Аймақтар • 10 Қыркүйек, 2019

Абай ауданындағы алғашқы бассейн

597 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Зайсанда немесе Күршімде суға жүзуден жарыс өтті» десе Шығыста ешкімнің таңғалмасы анық. Ал «Абай ауданында суға жүзуден сайыс ұйымдастырылды» десе көпшіліктің «Не дейді? Абайда қайдағы су?» деп таңдана сауал қоюы әбден мүмкін.

Абай ауданындағы алғашқы бассейн

Иә, Абай ауданы туралы бекерге сөз қозғап отырған жоқ­пыз. Былтыр аудан орталығы – Қарауыл ауылында Шәкәрім Құдайбердиевтің 160 жылдық мерейтойында Абай ауданының тарихындағы тұңғыш бассейн салтанатты түрде ашылған-ды.

Жақында шежірелі өлкеге жасаған жұмыс сапары барысында бассейнді арнайы барып көрдік. «Бұл бассейн облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен салынған. Ол кісі ауданға бір келгенінде: «Шалғайда жатқан ауыл балалары қаланың балаларынан кем болмауы керек. Сондықтан заманауи бассейн саламыз» деп ел алдында уәде берген болатын. Көп жерлерде бассейндердің ұзындығы 25 метр болғанымен жолақтар саны аз. Ал Қарауылдағы бассейн бес жолақты. Қала стандартына сай жасалынған. Бассейнді салуға облыстық бюджеттен 262 миллион теңге қаржы бөлінді», деді бізді бассейнге бастап әкел­ген Абай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлан Сағадиев.

Біз бассейнге келгенде жат­тықтырушылар жұмысқа әлі келмеген екен. Алайда бізді бассейн­нің кіреберісінде қар­сы алған, осында оператор-лаборант болып жұмыс істейтін Дана Сайлауханқызы абай­лықтарға таңсық ғимарат жайлы әңгімелеп, нысанның ішін аралатып көрсетті. Мұнда бес жолақты бассейннен бөлек монша, жаттықтырушылар бөл­месі, жаттығу залы, зертхана қа­растырылған. «Мен зертханада жұмыс істеймін. Су құрамын күніне бірнеше мәрте тексеріп отырамыз. Өскемендегі орталық бассейнге арнайы барып, ондағы зертхананың жұмысымен танысып қайттық. Бұл бассейнге балаларды 6 жастан 15 жасқа дейін қабылдаймыз. Түске дейін, түстен кейін екі мезгіл бір сағат суға түседі. Биыл мамыр айында аудан тарихындағы суға жүзуден тұңғыш жарыс өтті. Мұндай сайысты бұрын-соңды көрмегендіктен бәріміз қызыға тамашаладық. Менің бі­луімше, осындай бассейн облысымызда Зайсан мен Абай ауданында ғана бар» деген Дана Сайлауханқызы бассейнге ересек адамдар кешкілікте ақылы түрде түсетіндігін жеткізді.

Бассейнге облыс орта­лы­ғы – Өскеменнен арнайы жат­тық­тырушылар шақыры­лыпты. Ерлі-зайыпты Жанат пен Меруертке «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы баспана беріліп, көтермеақы төленіпті. Қарауылдың бала­ларын суға жүзуге баулып жатқан жаттықтырушы, Зайсан ауданының тумасы Меруерт Телемедиева бұған дейін Өс­кемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика сарайында жұмыс істеген екен. Биылғы оқу жылының соңында өткен жарысқа 30-ға тарта бала қатысып, еркін және шалқалап жүзу әдістерімен 25 метр қашықтықта бақтарын сынап көріпті. «Алғашқы жарыс болғаннан кейін 25 метрді жөн деп шештік. Суда емін-еркін жүзіп, техника қалыптастыру үшін кем дегенде бір-екі жыл уақыт керек. Болашағынан үміт күттіретін талапты, ынталы балалар бар. Оларды жаңа оқу жылынан бастап біртіндеп Өскемен мен Семейде өтетін жарыстарға қатыстырамыз», дейді Меруерт.

Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы,
Қарауыл ауылы