Экономика • 16 Қыркүйек, 2019

Қазақстандағы машина жасау: 2000 жылдан бері өндіріс көлемі 24 есе артты

65 реткөрсетілді

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Машина жасау — еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының басым саласы. Индустрияландыру бағдарламасын іске асырған жылдары машина жасау ең серпінді дамыған салалардың біріне айналды: ондағы өндіріс көлемі 3 есеге жуық өсті және 2018 жылы 1 трлн теңгеден асты. 2019 жылы жоғарғы өсу қарқыны сақталып қалды. Саладағы өсу алғышарттары, сондай-ақ жалпы дамуы туралы Primeminister.kz-тің шолу материалынан оқыңыздар.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлағандай, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырған жылдары машина жасау саласында 276 млрд теңгеге жуық сомаға 114 жоба іске асырылып, 11 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

2000 жылдан бастап Қазақстанда машина жасау өндірісінің көлемі 24 есеге өсіп, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 трлн теңгені құрады.

10-15 жылда сала құрауыш және қосалқы бөлшектерді өндіруден түпкілікті өнім түрлерін шығаруға көшті: тепловоздар, электровоздар, жолаушылар және жүк вагондары, жүк және жеңіл автомобильдер, автобустар, астық жинайтын комбайндар, сорғы жабдықтары, лифттер және басқа да жоғары технологиялы өнімдер.

Жаңа өнім түрлері пайда болды: локомотивтер, трансформаторлар, коммуникациялық жабдықтар, оптикалық приборлар, электронды детальдар өндірісі, электр жарықтандыру жабдықтары және т.б.

 

Автоөнеркәсіп пен теміржол машина жасау белсенді дамыды, ауыл шаруашылығы, электр техникасы, тау-кен және мұнай-газ машина жасау салалары едәуір жаңартылып, күшейтілді.

Саланы дамытуға Alstom, General Electric, СМС–JAC Motors, Hyundai және басқалары тәрізді ірі трансұлттық корпорациялар тартылды. Экспортқа арналған өнім шығару желісі кеңейтілді (автомобиль өнімдері, мойынтіректер, вентиляторлар, аккумуляторлар, трансформаторлар, локомотивтер).

Қазақстан қосылған құнның жаһандық тізбегіне табысты кіріге бастады. Мәселен, «Силумин-Восток» ЖШС қуаттылықтарындағы Schneider Electric электр техникалық өнімдер өндірісі, «Алматы желдеткіштер зауыты» ЖШС-ында LG Electronics желдеткіш жабдықтарын шығару. 

Кооперациялық байланыстарды дамыту үшін биыл сәуір айында Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында Бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Онда «Камаз» ЖАҚ, «Петербург трактор зауыты» АҚ және басқаларымен бірқатар бірлескен жобаларда кооперация орнатуды қарастырады.

Ағымдағы жылы сәуір айында «Hyundai» маркалы жеңіл автомобильдер шығаратын «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС жаңа зауытының алғашқы іргетасы қаланды. Қытайлық серіктестермен ынтымақтастық аясында шиналар мен двигательдер өндіретін зауытты іске қосу жоспарланған, бұл біздің елімізде автокомпонентті базаның дамуына бастау болады.

2018 жылы Қазақстанда 6 мыңнан аса жеңіл автомобиль өндірілген. Олардың жартысы басқа елдерге экспортқа жіберілді, атап айтқанда — Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан.

Қазақстандағы машина жасау: қазіргі жай-күйі

2019 жылдың 8 айында елімізде 30 мыңға жуық автомобиль құрастырылған. Аталмыш кезеңнің қорытындылары бойынша машина жасаудағы өндіріс көлемінің өсуі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 18% құрады. Сала құрылымында машина жасаудың ішкі салаларының арасында жоғары өсу динамикасын автомобиль жасау саласы көрсетіп отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда автокөлік құралдарының барлық санаттары өндіріледі. Елімізде 167 автомобиль моделі құрастырылады, оның ішінде 39 – жеңіл модель, 22 – әлемдік бренд.

Екі бесжылдықта автомобиль жасау Қазақстанның машина жасау саласының драйверлерінің біріне айналды. Ірі торапты құрастырудан (DKD) ұсақ торапты құрастыруға (CKD) көшу қолға алынды. Мысалы, шанақтарды дәнекерлеу мен бояу бойынша технологиялық операциялар енгізілді. 2010 жылдан бері өндіріс көлемін 8 есеге арттыру мүмкін болды (2010 жылы 4 мың бірлік болса, 2018 жылы 32 мың бірлікке дейін). Жалпы машина жасау көлеміндегі автомобиль өнеркәсібінің үлесі 2010 жылы 4% құраса, бұл кезеңде 19,2%-ға жетті.

Электротехникалық машина жасау секторы машина жасаудағы басқа секторлармен салыстырғанда, аса тұрақты өндіріс динамикасымен және өндірістің тереңірек жергіліктендірілуімен сипатталады. Сектордағы ірі ойыншылар — Қайнар-АКБ, Alageum Electric, Казцентрэлектропровод, Казэнергокабель басым бөлігі экспортқа кететін бәсекелі өнімдер шығарады.

Қазақстандағы теміржол, ауыл шаруашылығы, тау-кен және мұнайгаз машина жасауда отандық кәсіпорындар электровоздар, локомотивтер, вагондар,тұтас таптамалы дөңгелектер, тракторлар, комбайндар, ауыл шаруашылығы техникаларын, мұнай сервистік компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылар үшін түрлі жабдықтар шығарады.

Аталған салалар өндірісте роботтандырылған дәнекерлеу кешендерін (Индустрия 4.0 элементтерін) пайдаланумен сипатталады. Саланың көрнекті мысалдары: «Проммашкомплект» ЖШС, «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС, «Мэйкер» ЖШС, «Жігермұнайсервис» ЖШС, «Өскемен арматура зауыты» АҚ және т.б.

Ауыл шаруашылығы машина жасау секторында 2018 жылдан бері өндіріс өсімі байқалып отыр, оған өнімді өткізу кезінде ҚҚС төлеуден босату тәрізді мемлекеттік қолдау шаралары ықпалын тигізді.

Темір жол машина жасау саласы индустрияландырудың соңғы жылдары белсенді дами бастады. Сонымен қатар тау-кен машина жасау саласында өндіріс көлемінің ұлғаюы байқалады, бұл бұрғылау және қазбаөткіш машиналар үшін қосалқы бөлшектер өндірісінің өсуімен байланысты, олар тау-кен машина жасау құрылымында 73% құрайды. Машина жасау өнімдерінің көп номенклатурасын импорт алмастыру есебінен мұнай-газ машина жасауды дамыту үшін зор әлеует байқалады.

Жалпы, машина жасау саласында экономиканы дамыту бойынша жоғары әлеует бар. Машина жасау өнімдерінің импорты $13 млрд-ға жуықты құрайды. Бұл ретте отандық өнім өндірісінің көлемі $3 млрд-тан сәл асады.

Жол картасы: отандық машина жасауда еңбек өнімділігінің өсімі 2 есеге ұлғайды

«Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Президент Қ. Тоқаев еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттыруды тапсырды. Сонымен қатар Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салықтық, қаржылай және әкімшілік ынталандыруды қамтумен өнімділігі жоғары орта бизнесті қолдау бойынша шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды.

ҚР Машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасында Жолдаудың аталған тармақтарын іске асыру бойынша шаралар бар екенін атап өткен жөн.

Биыл маусым айында ҚР Премьер-Министрінің Өкімімен ҚР Машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. 

Бұл құжатты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ-мен бірлесіп әзірледі. Жол картасы орташа мерзімді перспективаға машина жасау саласын дамытудың стратегиялық болжамы болып табылады.

«Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ мәлім еткендей, Жол картасын әзірлеудің басты мақсаты — отандық машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және саланың экспорттық әлеуетін ұлғайту.

Жол картасында қолдау шараларының кешенді пакеті қарастырылған, онда отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету шаралары, сатып алуларда жергілікті қамту үлесін арттыру, техникалық реттеу шараларын жетілдіру, экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізу қамтылған.

Атап айтқанда, Жол картасының негізгі тармақтарының бірі — «Өнеркәсіптік саясат туралы» ҚР Заңын қабылдау. Бұл заң бүкіл ел аумағында орталықтандырылған және теңгерілімді өнеркәсіптік саясатты жүргізуге мүмкіндік береді, өнеркәсіпке мемлекеттік қолдау көрсету үрдістері мен шарттарын жүйелендіріп, жеңілдетеді. Инвесторлар өнеркәсіптің өңдеуші салаларында жобаларды іске асыру үшін қосымша ынталандыруларға ие болады.

Бұдан өзге, Жол картасында Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жанынан Қазақстанның Өнеркәсіпті дамыту қорын құруға негіз болатын тармақ бар. Мұндай қорлардың Ресейде, Беларусьте, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде табысты жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.

Сонымен қатар қолданыстағы қуаттылықтарды жаңғырту мақсатында кәсіпорындар үшін салықтық артықшылықтарды енгізу, сондай-ақ отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін одан әрі өсіру ұсынылады. Дегенмен, құю, соғу, қалыптау тәрізді базалық өндірістерді дамытуға да едәуір көңіл бөлінген. Сала үшін негізгі болып саналатын Қазақстан өңірлерінде құю өндірісін іске қосу көзделген.

Қазақстан машина жасаушылар одағында тиісті қолдау көрсетілген жағдайда аталған іс-шараларды іске асыру отандық машина жасауда өндіріс көлемі мен еңбек өнімділігінің 2 есе өсуіне ықпал ететінін атап айтты. Экспорт көлемі бұл жағдайда 1,2 есеге артады.

Жол картасында барлығы 57 іс-шара қарастырылған, олар 11 бағыт бойынша бөлінген.

Соңғы жаңалықтар

Ең қысқа әңгіме. Төреғали Тәшенов

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Құдияр Біләл

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Мади Сырымбетов

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Қойшыбек Мүбарак

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Жәудір Нартай

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Әлібек Байбол

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Болат Шарахымбай

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Асхат Өмірбаев

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Күлкі керуені № 5

Руханият • Кеше

Меценаттың мырзалығы

Аймақтар • Кеше

Жазудың машақаты

Қоғам • Кеше

Әлемнің Әбдіжәмілі

Қазақстан • Кеше

Нан болса, ән болады

Қазақстан • Кеше

Белсене қатысу қажет

Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар