Қоғам • 20 Қыркүйек, 2019

Маңызды міндеттерге мамандарымыз даяр ма?

373 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Тәуелсіз Қазақстанды қа­лып­тастыру үшін Елбасымыз бағын­дырған тарихи белестердің негізі қоғам мен мемлекет мүддесіне қызмет етті. Тұңғыш Президент Семей ядролық сынақ полигонын жап­ты, мемлекеттік шекараны бе­кітті, сырттағы қандастарды қай­­­тару ісін қолға алды, ұлт­тық валю­тамызды енгізді, Ұлт­тық қор­­ды құрды, дербес ғарыш­тық бағ­дар­ламаларды іске асырды. Ал сыртқы саясат­та бе­делді еура­зиялық экономи­ка моделін жүзе­ге асырды, еліміз ЕҚЫҰ-ға және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төр­ағалық етті, Келешек мамандар­ды дайындау үшін «Бо­лашақ» ар­найы стипендия­сын тағайындады, «Мә­дени мұ­ра», «Рухани жаң­ғы­ру», «Ұлы да­л­аның жеті қыры» бағдар­ламалары жүзеге асуда.

Маңызды міндеттерге  мамандарымыз даяр ма?

Осындай күрделі тарихи жолдан өту барысында халықтың ой-санасын тұрақты мемлекет құру мәселесінде өркениетті елдермен теңестірді. Осы арқылы ел экономикасын дамыту үшін көптеген дамыған мемлекеттердің тәжі­рибесін зерттей отырып, тарих­та болмаған ел басқарудың қа­зақ­стандық жаңа үлгісін демо­кратиялық жолмен орнатты. Елбасы өзі тәрбиелеген тұлғаны мемлекетті басқаруға ұсынды және елді басқару мен кадр тағайындауда сабақтастықты жалғастыру жолын қойды.

Егер де біз тарихты зерделесек, ежелден бері елді бас­қару­дағы жеке тұлғалардың, яғни әке мен баланың немесе ірі әс­кер басшылары  мен танымал қай­рат­керлердің таққа таласындағы келіс­пеушіліктерінің әсерінен  көп­теген мемлекеттердің жойы­лып кеткенін білеміз. Осы­ның бәрін ескере отырып, Қ.Тоқаев өзінің тұңғыш жолдауында Елбасы идеяларын жүзеге асыру үшін сабақтастық тәжі­рибені іске асыру және елі­мізде кадр дайын­дауды заманауи талапқа сай жүргізу мәсе­лені көтерді. Пре­зидент елдің көкей­ін­де жүрген көптеген мәселені қозғай отырып, жоғары оқу орындарының маман дайын­даудағы қазіргі жағ­дайына тоқталды.

Тәуелсіздік алған жылдар­дан бері сапалы білім алу мәсе­лесіне ерекше көңіл бөлініп ке­леді. Бұрынғы классикалық үлгі­дегі білім беру жүйесі жаңа инно­вацияға бағдарланған модельге ауыстырылуда. Болон конвен­циясына қол қойғаннан кейін, Қазақстанның жоғары оқу орын­дарының білім беру жүйесіне айтарлықтай жаңа өзгерістер енгізілді. Қазір елімізде үш сатылы білім алу жүйесі, яғни «ба­калавр-магистратура-РhD док­тарантура» жүзеге асырылуда. Осы еуропалық жүйедегі үлгі біздің жоғары оқу орындарында қалай іске асырылып жатыр?

Ұлттық бірыңғай тестілеу – бұл ең өзекті мәселе. Әлі күнге дейін бұл проблеманың шешімі табылған жоқ. Дискуссиялар да жүргізілді, бірақ күтілгендей нә­тиже жоқ. Тест тапсырмалары – білім алушының тек механикалық тұрғыда ойлануымен ғана шек­теліп, оның шығармашылық ойлау қабілетін төмендетеді. Тес­тілеу шығармашылық ойлауды әлсіретуші фактор болып саналады. Логикалық тұрғыда ойланатын тапсырмалардың санын көбейту керек, сонда ғана оның сапасы артатын болады. Тек қорытындылаушы тестілеу формасын қалдыру керек, егер білім алушы жоғары оқу орындарында өз білімін жалғастыратын жағдайда ғана әрбір жоғары оқу орны талапкердің интеллектуал­ды қабілетін анықтайтын, ауыз­ша немесе жазбаша түрдегі емтихан қабылдаудың формаларын енгізу қажет. Жоғары білім алу тек қабілеті жоғары, дар­ы­н­­­ы, ғылымға бейімі бар ізде­ну­шілерге ғана тән болуы керек.

Үздіксіз білім алу дегеніміз – дүниежүзілік аренада бәсекеге қабілетті зияткерлік үшін жү­йелі түрде ұдайы білімді жетіл­діріп тұру. Ол үшін білік­ті­лікті жетілдіру курстарын, ғылыми іссапарларды кө­бірек ұйымдастырған жөн. Қазақ­станда әлемнің басқа ЖОО-да бә­секеге түсе алатын маман да­йындау үшін бірыңғай білім беру кеңістігін құру қажет. Бұл жүйені қамтамасыз ету үшін студенттердің оқу-кәсіби шеберлігін анықтайтын жеке оқу траекториясын қалыптастырсақ, бұл бізге әртүрлі пәндерді таңдау және дайындау уақыты жағынан ұтымды болар еді. Жұмыс оқу жоспарына таңдау пәндеріне 70-80% өзгеріс енгізіп, жалпы білім беретін пәндерге берілетін кредит санын азайту керек. Теорияны практикамен ұштастыру керек деп ойлаймын. Бүгінгі нарық заманындағы бакалаврдың негізгі міндеті жас­тарды білім алуға, соның ішінде бастауыш мектеп мұғалімдігіне даярлау керек.

Жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құ­ра­мының (ПОҚ) сапасы – ғылыми атағы бар оқытушыларды кре­диттік жүйеге сәйкес қайта даяр­лау курстарынан өткізіп, ғы­лыми-зерттеу жұмыстарын жүр­гізуге атсалысуына байланысты. Студенттердің өзіндік жұмыс­тарының сапасын жетілдіретін тапсырмалар деңгейін құрастыру керек. ПОҚ шеберлік компетен­ция­ларын, шығармашылық ізде­ну қабі­леттерін, интеллектуалды әлеуетін жоғары деңгейге сәй­кес­тендіру қажет деп ойлаймын.

Бакалавриаттан кейінгі білім алу жүйесі, яғни магистратура мен докторантура – бұл тек ғы­лымға қызығушылығы және бейімі бар білім алушылар үшін өте қажет әрі орынды. Мұнда елі­міздің экономикасына ір­гелі жә­не қолданбалы зерттеу жұ­мыстарын жүргізетін, интеллек­туалды қабілеті жоғары азамат­тар ғана жұмыс істей алады.

Бүгінде Қазақстанның жо­ғары оқу орындарына талапқа сай барлық жағдай жасалып жатыр. Жаңа ғылыми-зерттеу зертханалары мен орталықтар көптеп ашылуда. Республика бюджетінен көптеп қаражат бөлінуде. Әлемдік стандартқа сай білікті маман дайындау – барлық жоғары оқу орындарының алдында тұрған міндет. 90 пайызға жуық ғылым докторлары тек білім беру саласында жұмыс істейтін болады. ПОҚ әлемдік рейтингі жоғары журналдарда мақала жариялау рейтингін жоғарылату керек деп ойлай­мын. Бізге сан ғана емес, сапа­ға жұмыс істейтін уақыт жетті. Қазіргі нарық заманында бәсе­кеге қабілетті, интеллектуалды, ғылымға бейімі бар, ел эконо­ми­касын жоғары дәрежеге көте­ретін, көкірегі ояу, рухы биік, патриоттық сезімі жоғары дамы­ған елжанды, ұлтжанды кадр­лар дайындау – ел алдында тұр­ған ең көкейкесті әрі өзекті проб­леманың бірі деп санаймын.

Жоғары оқу орындарының басшылары мамандар даярлауда ел экономикасының сұранысына жарайтын және жаңа әлемдік бағыттағы бәсекелестікке сай ке­ле­тін кадрларды дайындау керек. Басшының міндеті тек қана сол университеттің оқу жүйе­сін ұйымдастыру ғана емес, оған түскен жастардың дұрыс мамандық алуына, оларға заман талабына сай жағдай жасалынуы­на көңіл бөлу.

Біздегі іске асырылып жат­қан үш бағыттағы «бакалавр-магистратура-РhD докторантура» жүйесіне тән ерекшелігін ректор жан-жақты қарастырып, саннан сапаға, жаңа бағытта өзгеріп жатқан білім дәрежесіне сәйкес мемлекеттің сұранысын қанағаттандыру керек. Мысалы, қазіргі ірі жоғары оқу орындарына көптен талас пікір тудырып жүрген – Ұлттық академияның институттарындағы ғылымды дамыту, оны елдің сұранысына сай келтіру үшін мамандарды ірі оқу орындарына жіктеу әрі академиялық дәрежесін көтеру, ғылымды дамыту мүмкіндіктерін тудыра отырып, маман кадрлар даярлауды сол университеттің ғылыми бағыты бойынша топтастырып, академияның болашақ ғылыми кадрларды дайындау мүмкіншілігін туғызу маңызды.

Әрине, бұл бағыт әлі де ше­шімі табылатын, оның міндеті мен мақсаты, құрылымын жетік түсіне бермейтін проблемаларды туғызуда. Әр мамандықты даярлауда академияның жетекші ғалымдары сол топтастырылған университетте лекция оқи ма? Оның қоғамдық жұмыстарына қатыса ма? Осы жайлы әлі де анықтайтын мәселелер өте көп. Бірақ бұл әлемдік деңгейдегі мамандар даярлаудағы олардың ғылыми жаңалықтар ашуына мүмкіндік тудыра ма? (ҚазҰУ және ҚазҰТУ, академияның бұ­рын­ғы институттары топтастырылды).

Елімізде білімді жетілдіру үшін қандай мамандықты даяр­ла­­майық, оның негізгі көзі – мек­тепте берілетін білім сапа­сы. Білімнің барлық жүйесі­нің деңгейін көтеру үшін аймақ­тардағы мұғалім дайындайтын педагогикалық институттарда берілетін білімнің стандарттары бірдей болуы  және оқу жүйесінің әдістемелік жағдайларын жетіл­діру үшін олардың өзін тарихи тұрғыда қалыптасқан, кадрлары жетілген ірі ұлттық педа­гоги­калық университеттерге топтас­тыру керек. Сонда ғана әлемдік деңгейдегі сұранысқа сай келетін ұрпақ даярлаймыз. Үш тілділік бағытын жүзеге асыру үшін де барлығына бірдей ұлттық бағ­дарлама жасалуы керек.          

Жалпы жоғары оқу орын­дары­ның санын көбейткеннен гөрі, оны бітіретін мамандардың сапасын жақсарту үшін ғылымға қабілетті, ой-өрісі дамыған ынталы, мектепте жүргеннен-ақ соған түсуге армандаған жастарды алу керек шығар.

Біздегі қазіргі нарық зама­нын­ың барлық салада етек алуына байланысты бұрынғы даярланған мамандардың жаңа инновациялық технологиялар­ды игеруі үшін өндірістік орын­дардағы әлеуметтік жағдайды жақсартуда орта кәсіптік жүйені дамыту керек. Яғни ғылымның ықпалы сапалы өндіріс орын­дарының тетігін шешу үшін өте қажетті. Мысалы, Германия, Фран­ция мен Англияда әйгілі 2-3 уни­верситеттің әлемдік атағы бол­маса, қалғандары орта кәсіптік білімі бар маман иелерін дайындайды.

Елбасының көтерген мәселесі – жастарға тегін техникалық білім алуды ұйымдастыра отырып, соның нәтижесіне талап қоя білу. Біз Қазақстанда интеллектуалды жұмысшы табын дайындаған жоқпыз, алған дипломдары нарық сұранысына сай емес. Асығыс үстіртін даяр­ланған мамандар елдің экономикасын дамытуға, ғылымда жаңалық ашуға жарамайды. Кез келген мамандық иелерін даярлаудың қыр-сырын меңгеру қажет деп санаймын.

Тәуелсіздік кезінде Қазақ­станды аграрлы елден индус­триалды елге айналдыру үшін толып жатқан жолдан өтуге тура келді. Бұрыннан қалып­тас­қан өркениетті елдердің тәжіри­бесін зерттей отырып, Қазақ­станның экономикасы жаңа бағытта дамуға бағытталды. Әрине, көптеген қиындықтарды жеңіп келеміз, сырттан инвес­торлар тарту арқылы халық көп түсіне бермейтін нарықтық экономиканың қандай рөлі барын, Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып түсінді. Сондықтан ТМД елдерінің бірігуін алғашқы болып ұсынған да Қазақстан, біз БҰҰ, ДСҰ-ға мүше болдық. Кеңес Одағы тұсында қай ғылым саласы болса да, бір бағытта ғана дамыды.

Бұлай дамыту қазіргі эконо­миканың дамуы мен тұрақ­тануына үлкен кедергі жасауда. Сол кедергіні жоюда Елбасының атқарған рөлі үлкен. Ол мамандарды жан-жақты даярлау, өзіндік ғылыми бағытын анықтауға қарай бағыттады. Тіпті, білім мен ғылым саласының өзінде қанша министрлер ауыстырылғанымен, білімнің деңгейін көтеруге шамалары жеткен жоқ. Олар әр барған жеріне қарап, сол жердің білім бағытының жүйесін енгізді. Соның салдарынан көптеген маманымыздың техникалық индустрияны дамытуға шамасы жетпеді. РhD докторантураны жоғары оқу орындарына берді. Олар маман даярлай ма? Барлық ауыртпашылықты ЖОО атқара ала ма? Білім және ғылым министрлігі мен мемлекет жоғары оқу орындарында маман даярлаудың орнына, әсіресе педагогикалық университеттердің шамасы жетпейтін магистратура мен РhD докторантураны, профессорлық атақты берді. Бұл – кадр дайын­дау­дағы жауапсыздық.

Сондықтан қымбат болса да, бұл саланың мамандары сырт­тан шақыртылуда. Бірде-бір министр білім мен ғылымда әлем­дік деңгейге жететіндей жаңа­лық ашқан жоқ. Мысалы, ғы­лымның жаңа идеясын, мақаланы шетел­дің Импакт-фактор журналына байлап қойды. Олар ақша табады, біздің ғалымдардың идеяларын өзінше пайдаланады. Өзіміздің дамыған елдің идея­сын алға шығарып әлем мем­лекеттері бізден үйренуін ұйым­дастыруымыз керек. «Болашақ» бағдарламасы көп мамандарды дайындады. Бірақ олардың 25 пайызының ғана сол мамандықты игеруге мүмкіншіліктері болды. Соның нәтижесінде Елбасы «Назарбаев университетті» аш­ты. Елбасының екінші батыл қадамы – бірнеше шет тілін меңгеру. Қазіргі Президентіміз бұл мәселеде мемлекеттік тілі­міз негіз болуы тиіс деп атап көр­сетті. Яғни барлық салада қазақ тілінің аясын кеңейту керек. Бұл тек ғылымды дамыту ға­на емес, экономиканы дамытуды түсінетін әрі қарым-қатынас жасай алатын, дипломатиялық рөлді атқара алатын кадрлар дайындау. Оған мысал ретінде ҚазҰПУ-дың оқулықтарын және әдістемелік оқу құралдарын айта аламыз. Бұлар қазір – ағыл­шын, француз, қытай, түрік тіл­дерінде шығарылуда. Мәселен, «Қазақстан географиясы атласы» жоспарланған 4 тілде шығуы керек болатын, бірақ 3 тілде ғана болсын делінген соң, түрік тілінде басылмай қалды. Оған мемлекеттік тұрғыда мән берілген жоқ. Атлас халықтың ой-өрісін, оның ішінде оқушылардың дүниетанымын кеңейтуге қажетті бірден-бір құрал. Аталған атлас білім беруде, халықтың танымын кеңейтуде ТМД елдері арасында бұрын болмаған. Білім және ғылым министрлігі жыл сайы­н іргелі жобалар жариялайды. Алайда, іргелі жобалар тақырып бойынша жыл сайын жұмыс қорытындысын өндіріске енгізе алмайды және оның қорытынды нәтижесі жарияланбайды. Келесі қандай тақырып болуы керек деген сараптама жүргізілмейді. Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті көтеру бағдарламасы үшін мемлекет ақшасын оңды-солды шашуда. Жалпы білім беретін мектеп пен жоғары оқу орындарындағы 12 жылдық мектеп, колледж, дарынды мектептердегі тұрақты оқулық ана тілінде болуы шарт. Қазіргі көптеген оқулықты жазуда Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасы басшылыққа алынады. Бірақ соны талдамай, жыл сайын оқулықтар шығарылады. Оқулықтарды кім болса сол жазады. Қалыптасқан авторларды, оны талдайтын са­рапшыларды таңдауда ми­нистрлік жауапсыздықпен қарайды. Бүгінге дейін осы оқулықтардың ерекшеліктерін, олардағы кеткен қателіктерді, әсіресе кейінгі кезде жазылған 8-сы­нып оқулықтарының маз­­мұнын мұғалімдердің өзі түсін­бейді. Мектеп ұстаздары жаңа шыққан оқулықтардағы кем­ші­ліктер мен қателіктерді айтады. Бұған жауапты ведомство немкұрайдылықпен қарайды. Жалпы білім беретін мектеп мұға­лімдерін топ-топ қылып кәсі­би біліктілігін жоғарылатуға шет мемлекет­терге жіберіп жатыр. Мұн­дағы мұғалімдер не шет тілін, не барған жерінен өзіне керек­ті мамандығын жетілдіретін бағы­тын білмей барады. Ешбір тәжі­рибесі жоқ, тіл білмейтін әй­теуір мемлекет бөлген қаржының есебін толтыру үшін мақсатсыз, есепсіз кадрлардың білімдерінің деңгейін көтеруге бола ма?

Жалпы қай ел болса да, тіпті Кеңес Одағы кезінде мезгіл-мез­гіл мұғалімдердің білім деңгейін жетілдіру мақсатында конференция, семинар, тәжірибе алмасу деген­дер болатын. «Географияны оқыту әдістемесінің жаңалық­тары» негізінде Арменияда Бүкіл­одақтық конференция өткені әлі есімде. Одақ тұсында географияны оқыту әдістемесі жайлы мектепке арналған «География в школе» журналы болатын. Тек географияның әдістемесіне байланысты емес, жалпы барлық саладағы мұғалімдердің кәсіби дең­гейін көтеру күн тәртібінен түспейтін. Ал біздің министрлікте тек қана мұғалімдердің ақшасын көтеру мәселелері ғана алға қо­йылады.

Жақында теледидар және бұқаралақ ақпарат көздерінде, Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік үш тілдікті енгізу туралы мәліметінде алдағы жылдарда «биология, химия, информатика, физика ағылшын тілінде оқытылады» деп мә­лімдеді. Аталған пәндерге көп көңіл бөлінуде, ал оның ішінде мемлекеттің негізі экономиканың дамуы мен тұрақтануында  ма­ңызды рөл атқаратын, та­биғи байлықтың таралуы мен игерудің барлығын зерделейтін география пәнінің қалыс қалуы қалай? Табиғатты қорғау мен экологиялық пробле­ма­лардың әлемдік деңгейдегі мәнін ашатын география кешенді ғылым екенін түсінбей ме? Бұл салада не олимпиада, не конфе­ренция өткізу мәселесі минис­тр­ліктің жоспарына кірмейді.

Қазіргі үлкен мәселе – тәр­бие мәселесі болып отыр. Біз­де этикалық педагогикалық норма­лардың жетіспейтіндігі байқа­лады. Таяуда бір мектептегі пән мұғалімінің сыныптағы бала­лардың ішінен бір баланың фор­масын басқа түсті шалбар киіп келгенін – сынып бала­ларының алдында сөз етіп, ба­ланы ұялтып, тіпті онымен қоймай сол баланы жетектеп, басқа сыныптарға алып барып, оқушылардың көзінше қандай шалбар киіп келгенін күлкі еткен әдепсіздік қылығы сөз болды. Баланың намысына тиіп, оның мектепке қайта келмеуіне жағдай жасады. Сыныптас балаларының алдында көрсеткен мұғалімнің қылығы кесірінен ол бала мектепке қайта оралмады. Оқушының мектеп формасына сәйкес емес киім киіп келгенін онымен оңаша сөйлесіп, себебін анықтамады. Мұндай жағдай оқушылардың ұстазға деген ренішін тудырады. Жасыратыны жоқ, қазір мектептегі тәрбие жұмысы, олардың білімі мен дүниетанымдық ой-өрісі жат қылықтарға, қатыгездікке бой алдыруда. Кейде Батыс елдерінде мектептегі келеңсіз оқиғалар ашық көрсетіліп жатады. Содан ауысқан әдет болу керек. Біздің мұғалімдер ұзақ жылдар бойы өз оқушысын аялап, үлкен маман иесі болу үшін білім беріп, оны тәрбиелеуші еді ғой.

Себебі, адам тағдыры қандай жағдайда болсын, бірінші орында болуы  керек.

Болашағымыз – жастар. Олардың бәрі бірдей осындай мысалға арқау болмай, теледидардан жетістікті көбірек көрсетсек бір ғанибет. Ата-ана, мектеп басшылары мұндай мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауы керек.

 

Әлия БЕЙСЕНОВА,

ҰҒА академигі, профессор Абай атындағы ҚазҰПУ География және экология әдістемелік орталығының жетекшісі

 

АЛМАТЫ