Заң жобасы білім берудің барлық деңгейлеріндегі ұйымдардың саласында туындайтын қатынастарды реттеуді қамтамасыз ететін құқықтық тетікті жетілдіру, сондай-ақ ұлттық және халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім беру саласының заңнамасындағы құқықтық олқылықтарды жою арқылы педагог қызметінің өзекті әлеуметтік және кәсіби мәселелерін тиімді шешу мақсаттарында әзірленді.
Заң жобаларының негізгі нормалары мен оған ілеспе түзетулер туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады. Жаңа заң жобасы педагогикалық қауымдастықтың әр өкіліне өз ойларымен бөлісуге мүмкіндік береді.
Заң жобасын әзірлеу кезінде жұмыс тобы құрылды, оның құрамына жетпістен астам маман: практикамен айналысатын педагогтер, заңгерлер, ғалымдар, мектеп басшылары, қалалық кәсіподақ өкілдері кірді. Сонымен қатар, «Білімді ел» сайтында заң жобасының жаңалықтарын талқылау мақсатында педагогикалық қоғамдастықпен кері байланыс орнату үшін bilimdiel.project@mail.ru арнайы электронды жәшігі ашылды. Нәтижесінде жұмыс тобына 18 мыңнан астам түрлі ұсыныс келіп түсті.
Келіп түскен ұсыныстар үлкен төрт бөлімге бөлінген: мұғалімнің құқықтарын кеңейту және оқу жүктемесін азайту, материалдық емес ынталандыру, материалдық стимул және білім жүйесін жетілдіру бойынша іс-шаралар.
Өз баяндамасында, министр материалдық емес стимулдарға ерекше тоқталды. Атап айтқанда, бірінші кезекте балабақшалардан орын беру, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаттың жаңа түрін енгізу. Сондай-ақ әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауылдық жерде жұмыс істейтін мұғалімдердің еңбекақысын арттыру, денсаулық сақтау, «Үздік педагог», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» гранттары сияқты қолданыстағы барлық әлеуметтік кепілдіктер сақталады.
Таныстырылым барысында депутаттар қарауына педагог мәртебесі, оқушы мен мұгалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша түзетулер де енгізілді. Ілеспе заң жобасында бірқатар ұғымдарды ашуға және бекітуге, қайталанатын және ескірген нормаларды алып тастауға, қоғамдағы педагог мәртебесін арттыру саласындағы заңнама нормаларының олқылықтары мен қайшылықтарын жоюға, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендетуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар көзделген.
Таныстырылымға Мәжіліс депутаттары, Білім және ғылым министрлігі, уәкілетті мемлекеттік органдардың, жоғары және орта білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Таныстырылымды қорытындылай келе, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова заң жобаларын қарау, ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, жұмыс тобында жалғасатынын атап кетті. Заң жобалары одан әрі депутат Әбдіманап Бектұрғанов басқаратын жұмыс тобында талқыланатын болады.