Қоғам • 18 Қыркүйек, 2019

Бетің ашылмасын

336 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өзім сүйіп оқитын «Egemen Qazaqstan» газе­тінде қазақ қоғамында жиі кездесетін неке­нің тұрақсыздығы, жас отау иелерінің қиын­дық­қа шыдамай тез ажырасуы, отбасылық құн­ды­лықтардың азаюы секілді шетін мәселелер кеңі­нен қозғалып, құнды пікірлер тоғысына арқау болып жүр.

Бетің ашылмасын

Шынында да, отбасылық қарым-қатынаста өнегелі тәлім-тәрбиенің, сабырлылық пен мінез ұстам­дылығының, әсіресе ене мен келін арасындағы ибалы, ізетті қарым-қатынастың орны бөлек. Тоқырау жылдарында халқымыздың ұлттық болмысын тайға таңба басқандай айғақтайтын осы бір көркем қасиеттен теріскей жақтарда түп-тамырынан ажырап, көз жазың­қырап қалсақ, енді осы олқылықтардың орнын тол­тырудың мүмкіндігі мол.

Шоқ-шоқ ақ қайыңдар баурайында орналасқан таза қазақ ауылында тұрғандықтан ба, отбасының асыл діңгегін нығайтуға қаратыла айтылған тілек-арнауларды көкейімізге түйіп өстік. Соның бірі – «бетің ашылмасын» деген жылы сөз санамда жатталып қалыпты. 1979 жылы болашақ жан жарым Зәуре екеуміз жүрек жарастырып, үлкендердің батасын алуға елге келдік. Кіндігім кесілген Үлгілі ауылы да, қайынжұрт Кіші Жамантұз да ашқұрсақ студенттерді құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алды. Қашан Қарағандыға жүріп кеткенше енем Тлеуке Асқарқызы ақыл-кеңесін Зауре екеуіміздің құлағымызға құйып бақты. «Өздерің сүйіп қосылған екенсіңдер, бақыт кілті өз қолдарыңда екенін әрдайым есте ұстаңдар. Татулық, сыйластық – бір-біріңе кешірімде. Екі жақты да ренжітпеңдер, дей келіп, қызының жүзіне барлай қарады. Сосын «Қонысбек баламның туған-туыстарымен сөзге келіп, бетіңді ашып алма. Түкке тұрмайтын керіс, дау-дамай түймедей нәрсені түйедей етуден тұтанып жатады» деген сөзді қатқыл дауыспен нығарлап айтты. «Үйге күйеу баласыз келуші болма» деп жəне қосып қойды. Мектепті ана тілімізде бітіргендіктен, сөз төркінін бірден ұқтық. Содан бері «беттерің ашылмасын» деген ұғым отбасымыздың өмірлік қағидасына айналды. Менің айтпағым, жеті сыныптық қана білімі бар, бірақ түйген-көргені мол анамыз халықтық педагогика тәлімін берік ұстанып, көз жұмғанша ұрпақтарының бойына сіңіріп өтті. Обалы не керек, Зәуре әлі күнге дейін туған-туыстарымды, жора-жолдастарымды қатты сыйлап, құрақ ұшып тұрады.

Енем – Зеренді өңірінің тумасы. 16 жасында қайын атам Асылбайға тұрмысқа шығып, жеті баланы бағып-қағып өсірген. Әкелері ауылдары қоңсы қонған, бірі-бірін ертеден білетін сыралғы жандар болған. Олардың темірдей тәртібіне көндігіп, қатаң сүзгісінен өткен. Алланың адамға берген ең үлкен нығметі – атақ та, мансап та, байлық та емес, иман. «Марқұм аналарың «бетің ашылмасын» деген сөзді жиі қайталаушы еді», деп айтудан қажылық парызын өтеп келген атамыз жалыққан емес.

Қазір ой елегінен өткізіп отырсам, кейде тәрбиенің төресі өткен уақыттың еншісінде қалып қойған сияқты көрінеді. Өйткені «бетің ашылмасынның» қадір-қасиетін сезінетін, парқын түсінетін ұрпақтың азайып бара жатқаны алаңдатады.

Қонысбек ЫБЫРАЕВ,
Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері

Солтүстік Қазақстан облысы