Қоғам • 18 Қыркүйек, 2019

«Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті

633 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті

Жиынға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова,  Жапонияның Қазақстандағы елшісі Тацухико Касаи, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының көшбасшысы Олжас Сүлейменов, халықаралық қозғалыс мүшелері, Нобель сыйлығының лауреаттары қатысты.

Конференцияның ашылуында сөз алған Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова жиналғандарға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Бүгінгі құттықтауы мен ядролық сынақты тоқтатуға қосқан еңбегіне ризашылық білдірген ақын, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының көшбасшысы О. Сүлейменов Елбасы Н. Назарбаевқа қозғалыстың 30 жылдығына арнап шығарылған мерейтойлық медалін тапсырды. Сондай-ақ мерейтойлық медаль Мәдениет және спорт министріне де тапсырылды.

«Бүгінгі шара – қозғалыстың салтанатты мерейтойы ғана емес, қазақстандық қоғам мен барша адамзаттың бейбітшілік пен таза ғаламшар үшін күресінің маңызды кезеңі. «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы белсенділерінің, қоғамның арқасында 1989 жылға жоспарланған 18 ядролық сынақтың 11-і жасалмады.  Осындай күш-жігер мен батыл қадамдарыңызбен сіздер ғаламдық сананы өзгертуге үлес қосып,  бейбітсүйгіштік идеяның маңыздылығын іс жүзінде дәлелдедіңіздер», - деді Мәдениет және спорт министрі      А. Райымқұлова.  

1

Қазақ жерінде 1949 жылдан 40 жылдай ядролық сынақ жүргізілді. 450-дей сынақтың салдарынан радиациялық сәуленің күшті дозасын алған полигон маңындағы ауыл тұрғындары оның зардабын әлі күнге тартып келеді.    О. Сүлейменов 1989 жылы ядролық сынаққа қарсы «Невада-Семей» қозғалысын құру туралы үндеу тастады. Араға 2 жыл салып, Президент Н. Назарбаевтың жарлығымен полигон толықтай жабылды. Кейіннен 29 тамыз – халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітілді.