Саясат • 20 Қыркүйек, 2019

Халық пікіріне құрмет

224 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының жарқын келешегі жолында татулық, бірлік мәселесін ең басты құндылық ретінде ұстана отырып, әрбір азаматтың мүддесін қорғауға ант берген болатын. Азаматтардың саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермейтіндігін айтқан Президент, өзі уәде бергеніндей, ашық әрі әділ жұмыс істеу бағытындағы маңызды қадамдарды жүзеге асыра бастады.

Халық пікіріне  құрмет

Қоғамда қордаланған мәселелерді, әрине аз уақыт ішінде шешу оңайға соқпайды.  Тіптен, онжылдықтар бойы күрмеуін шешетін күрделі мәселелер бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшылығына келген күннен бергі аралықта елдегі әлеуметтік мәселелерге бірден назарын аударды. Президенттің ә дегеннен әлеуметтік саладағы мәселелерді шешіп, кіші және орта бизнеске көңіл аудара бастағаны жұртшылықтың Президентке деген сенімін арттыра түскендей.  Ал бүгінгі жағдайда халықтың басқару жүйесіне деген сенімі аса маңызды. Сонда ғана реформалар кезең-кезеңімен жүзеге аса бастайды. Микро және шағын бизнес экономиканы алға сүйрейтін тетіктердің бірі дейтін болсақ, салық жүйесіне үш жылға мораторий жариялануының өзі кәсіпкерлерге үлкен жеңілдік береді.

Президенттің мұғалімдердің мәртебесін көтеруге байланысты бастамасын толық құптаймын. Мұғалімі қандай болса, баланың білімі де сол дәрежеде болады. Егер де мұғалімнің табысы төмен болып, отбасының көкейкесті мәселесімен айналасып жүрсе, болашақ ұрпаққа қандай білім бере алады?.. Сондықтан да Президенттің педагог мәртебесін заңмен бекітіп, білім саласына  үлкен қолдау көрсетуі келешегіміздің жағдайын ойлауы дер едім.

Мемлекет басшысының зейнетақы саласына көңіл бөлуі, саланы экономикаға қарай жұмылдыру мәселесін көтеруі келешегімізге, қарт адамдарға деген қамқорлығының нышаны. Ал Президенттің көппартиялық жүйеге жол ашып, жағдай жасаймыз деуі ашық ойлардың айтылып, қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеруге бастаған  маңызды қадамы деп қабылдаймын. Сондай-ақ митинг өткізуге рұқсат беруі, әрбір азаматтың ойымен санасып, олардың пікіріне құрметпен қарауына меңзейді. Сондықтан да Президент атап өткеніндей, митингілер заң аясында, өз ретімен, тәртібімен өтуі қажет.

Президент сонымен қатар аймақтарға сапары барысында жергілікті басқару органдарына әлеуметтік салаға бетбұрыс жасап, халықтың жағдайын көтеруге шақырып жүргенінің куәсі болып жүрміз. Соның арқасында қазіргі кезде аймақтардағы қордаланған мәселелер көтеріліп, тиісті орындардың назарын аудара бастағандай.  Осы тұрғыда айтарым, билік құрылымдарында жас мамандарды даярлау, білімді, озық ойлы азаматтарды тәрбиелеп, ортаға тарту еліміздегі ахуалдың өзгеруіне зор ықпалын тигізері сөзсіз. 

Бүгінде Қазақстанның сыртқы саясаттағы рөлінің ел ішіндегі тұрақтылыққа тікелей әсерімен байланысты екендігін айта кеткеніміз жөн. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәжірибелі дип­ломат ретінде бұл бағыттағы мәселелерді де жіті бақылауда ұстап отыр. Бүгінде әлемдегі жағдай тұрақты емес. Америка, Еуропа, Қытай, Ресей, Украина елдеріндегі болып жатқан жағдайлардың Қазақстанға әсері бар. Президенттің жақында Қытайға жасаған сапары барысында да көптеген түйткілді мәселе айтылды.  Сондықтан да көрші мемлекеттермен татулық мәселесі – еліміз сая­сатының басты тетігі, яғни сыртқы саясатта татулығымыз, ішкі тұрақтылығымыздың кепілі.  Бүгінде әлем бізге көз тігіп, жаңа Президенттің іс-қимылын жіті бақылауда ұстап отыр. Сондықтан да ел болып Президентіміздің бастамаларына қолдау білдірсек, Қазақстан әлемдік дәрежедегі биіктен көріне алады. Әрі Президент бастамасын  жылдам, сапалы әрі уақтылы  іске асырсақ, көп нәрседен ұтамыз. 

 

Сейдахмет Құттықадам,

саясаткер, қоғам қайраткері

 

АЛМАТЫ