Әлем • 16 Қыркүйек, 2019

Рухани жаңғыру және Елбасы феномені

1312 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаевтың манифест және рухани жолдау сипатындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы «Қазақстанның ұлттық коды» ретінде тарихта қалды. Бұл мақаланың басты мақсаты – жаңғыруды, әсіресе қоғамдық сананың жаңғыруын қамтамасыз ету екені анық. Н.Назарбаев осы мақаласында өткеннің, бүгіннің және келешектің көкжиектерін бірлестіретін ұлттық жад туралы айтады. Осы мақсатта Қазақстан азаматтары әлем жұртшылығымен бәсекеге түсе аларлық ерекшеліктерге қол жеткізуі тиіс. Ал мемлекет бұған жетекшілік етеді.

Рухани жаңғыру және Елбасы феномені

Елбасы өз мақаласында «Прагматик адам қандай болуы тиіс?» деген сауалға жауап береді. «Өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай білу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кер­деңдікке жол бермеу, ұстамдылық, қанағатшылдық, үнемшілдік және қа­рапайымдылық» осындай адам үлгісінің басты ерекшеліктері болып табылады. Осы орайда, түркиялық ойшыл Жемил Меричтің «сабырлық пен төзімділікті» кемел адамның басты ерекшеліктері ретінде көрсеткенін еске сала кеткен жөн.

Елбасы Н.Назарбаев ұлттық жаңғыру үшін жершілдік пен тамыр-таныстық дертінен құтылу керектігін, мұның орнына ұлттық бірегейліктің кодтарын сақтаудың маңызын баса көрсетеді. Сонымен қатар «отансүйгіштік (патриотизм)» және «туған жер (атамекен)» ұғымдарының осы ұлттық жаңғырудағы біріктіруші рөлі туралы айтып өтеді. Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерін естен шығармай, қолдау көрсеткісі келетін кәсіпкерлердің, шенеуніктердің, зиялы қауым өкілдері мен жастардың басын қосу керек. Қазақ тілі міндетті түрде білім беру жүйесінде жетекші рөл алуы тиіс. «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен тануы керек» деген Нұрсұлтан Назарбаев мағына әлемінде қазақтың ұлттық кодтарына арқа сүйейтінін аңғартты. Осы жол картасына байланысты түпкі тарихи тамырларға оралу мақсатымен Түркістан атауын қайта жаңғыртып, түркі жұртының рухани діңгегі түрленіп, түлей түсті.

Н.Назарбаевтың ұлттық жаңғыру мен рухани жаңғыру мақсаты тек Қазақстан ғана емес, аймақтағы елдер, тіпті қазір дегенерация қаупі төніп тұрған батыс қоғамдары да үлгі аларлық көптеген ұстаным мен қағиданы ұсынады. Бұл тұрғыдан алғанда мақаладағы «Қа­зақ­станның ұлттық жаңғыруы» деген сөздің орнына «Түркі әлемінің ұлттық жаңғыруы» деп жазылса, түбі бір тамырлас елдер үшін де қолдануға боларлық, әмбебап мазмұнда екені ашыла түсері анық.

Рухани жаңғырудың жалғасы іспетті 2018 жылдың 21 қарашасында «Еге­мен Қазақстан» газетінде жарияланып, оқыр­манға жол тартқан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың көшбасшылық қы­рын айқындай түседі. Бұл мақаладағы көзқарастар мен ұстанымдар, мақсат-межелер мен жобалар тек қана Үкімет бағарламасы не болмаса бір сәттік анықтамалар емес, сатылы өркениет қалыптастыру жүйесін бүкіл әлемге паш еткен мәлімдеме іспеттес. Мақаланың идеясы және баяндау стилі арқылы өз кеңістігінің деңгейінен асатын, жаңа ғасырдың қажеттіліктеріне жауап бере алатын жалынды, тарихи декларация деуге толық негіз бар. Сол себепті, қазақ даласы енді ұлы мақсат-мұраттар жолында жаңа бір күш-қуатпен өрлей түседі.

Бұл бағдарламалық мақала қазақ тарихындағы маңызды құжат болып саналатын Тәуке ханның атақты «Жеті жарғысын» да еске түсіреді.

Ұлы далаға ерекше мән берген аталмыш мақаланы егжей-тегжейлі талдау керек болса, Н.Назарбаевтың ең алды­мен Қазақстан тарихына қатысты кейбір деректерді қайтадан қарауды қа­жет деп тапқанын аңғаруға болады. Сол арқылы бүгінгі Қазақстан тер­риториясында өмір сүріп жатқан халық­тардың, мәдениеттердің, болған оқиға­лар мен факторлардың кеңістік пен уақыт тұрғысынан негіздерін ортаға салады.

Әсіресе, ең басты екі мәселені негізге алған тарихи бағдар назар аудартады. Біріншісі, түпкі құндылықтармен қауышып, ұлттық тарихқа біртұтас көзқарас қалыптастыру. Бұл жерде қазақ тарихының басталу нүктесі кеңістік (ел, территория) және өзгеше мәдениеттер мен өркениеттердің өзара ықпалдасуы негізге алына отырып белгіленген. Осылайша барлық түркі әлемінің қадым замандардағы маңызды мемлекеттері мен өркениеттері Қазақстан тарихымен байланыстырылады. Ғұндар мен сақтар туралы айтылуы түркі мемлекеттері мен халықтарының әлемге Қазақстан даласынан тарағаны жөніндегі ой-пікірдің негізін көрсетеді.

Н.Назарбаев бір бағдарламада аталмыш мақаланы жазу себебін былай деп түсіндірген еді: «Балаларымыз «Сен­дер қайдан шықтыңдар?» десе, дұ­рыстап жауап бере алмайды. Біздің ұлы тарихымыз бар екенін жастарымыз білу керек. Тарихымызды сақтардан, ғұн­дардан, ұлы түркі қағанатынан бастау керек. Біз сол кезден бері қарай келе жатырмыз. Сондықтан өскелең ұрпақ осының бәрін білсін деп жаздым. Біздің қадым заманнан үзілмей жалғасып келе жатқан терең тарихымыз бар. Бүгін ғана аспаннан салбырап түскеніміз жоқ. Біз үлкен тайпалардың, халықтардың, үлкен империялардың ұрпағымыз деп жастарымыз айтып жүрсін деген мақ­сатпен жаздым осы мақаланы». Бұл тұрғыдан алғанда, мақа­ла діттеген мақ­сатына жетіп келеді.

Екіншіден ‒ оқиғаларды саралап, өзгені түсіну. Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында сынға алған еуроцентристік көзқарас жалпы алғанда «еуроцентризм» ұғымы негізінде пайда болған. Даму, гүлдену және демократиялану секілді ұғымдарды тек Батыстан шыққан деп түсіндіруге тырысу Назарбаев айтып өткен дала өркениетінің келешек­ бағдарына әрине қайшы ке­леді. Да­мыған, ашық қоғам құру жо­лындағы Қазақстанның назар аударуы тиіс мә­селені былайша түсіндіреді: «Бізде де артығымен демократия немесе одан да жоғары тұрмыс деңгейі бар. Сол себепті біздің ережелерімізді еш қар­сылықсыз қабылдауыңыз тиіс деген  көз­қарастардан бойымызды аулақ салуы­мыз керек».

Елбасы қазақ елінің Батыс пен Шы­ғыс арасындағы рөлін жете біледі, сондықтан Қазақстан Батыспен жақсы байланыс құрады, бірақ өркениеттің тек Батыстан туындағаны жөніндегі жалпы көзқарасқа көзсіз қосылмайды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Ұлы дала ерекшелік­терін баса көрсеткен кезде келтірген мысалдарын мұқият таңдап алғанын көруге болады. Бұлардың ең бастысы – темірді қорыту, жылқыны алғаш қолға үйрету және атқа міну мәдениеті. Мұның табиғи жалғасы ретінде үзеңгі, ер, ауыздық, жауынгерлердің киімі мен қазіргі шалбар дүниеге келгені белгілі. Сондай-ақ алғашқы сауытты салт аттылардың да сол кезеңде тарих сахнасына шығуы, бес қаруын сайлаған құдіретті жауынгердің пайда болуы қазіргі әскер тарихы тұрғы­сынан да маңызды.

Дала, жылқы және қазақтар... Мұның елді танытуға, туризм әлеуетіне үлкен үлес қосары анық. Сонымен қатар, мақалада қазақ даласының бір брендіне айналған Алтын адамның жанынан табылған күміс кесе туралы айтылуы тарихи кезеңнің қатпарларын тереңге тарта түседі. Ал қызғалдақ пен алма түр­лерінің отаны ретінде қазақ даласын көрсетуі – елдің табиғат пен өрке­ниет арасындағы жарасымдылығын айшықтай түседі.

Лидер ретінде Н.Назарбаев Ұлы дала­ның жеті қырын көреген мақсаттар­мен келешекке жеткізуді көздейді. Осы се­бепті ең алғаш ойына алған тарихи және принциптік негіздегі маңызды жобаларды мемлекет пен халық игілігіне ұсынады. «Архив-2025» деген атпен ел территориясына тиесілі туындылар мен деректерді бір жерге жинақтау көзделіп, осы мәселеде цифрлық форматқа кө­шіру жұмыстарына үлкен мән береді. Архив деректерінің барша жұртқа қол­жетімді болуы және бастауыш мек­тептен бастап білім беру жүйесіне ен­гізілуі Қазақстан территориясында жаңғырған ұлттық сипатқа көшу про­цесінің бір көрінісі болады. Сол се­кілді Әл-Фараби, Ахмет Ясауи және Күлтегін секілді ұлы тұлғалардың ес­керткіштері, оларды саябақ, көрме, кітап секілді, т.б. құралдармен әлемге танытуға деген ұмтылыс кең-байтақ түркі кеңістігіндегі елдерді бір-біріне байланыстыра аларлық үлкен әлеуетке ие. Түркі әлеміндегі ынтымақтастықтың даланың басты ерекшеліктері ретінде сипатталуы Қазақстанның жақын келешекте осы салада маңызды қадамдар жасауға дайындығын көрсетеді. Түркі өркениетінің түп-тамырларын зерттеуде ең үлкен біріктіруші кілт болып саналатын тілдік жақындасуды дүниежүзілік Түркология конгресі аясында жобалауы да ерекше атап өтерлік қадам болып табылады. Википедия үлгісінде ортақ энциклопедияның Қазақстанның модераторлығында жүзеге асырылатыны да елдің туыс елдер арасындағы жетекші рөлін көрсетеді.

Түркі ынтымақтастығының да бас­тауында тұрған қадірлі Елбасы Ұлы даланың қайта өрлеуі мағынасына келетін бұл игі қадамдарды: «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту ‒ еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деген сөздермен тұжырымдайды. Рас сөз.

Қазақстан бүгінде биікке беттеп барады. Рухани жаңғыру арқылы тарихпен жүздесіп, бүгінмен қалыптасып, келешекке батыл қадам жасауда.  Бұл жаңа кезең Қазақстан үшін жаңа ынты­мақтастық үдерістің жолын ашып, тамырлас жұрттар үшін де құтты болары анық.        

 Күршад ЗОРЛУ,

профессор, Түркиядан арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін