Президент • 19 Қыркүйек, 2019

Парасат пен тәжірибе ел сенімін нығайтады

371 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көптеген мемлекеттерде билік басына келген тұлғаның басқару тізгінін қолға алған күннен кейін өткен 100 күнін негізгі меже ретінде алып, оның нәтижесі бойынша басшының іс-әрекетін бағалау және саяси, әлеуметтік және экономикалық салалардағы аралық қорытындылар шығару дәстүрі қалыптасқан. Біз де осы әлемдік тәжірибеге иек арта отырып Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Президенті ретінде ант қабылдап, қызметіне кіріскелі 100 күн толғанына орай өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік.

Парасат пен тәжірибе  ел сенімін нығайтады

Мемлекет басшысы үш айдың ішінде 5 заңға қол қойды, сондай-ақ саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени салаларға қатысты 40 өкім мен 95 жарлық шығарды. Бұдан басқа, Президент орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, бизнес құры­лым­дар басшыларымен, азамат­тық сектор өкілдерімен және қоғамның басқа да топтарымен 140-тан астам іскерлік кездесу мен кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы қызме­ті­нің кейбір аспектілеріне тоқ­та­лар болсақ, саяси салада Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесін қа­лып­тас­ты­ру арқылы азаматтық секторды билікпен сындарлы сұхбат жасауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске неғұрлым нәтижелі назар аударуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ Қ.Тоқаев «Халық үні­­не құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдамасы аясында билік­те­гілерді халықпен байланыс орнату бойынша жүйелі жұмыс жүр­гі­зуге шақырды. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары виртуалды қа­былдау бөлмесі арқылы Прези­дент­ке тікелей жүгіне алады.

Тағы бір тоқтала кетер жайт, Пре­зи­денттің осы жылдың 2 қыр­кү­й­егінде жария­лаған Жолдауы Қа­зақстандағы әлеу­меттік-сая­си және экономикалық ре­фор­­ма­лардың нақты бағыттарын айқын­дау­­ға мүмкіндік берді.

Ал Президент тапсырмасына сәйкес қолға алынған мәселелер жөнінде сөз қозғар болсақ, бірінші кезекте партиялық құрылыс үр­ді­сін жалғастыру – елдегі көп пар­тия­лықты, саяси бәсекелестікті және пікір плюрализмін дамыту ісі ойға оралады. Бұл ұзақ мерзімді перс­пективада саяси жүйенің тұ­рақ­­тылығын қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Сондай-ақ митин­гі­лер туралы заңнаманы же­тілдіру, аза­маттардың еркін түрде өз ойын ашық білдіру үшін арнайы орындар бөлу бастамасы да маңызды.

Әлеуметтік саладағы өзекті мә­­се­­лелерді шешудің де бірқатар жол­­­дары назарға алынды. Нақ­ты­лай айтқанда, халықтың аз қамта­масыз етілген топтарына қарыз жүк­темесінің төмендеуі – бұл 500 мың аза­мат­тың әрқайсысының 300 мың теңге сомасы көлеміндегі несие бере­шегін өтеу.

Азаматтардың ерікті қызметке қаты­су­ын кеңейту мақсатында келесі жыл «Ерік­тілер жылы» болып жарияланды. Бұл азаматтық қоғамды нығайту жұмысының маңызды бөлігі.

Сонымен қатар келесі 4 жыл ішінде мұғалімдер жалақысын 2 есеге, 2020 жылдан бастап «Дип­лом­мен – ауылға!» бағдар­ла­ма­сын қаржыландыруды 20 млрд теңгеге дейін арттыру, алдағы 3 жыл ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер жасауға 58 млрд теңге бөлу көзде­лу­де.

Экономика саласына қатысты да жаңа міндеттер белгіленді. Биз­нес үшін қолайлы жағдай жасау мақса­тында мемлекет 2023 жылға дейін жұмыс берушілер тарапынан қосым­ша 5% мөлшерінде міндетті зейнетақы аударымдарын кейінге қалдырды. Сондай-ақ келесі 3 жылда шағын бизнес субъектілерін тексеруге салықтық жеңілдіктер мен мораторий енгі­зіл­уде.

Президенттің Үкіметке берген мына төмендегі тапсырмала­рын да атап өтуіміз керек. Олар: 2025 жылға қарай ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсімін 5%-ға және одан жо­ғары өсуін қамтамасыз ету, мем­ле­кеттік холдингтер мен ұлттық ком­па­ниялардың тиімділігіне талдау жүргізу.

Президенттің жастарды қол­дау ба­ғы­тын­дағы бастамалары да елі­міз үшін өте маңызды. Бұл орай­да Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру ісін айтуға болады. Бұл дарынды жастарға арналған әлеуметтік лифт тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді (Талаптар: 5 жыл жұмыс өтілі, жасы 35 жасқа дейін).

Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға (29 жасқа дейін) тұрғын үй берудің бекітілген ереже­леріне сәйкес Тәуелсіздік күні­не орай 3000-нан астам пәтер (Нұр-Сұлтан қаласында 1050 пәтер, Алматы қаласында 1050 пәтер, Шым­кент қаласында 904 пәтер) беру жоспарлануда. Болжамды жалдау құны айына 10-12 мың теңгені құрайды, тұрғын үй алаңы 40 шар­шы метрге дейін.

Қ.Тоқаев халықпен кері байланыс орнату үшін әлеуметтік желі­лерді белсенді пайдаланып келеді. Твиттердегі өзінің жеке парақ­шасында Мемлекет бас­шы­­сы халықты елдегі негізгі оқиғалар туралы жедел хабар­дар етеді, сондай-ақ өзінің қара­ма­ғындағыларға тапсырмалар береді. Президенттік 100 күн ішінде Қ.Тоқаев Твиттер алаңын­да 400-ден астам твит жариялады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының инстаграмының да жұртшылық арасында таны­мал­ды­лығы артып келеді. Осы платформа арқылы Қ.Тоқаев халықпен жұмыс күніндегі фотосуреттермен бөліседі. Президенттік кезеңде барлығы 16 пост жариялады.

Жалпы, Қ.Тоқаевтың прези­дент­тік қызметін бағалау оның басқа­ру стиліндегі келесі тренд­тер­ді анық­тау­ға мүмкіндік береді:

Біріншіден Қ.Тоқаев шұғыл жағдай­лар­да шешім шығара алатын және озық, тиімді дағдарыс менеджері. Мәселен, Президент Арыс қаласында орын алған келең­сіз­дік кезінде оқиға орнынан табылды және төтенше жағдай сәтінде ведомстволарға тиісті тапсырмалар берді.

Президенттің бастамалары мен тапсырмалары оның мемлекеттік сая­сатта оң өзгерістерге дайын екен­­дігін көрсетеді. Қ.Тоқаев бай тәжіри­б­е мен ғылыми-ана­ли­ти­ка­лық бэкграу­ндтың «симбиозымен» си­па­т­­­талады. Бұл қасиеттер өз кезе­­­гін­де ха­лықтың Мемлекет басшысына де­ген сенімін нығайтады.

Мемлекет басшысы ашық және қол­жетімді көшбасшы саналады. Президент қоғамдық пікірге құлақ асатын және халықтың түр­­лі жіктерінің сұра­ныстарына жа­уап беретін, өз мысалымен жұ­мыс­та ашықтықты, сондай-ақ ха­лықпен тікелей байланысқа шы­ғу­ға дайындығын көрсете отырып, өзінің серіктестері мен бағы­ныш­ты­ла­ры­нан осыны талап етеді.

Әлеуметтік желілер арқылы Қ.Тоқаев ағымдағы күн тәртібі бо­йы­нша жұрт­шы­лық­ты жедел және тікелей хабардар етеді, бұл халыққа «бірін­ші қолдан» сенімді ақпарат алуға, сондай-ақ мемлекеттің бірін­ші тұлғасы мен азаматтар ара­сын­да­ғы қарым-қа­ты­настағы тос­қа­уыл­дарды жою­ға мүмкіндік береді.

Қ.Тоқаев азаматтар мүдде­ле­рі­нің тепе-теңдігін сақтайтын және ұлт­­тық игіліктерді әділ бөлу пайдасына қаты­са­тын төреші болып табылады.

 

Зарема ШӘУКЕНОВА,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер
институтының директоры

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше