Әдебиет • 18 Қыркүйек, 2019

Халық өмірінің құбылнамасы

197 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бір ғасыр тарих үшін қас-қағымдай уақыт болса да басылымға аз мерзім емес. Алмағайып жылдар көрігінде кіндігін кесіп, «Еңбекші қазақ» аталып, балға мен төс арасында жаншы­лып қалмай шыңдалған газет әлеуметтік-қоғамдық құбылыстардың қара қаза­нында қайнап, шарболаттай шың­далды, шымыр шынықты. Одан тәй-тәй басқан жаңа жүйенің жүрек лүпілі естіліп, тарсылдап соғылған бес­жылдықтар балғасының дүрсілі келеді.

Халық өмірінің құбылнамасы

Түрксібте жүйткіген отарбаның дауысы мүлгіген даланы мәңгі мызғыған ұйқысынан оятқандай. Кешегі күркіреп өткен жаралы соғыс жылдарының жаңғырығы жатыр онда. Әрбір бейбіт күні ұлы күреспен ізденіске толы еңбек жолдары сайрап жатыр. Нұрлы із жалғасып келеді әлі. Уақыттың талабына қарай сәл иілуге де мәжбүр болған шығар. Бірақ, ол шорт сынбай, ешқашан биік парасатты ұстанымынан айныған емес. Әсіресе Абай, Мұхтар мен Қасым шығар­машылығына келгенде көп уақыт созбұйдалыққа салынып, сәл әлсіздікке жол бергендей. Әйтпесе«Социалистік Қазақстан» осы жылдар ішінде халық өмірінің құбылнамасы бола білді. Онымен біте қайнасты.

Мен газетке өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында шақырылдым. Басылымда Мамадияр Жақып, Нұртөре Жүсіп, Әділ Дүйсенбек, Қайнар Олжай, Нұри Муфтах сықылды қаламының желі бар сақа журналистер еңбек етеді екен. Бас редактор қазақ баспасөзінің кәнігі саңлақ сардары Шерхан Мұртаза. Бірден ұжымға тастай батып, судай сіңіп кеттім.

Жалаң сыпаттама, хабар-ошар мен сын-сықақ шығарып, насихаттап қана қой­май, газет кітап та басып шығаратын деңгейге көтерілді. Біраз ырғасудан кейін тұң­ғыш рет «Үш пайғамбар» (1992 ж.) дүниеге келді: Әбіш Кекілбаев Әйтеке туралы, Софы Сматаев Қаз дауысты Қазыбек хақындағы толғауын жазып беріп, олар қалың оқырмандардың рухи игілігіне ұсынылды. Мазасыз күндер өтіп, зуылдай берді. Редколлегия мүшелері жиналғанда тың ұсыныс, жаңа ойлар ортаға тасталып, көп ұзамай жүзеге асып жататын. Күрделі кезеңнің көп мәселелері көрініс тапты. Шал-шауқандар басқарған алып КСРО-ның соңғы дімкәс демі сезіле бас­тап, ақыры ыдырап тынды. «Маңдайына жазғандай «Қазақстан» болу керек еді. «Егемен Қазақстан» болып шыға келді. Бір лездемеде Тәуелсіздік алған Орта Азиядағы түгел түркі әлемі республика басшыларын сөйлету әңгіме арқауына айналды.

Түрікменстаннан Сапармұрат Ниязов, Қырғызстаннан Асқар Ақаев таңдап алын­ды. Маған Өзбекстан Президенті Ислам Әбдіғаниұлы Кәрімов тиді. Ізінше «Тес­кентаудың ар жағында бар жарық» атты көлемді сұқбат жарияланды. Бұдан «Егемен Қазақстан» өз еліміздегі жағдайды ғана емес, басқа туысқан мемлекеттердегі болып жатқан ірілі-ұсақты өзекті оқиғаларды қамтуға тырысатындығы байқалады. Мазмұн байыды, қанатын көкжиекке кең жайды. Шаңырақтан шұғыла шашырады.

Сыртта – ХХІ ғасыр. Оның да бестен бір бөлегі аяқталып келеді. Өмір өзгеріске толы. Алайда өкінішке қарай, қазақ журналистикасында тың тыныс сезілмейді. «Баяғы жартас – бір жартас.» Ескі таптаурын, қуатсыз сылдыр сөз, таяз таным жалаң ой, тар ұғым. «Қонақжай шаңырақтағы» («Дөңгелек үстел емес») әңгіме, сұқбат пен сырдың сықпыты қандай? Бір-біріне егіз қозыдай, соңында рахмет айтылуы керектей. Не үшін? Ол «сұқбаттас» сөзін халыққа қарата айтқан жоқ па? Қайта өзін толғандырған жайлардың ел-жұртқа жеткенінен риза болмай ма?

Бұрын жазбагер-журналистерді ҚазҰУ мен Қарағанды университетінде аса жауап­кершілікпен дайындайтын еді. Қазір қай жерде болса да зәру мамандарды есеп­сіз әзір­лейтін болды. Заңгерлер, есеп-қисап­шылар (экономистер) шектен тыс көп. Ұлт жастарын дұрыс бағыттап бағдар сілтеп отыратын ешкім жоқ. Жастарға қамқорлық білдіріліп, жана­шырлық жасалмайды.

Еліміздің бас басылымының бастауында Бейімбет пен Ғабит сияқты қазақ сөзі алып­тарының алғашқы тобы тұрды. Сондықтан да ол қымбат бізге. Қашан да «Егемен Қазақ­стан» Отанымыздағы игі істерге ұйытқы, ізгі ізденістерге бастамашы болса деген ой қылаң береді.

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН,
ақын, сыншы «Егемен Қазақстан» газетінің 1990-1998 жылдардағы
Әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі