыру көзделген. Сөйтіп, қаржылық өсім 3,5 трлн теңгеге, экспорт көлемі 1080 млн долларға дейін ұлғаймақ. Kapital.kz порталы келтірген дерекке жүгінер болсақ, айтулы бағдарлама аясында отандық кәсіпорындарды өзіміздің шикізатпен қамтамасыз ету, сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру, техникалық реттеуді жетілдіру және экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізу қолға алынып жатыр.
Осы орайда өңдеуші өнеркәсіпті даму институттары мен екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырудың әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмағанын атап өту керек. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің бас қаржы операторы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі тарапынан 2017 жылы көлік құрастыру саласына қарастырылған 2 трлн теңгеден астам қаржының тек 6,6% ғана өңдеу өнеркәсібіне бағытталған.
Олқылықты жою мақсатында, тиісті жол картасына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жанынан Өнеркәсіпті дамыту қорын құру бағдарламасы енгізілді. Мұндай қолдау қорлары Ресей, Беларусь, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдерде нәтиже беруде. Жоба жүзеге асырылған жағдайда, қор жылдық 1-4% мөлшерлеме бойынша несие беретін жағдайға жетеді. Оның лизинг жобаларының пайыздық мөлшерлемесі 1%-ды құрайтын болады. Қазақстандық қор ресейлік үлгіні ұстанған жағдайда, қаражат станок жасау, конверсия, жинақтау бұйымдарын өндіру, еңбек өнімділігін арттыру өнеркәсібін цифрландыру мақсатына жұмсалуы тиіс.
Министрлік өкілдерінің мәліметінше, Өнеркәсіпті қаржыландыру қорының қызметі ерекше тиімді болмақ. Өнеркәсіпті қолдау жұмыстары бір ұйымда шоғырландырылып, мемлекеттік қолдау тиімділігінің нақты мониторингі мен талдауы жасалады. Қордың қуатын республикалық бюджеттің игерілмеген қаражатын беру арқылы күшейту де ұсынылып жатқанын айта кетейік. Қазіргі жоспар бойынша оны қолдау екі бағыт бойынша жүргізіледі. Өнеркәсіпті қаржыландыру қоры жобаны 50 %-ға дейін қаржыландырады және құйылған қаржыны нарықтық есеппен субсидиялау көзделген.
Қостанайлықтарға қолайлы
Машина жасауды дамыту жөніндегі жол картасында отандық өнімді экспорттаушы кәсіпорындар үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл орайда ресейлік тәжірибе негізге алынып, кәсіпорынды өнім көрсеткішіне сай дифференциялық әдіспен қуаттандыру көзделуде. Атап айтқанда, қосымша құн салығын төлеуден босатылып, отандық өндірушілерге қажетті шикізат жеңілдетілген бағамен ұсынылатын болады. Аталған шаралар жүзеге асырылған жағдайда, салаға жаңа инвесторларды тартып, кәсіпорынның айналым капиталын жетілдіруге қосымша қаржы табуына мүмкіндік тумақ. Сондай-ақ өндіріс қуатының жылына 80-100 млрд теңгеге өсуін қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Машина жасау ісінде отандық қамту үлесін арттыру бойынша биыл Тобыл өңірінде 13,0% өсім қамтамасыз етілгенін атап өтелік. Барлығы 113,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өсімге негізінен жеңіл автомобиль құрастыруды – 2,2 есе, жүк көлікті – 65,6%, комбайн құрастыру көлемін – 70,2% ұлғайту арқылы қол жеткізілді. 2018 жылы өңірдегі кәсіпорындарда 11 766 жеңіл автомобиль құрастырылса, биылға арналған жоспарда 25 мыңнан астам көлік құрастыру көзделген. Былтыр желтоқсанда СМС (China National Machinery IMP. & EXP. CORP) автомобильдерін импорттау мен экспорттау бойынша Қытайдың трансұлттық мемлекеттік компаниясының Аллюр компаниялар тобының капиталына енгені жоспардың жүзеге асырылуына оң ықпал жасайды.
Үкіметтің осы тектес бонустарына ие болған бизнеске өндірісті жаңғырту, өнім көлемін ұлғайту мен өнімнің жаңа түрлерін игеру ғана қалмақ. Нәтижесінде, жаңа жұмыс орындары құрылып, өндіріс ауқымы кеңейеді, экспорттық әлеуеті артуы тиіс. Үкіметке керегі де осы.
Шикізат – шетелден
Машина жасауды дамыту жөніндегі бағдарламасында өндірістің металл құю, ұстаханалық, қалып жасау іспетті салаларына ерекше назар аударылған. Жол картасы шеңберінде Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс және Батыс аумақтарында осы бағытта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар негізінде жаңа өндіріс ошақтарын құру арқылы базалық өндірісті жетілдіру жоспарланып отыр. Осы бағытта атқарылар жұмыстар өндіріс көлемі мен еңбек өнімділігінің кемінде 2 есе өсуіне, сондай-ақ экспортты 1,2 есе арттыруға ықпал етпек. Алайда, саланың алға басуына қолбайлау болатын мәселелер де бар. Айталық, машина жасаушылардың металға деген сұранысы жылына 2 млн тоннаны құрайтыны белгілі. Оның 200 мың тоннасы ғана отандық өнім. Қалған темірді қазақстандық кәсіпорындар Ресей мен Қытайдан алдыртуға мәжбүр. Бағдарлама осы олқылықты да жоюға тиіс.
Жол картасында дуальды білім беру жүйесін жетілдіру мәселесі де қарастырылған. Бағдарламаға сай, көлік құрастыру саласына қажетті мамандық иелерін оқыту немесе өндірістік сынақтан өткізу шығынын мемлекет (70%) пен жұмыс беруші (30%) көтереді. Мамандардың пайымдауынша, мұндай қадам кәсіпорын жұмысына жергілікті тұрғындарды жұмылдыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ өңірлердегі жұмыссыздық пен кадр тапшылығын жоюы тиіс.
Білім және ғылым министрлігінің соңғы мәліметтеріне жүгінер болсақ, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығына биылғы талапкерлердің арасында сұраныс біршама жоғары екен. Осы мамандықты таңдағандардың үлесі машина жасау мамандықтарына түсушілердің жалпы көлемінің 44,6%-ын құрайды. Сонымен қатар «Дәнекерлеу ісі» (22%) және «Темір жол жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету» (9,1%) мамандықтарына сұраныс артқан. Жалпы, әлемдегі беделді 10 кәсіптің дені көлік құрастыру ісіне қатысы барын атап өткен жөн. Қазақстанға да осы үрдіс біртіндеп еніп келе жатқаны байқалады.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ,
журналист
ҚОСТАНАЙ