Саясат • 17 Қыркүйек, 2019

Мәжілісте «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы Конституциялық заңға түзетулер таныстырылды

175 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына түзетулердің таныстырылымы өтті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжілісте «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы Конституциялық заңға түзетулер таныстырылды

Құжат туралы Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндады.

Заң жобасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметін одан әрі дамыту мақсатында әзірленді. Қазақстанда инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасын қолдану ұсынылады.

Инвестициялық резиденттік бағдарламасы – қазіргі әлемде айтарлықтай кең таралған құбылыс және бүгінде резиденттік бағдарламасының екі түрін ұсынатын 80-нен астам осындай бағдарлама жұмыс істейді. Бірінші түрі – АҚШ, Канада, Испания сияқты елдерде, сондай-ақ Латвия мен Грецияда іске асырылып жатқан бағдарламалар, олар инвестициялардың орнына тұруға ықтиярхат береді. Бағдарламаның екінші түрі инвестициялық визаны және елдің салық резиденттігін алуды (яғни, инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасы) қамтиды.

Мұндай елдердің қатарында Италия, Швейцария, Кипр мен Ұлыбритания бар.

«Қазақстанда бағдарламаның екінші түрін – инвестициялық салық резиденттігін қолдану ұсынылады. Осылайша, заң жобасында «инвестициялық резидент» ұғымы мен инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы енгізу қарастырылған», деп атап өтті Берік Шолпанқұлов.

Оның айтуынша, Инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы АХҚО актісімен бекітіледі, бірақ міндетті түрде уәкілетті мемлекеттік органдармен, атап айтқанда, Ұлттық экономика, Сыртқы және Ішкі істер министрліктері, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісілетін болады. Бағдарламада инвестициялаудың көлемдері мен құралдары, инвестициялық салықтық резиденттікті алу рәсімдері анықталатын болады.

«Инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасының негізгі тұжырымдамасы – инвесторлар мен олардың отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына көпреттік кіру визасын алуға айырбастап, инвестициялар тарту. Әлеуетті инвесторлар АХҚО биржасында айналатын қаржы құралдары мен бағалы қағаздарға өз қаражаттарын инвестициялайтын болады», деп Б. Шолпанқұлов түсінік берді.

Сондай-ақ заң жобасы инвестициялық салық резиденттеріне Қазақстан Республикасынан тыс көздерден түскен кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеуден босатуды ұсынады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының ішінде пайда болған кірістерге Салық кодексіне сәйкес салық салынады, ал шетелден түскен кірістерге салық салынбайды.

Бұл өз салық шығыстарын оңтайландыруға талпынатын инвесторлардың мүдделері үшін жасалуда, осылайша ол елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Түзетулердің екінші блогы орталықтың қызметіне байланысты нормаларды нақтылайды. Салық кодексінде АХҚО («Астана» халықаралық қаржы орталығы) қатысушыларының қызметтері кірмейтін ҚҚС-тан (қосылған құнға салынатын салық) босатылған қаржы қызметтерін іске асыру бойынша айналымдар тізімі анықталған. Сондықтан заң жобасында АХҚО қатысушыларының қызметтеріне ҚҚС төлеуден босату қарастырылған.

Сонымен қатар, «Астана» халықаралық қаржы орталығының органдары сатып алу рәсімдерін реттейтін актілерді қабылдауға құқылы болады. Таныстырылымға Мәжіліс депутаттары, Ұлттық банк, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржы, Ішкі істер, Ұлттық экономика, Сыртқы істер министрліктерінің, «Астана» халықаралық қаржы орталығының Әкімшілігі» АҚ өкілдері қатысты.

Заң жобасы одан әрі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Дания Еспаева жетекшілік ететін жұмыс тобында талқыланатын болады.