Қоғам • 16 Қыркүйек, 2019

Әженің арқасы

1445 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шаужайына оралып әке-шешесінен айрылғысы келмей тұрған шолжаң немересін әжесі әуелі алдаусыратып шақырып алар еді. «Әй, мынаны көрдің бе, дейді қалтасында жүрген умаждалған орамал, түйме, жіп, тарақ секілді мидай араласқан бір уыс заттың ішінен қағазы мыж-мыж болып ақжемделіп, суреті әрең көрінетін ескі кәмпиттің шетін жылтыратып шығарып жатып, жүр, сен екеуміз Күріш апаңның үйіне барып кетпенін сұрап әкелейік».

Әженің арқасы

Қатқан кәрі сүйек денесін немересінің алдында тосып, бір уыс болып шөгіп, иіле қалады. Арқалайтын ишара байқатып, еңкейе беріп, оң қолын иығынан асыра, сіңірленіп кеткен тарамыс қолдарымен он келідей болатын еркесінің білегінен уыстай оп-оңай жоғарыға қарай тартып тұрып серпе көтеріледі: «ә-ә-у-п, бісіміллә». Арқаға мінудің рахатын көріп қалған кішкентай қу да шандыр мойыннан шап беріп, тасқа жабысқан қына, әлде сүлік секілді жылы денеге жабыса түсіп, өзін шексіз жақсы көретін адамның жүрегінің дүрсілін тыңдап, иісін сезініп, дүниедегі ең жақын адамы екенін жанымен сезіп бара жататын. Бүгінгідей емес, кешегі күнгі әже мен немеренің арасындағы байланыс нәзік әрі берік болатын. Олардың арасындағы жанның қылымен жалғанған көзге көрінбес тым етене байланыс көбіне-көп осы арқа арқылы орнайтын. Кішкентай кейуананың сұрақ белгісіндей бүгілген белі бір үйдің бармақтай үмітін ғана емес, болашақ еліне қызмет ететін тау тұлғалы азаматын ауырсынбай арқалап бара жататынын қалай ұмытайық...

Бұл бүгінгі орта жасқа келіп қалған буын­нан жоғары барлық үлкендеріміздің басынан өткен таныс жағдай. Әкенің мойны мен әженің арқасы – қазақ баласының алтын тағы еді. Кейінгі кезең немересін арқалап, найқала басып келе жатқан әжені көлегейлеп жібергенін сезбей де қалған екенбіз. Сирек те болса, немересін арқалап бара жататын әжелер қалада да бар еді, қазір қала түгілі, даладан да кездестіру қиын-ау. Бала арқалаған апаны соңғы рет кім қайдан көргенін есіне түсіре алар ма екен?

Баланы көтерудің де ұлттық ерекшелігі болатынын кейінгі жылдары жақсы байқап жүрміз. Үнді фильмдерінде сариге оранған әйел баласын бір қолымен орай, бүйір ойығына отырғызып көтереді. Ал Вьетнам, Лаос, Сингапур және бүкіл Африка, Латын Америкасы әйелдері балаларын қалыңдау келген ұзын матамен иығына айқастыра байлап, арқасына таңып алады. Көшелерімізде жүретін месхеттік түрік әйелдері керісінше, дәл сондай көлдей орамалмен баласын кеудесіне орап таңып алып жүретінін көреміз. Шаруа істеуге бейім шығыс әйелдері өмір сүретін азиялық елдің бәрінде де осы әдіс – бала анасының омырау тұсына байланады. Ал қазақ анасы – арқалайды. Бала көтерудің әр ұлтта әрқалай болып қалыптасуының өзіндік себебі де бар болса керек, бірақ бәріне ортақ бір пайдалы артықшылығын атап өтпеске болмайды.

Бүгінде дәрігерлер жамбас ұршығы дұрыс жетілмей дисплазиямен туған балалардың аналарына арнайы медициналық белдікпен немесе арнайы тігілген «кенгурумен» көтеруді тапсырып жатады. Ал әлгі африкалық, үнділік әйелдерше арқаға таңып алып, біздің әжелеріміз секілді баланың аяғын алшақ ұстап арқалау ақаумен туғандар үшін нағыз керекті әрі пайдалы әдіс екен. Арқалау әдісі қалыптаспаған елдерде балалар арасындағы туабітті жамбас сүйектің жетілмеу сырқаты жиірек тіркелетіні белгілі болып отыр. Еуропада бұл сырқатқа белдік жүйесі арқылы көмектесетін «кенгуру» бекер ойлап табылған жоқ. Мұндай диагноз тым көбейіп кеткендіктен және медициналық жіңішке белдіктер сәбидің балғын етін қызартып, қиып түсетін болғандықтан заманауи үлгіде ойлап табылған тың тәсілге бүкіл жас аналар риза болғанымен, оны әлі де жетілдіре түсу керегін айтып дабыл қағып отыр.

...Сөйтіп ауылдың бар қарадомалағы 4-5 жасқа келгенше әжесінің арқасында жүретін. Мінгесіп алып жүрудің ғанибетін екеуі ғана біледі. Балдан тәтті баланың былдырлаған тілімен қойылатын қызық-қызық сұрағына әжесі ерінбей жауап беріп, тіпті арасында бабаларынан бері тартып өз өмірінің хикаясын шертіп беретін ол, ешқашан кішкентай тәттісінің танымын өсіріп келе жатырмын деп ойламайтын да. Тілі ерте шығып, сөзді тауып сөйлеп, әңгіменің түбін түсіріп айтатын осы балалар еді. Кім келін түсірді, кім шөмелесін үйді, кімнің үйіне қонақ келіп жатыр, кімнің бақшасына бұзау түсті, қай үйдің наны тәтті – өзі ойында жүрсе де, бір көзі ересектердің тіршілігінде жүретін бала ертерек естияр тартып, ауыл-үйдің арасындағы қайнап жататын еңбекті көріп, өзі де еріксіз естілікке қадам жасай бастайтын.

Төрт аяқты сүйретпе арбаның түр-түрі шыққаннан кейін бірте-бірте әжелердің арқасы да ұмыт бола бастады. Арба немерені арқадан ажыратты. Ізінше әже мен немере арасындағы жүрекпен байланысқан жылылық салқын тартты...