Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2019

Жақсының қадірі жоғалмасын

221 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

1970 жылдардың басында Еуропалық музей және ғылыми ортада қалыптасып, бірте-бірте әлемдік дәстүрге айналған «Музей түні» жобасын бұрынғыдай жылына бір рет емес, ай сайын өткізіп тұру туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан енгізілгелі отырған ұсыныс музей қызметкерлерін тіксіндіріп тастады. Себебі бұл жобаның ерекшелігі түнде және міндетті түрде 18 мамырда Халықаралық музей күнінің құрметіне жылына бір-ақ рет ұйымдастырылады.

Жақсының қадірі жоғалмасын

Мақсаты – музейдегі бір жыл ішінде қол жеткен жетістіктер һәм мәселелер жөнінде көпшіліктің алдында есеп беру. Музей басшылығы құрылымдық ерекшелігіне қарай ең алдымен үлкен тақырып ойлап тауып, сол идеяның төңірегінде жыл бойы толғанып, көпшілікке тартымды болу үшін «ойнақы» формасын тауып, қызықты өткізудің жолдарын өзінше қарастыратын. Бұл музей үшін де маңызды оқиға ретінде қабылданып, қызметкерлерінің салтанатты сезінуінен музей ішінде мерекедегідей айырықша ахуал орнап тұратын.

Рас, түнде келіп музей тамаша­лау­дың әсері өте күшті. Күндізгідей емес, күңгірттеу жерде тұрған көне жәдігерге жан біткендей, ерекше кейіпте елестеп, тағылымы түй­сікті қозғайды. Кем дегенде ға­сыр­лық тарихы бар жәдігер немесе әлдебір шебердің шедевр туын­дысы елеусіз болып келіп, дәл осы түні жақыннан танылып, көзді арбап, есте мәңгі қалуы мүм­кін. Себебі музей қазынасы тамашалаған адам­ның бағалауымен, мақ­тануымен, тағы­лым алуымен ғана құнды. Мұндай акциялар жәдігерді мәдениеттің бір бөлшегі етіп қана көрсетпей, оны ауқым­дырақ, маңыздырақ етіп таныта түседі.

Алакөлеңкеде жүріп музейге сая­хат жасаудың әсері болғанымен, ол те­гіннен тегін туа салған дәс­түр емес. Адам аяғы сиректеу жүре­тін музейге тамашалап келе­тін­дердің қатарын көбейту, жай­шы­лықта жолы түсе бермейтін жұ­мыс­басты жандарды қызықтыру, музей танымалдылығын арттыра түсу сияқты игі мақсатты көз­дей­тіні айтпаса да, түсінікті. «Музей түнінің» музей туралы ескі стеоротиптерді сындырып, жаңа пішін қалыптастыра алатын қуатқа ие екенін ешкім жоққа шығармайды. Біріншіден, атқарушы билік орнымен келісілген бұл бір күндік акция тегін. Ал «тегін» деген сөзді естісе, елдің көбі елеңдеп, балға үйірсек арадай қанатын қағып қай бұрыштан болса да, ұшып келуге бар. Екіншіден, жаңалығы, ашық­тығы, қолжетімділігі келу­ші­ні қызықтырмай қоймайды. Қо­ғам­ның әртүрлі әлеуметтік тобы мен әр жастағы азаматтардың лек-легімен келіп жататыны алға­шын­да қуандырған-ды. Ел орын­ға отыр­ған­нан кейін, ымырт қараң­ғы­сында келіп, асықпай жүріп тарихпен танысқаны жақсы-ақ, бірақ балды көп жеген адамның жүрегі лоблитыны сияқты, мұндай мәнді шараның тым жиі ұйымдастырылуы бастапқы мақсатынан ауытқытып қана қоймай, музей әкімшілігі мен қызметкерлері үшін дайындықты, қажыр-қайратты қажет ететін жүгі ауыр жұмыс болатынын да қаперге алған абзал болар.

Қазақстанда 240-тың айналасында музей бар. Негізгі қордағы жәді­герлердің саны 2 397 246 дана­ны құрайды. Қазақстанның ең ірі бір музейінің барлық жәдігерін күн сайын тамашалау үшін әр адам жол шығынынан бөлек 8 ай уақы­тын жұмсайтынын да есептеп қойғандар бар екен. Тарихи мәні зор бағалы бұйымы мен құны қымбат жәдігері түгілі, сынық түйме, соқыр инесіне дейін жіпке тізіп, мемлекеттің байлығы етіп ұстап отырған елдерде музейге адам келтірудің мыңдаған тәсілі бар. Ал аталмыш іс-шараны ай сайын өткізу халықаралық мәнді де, әдемі дәстүрдің идеологиясына да, философиясына да, әсіресе этика­лық тұрғыдан да мүлдем кереғар қаре­кет болып шығады.

Қазақстандық мұндай қадам ха­лықаралық қауымдастықтың және ғылыми ортаның, тіпті қатар­дағы адамдардың да түсін­беу­ші­лігін туғызуы әбден мүмкін екені ескерілуі керек. «Музей түнінің» түнгі 21.00-ден таңғы сағат 3:00-ге дейін ұйымдастырылуы Еңбек кодексінің тиісті баптарына қайшы екенін, музей бас­шы­ла­рының қызметкерлерді жұмыс уақытынан тыс пайдалануға құқы жоқ екеніне назар аударғаны дұ­­рыс болар. Байқағанымыз, «Музей түні» болғанда Алматыда орна­ласқан еліміздегі ең ірі екі музейдің – Орталық мемлекеттік музейдің де, Ә.Қастеев атындағы Мем­лекеттік өнер музейінің үлкен-кіші қызметкерлері тайлы-таяғы қалмай екі аяғынан тік тұр­ып келушілерге қызмет етеді. Әрине, ең бастысы, жәдігерлердің қауіп­сіз­дігі үшін жанашырлықпен жұ­мыл­ды­ры­ла­ты­ны белгілі. Бірақ «Музей түні» ай сайын өтетін шараға айналса, олардың демалысына да нұқсан келіп, күнделікті атқаратын еңбек қарекеті тұраласа, жап-жақсы жоба аз уақытта маңызынан айырыл­май ма? Рухани өмірде үлкен орны бар, жылына бір келетін мазмұнды жобамен аңсап жүріп, сағынышпен қауыш­қанымыз қайта қадір-қасие­тін арттыра түсер еді ғой. Ең бастысы, қызметкерлердің де, келу­ші­лердің қауіпсіздік мәселесі ойландырады. Шараға қатысқан қыз­мет­керлерді үйіне арнайы көлікпен жеткізіп салу мемлекет тарапынан іссапарына да қаржы бөлінбейтін музейлерде қайдан болсын.

Негізі, айналысамын десе, «Музей түнінен» басқа да өзекті мәселелер шаш етектен. «Музей ісі» мамандығы жыл сайын Білім және ғылым министрлігі түзетін мамандықтар классификациясынан бірде алынып тасталып, бірде қайта қосылып, көрінеу көзге орнын таппай жүретінін байқаймыз. Театртану, кинотану, архивтану, кітапханатану секілді музейтанудың да іргелі теориялық-методологиялық және ғылыми мәселелерімен кімдердің шұғылданатыны белгісіз, басы ашылмаған күйі келеді.

Жиырма жыл бұрын Абы­лай ханның хаттарының сақтан­ды­рылмағанын айтып, дабыл қақ­қан­быз. Ұлттық байлық болып есептелетін хаттар ойда жоқта қолды болатын болса, Интерпол арқылы іздеудің де мүмкіндігі жоқ еді. Содан бері музейлік құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ететін соны технологиялық керек-жарақтармен қамтамасыз ету музей атаулының бәрінде жүз пайыз шешімін тапты деп айта алмаймыз. Осыған байланысты күні бүгінге дейін шешімін таба алмай келе жатқан мәселелердің бірі, ең болмаса ірі музейлердің жанынан тиісті ғылыми-өндірістік зертханалар құру жайы да қағазда көрсетілгенімен, кейінге қалдырылып келе жатқаны өкінішті. Кезінде Елбасы бекіткен Мәдениет туралы тұжырымдама бойынша музейлер ғылыми-зерттеу мекемесі ретінде де қызмет атқаруы керек еді. Бірақ бәрі қағаз жүзінде қалып қойған.

АЛМАТЫ