Сәуле кезеңдік оқиғаны нәзік тұсынан қозғайды. Романды бастап оқығаннан-ақ бірден ішіне тартып әкетеді. Детектив секілді жүрдек оқылады. Бірақ мазмұны терең. Жалаң оқиғаға құрылмаған. Тарихи көріністер бар.
«Исәнмісіз, Хадиша? – деп татаршалады еркек үні... Еркектің таныс үнінен әйелдің төбе құйқасы шымырлап, басы айналып кетті... Денелі ер адам еркін адымдап, қақпадан қарсы алған әйелді мысымен баса аттады... Есі кетіп тұрған ұрғашыға қарамады да, алшаңдай басып үйге қарай беттеді. Сол жүрісімен өз отанына келгенін сездірді».
Үлкен үйді осы кісінің әкесі салдырған. Қазақ жерінде сауда жасап байып, баласына мұраға қалдырған. Баласы да ауқатты адам болып, қатын үстіне қатын алған. Басына күн туғанда бәйбішесін алып тайып тұрған.
Алайда жай кетіп отырған жоқ, тамыр салып кетіп отыр. Одан туған бала да осында. Үйі мен баласын іздеп келуге толық құқы бар. Оған еш қарсылық қыла алмасын білген кейіпкердің басындағы жағдайды жазушы: «Алтайдан алдырған ағаштан жасалған есіктің салмағы әйелді жаншығандай болды», – деп суреттейді.
Ол кеткенде оның тоқалының қолына күштеп кіріп алған жаңа заман адамы оқиғаға еріксіз тартылады. Үстірт қарағанда, үйреншікті үшеудің басынан өткен оқиғаны жазып отырған секілді. Шын мәнінде автор заманның әңгімесін жазып отыр.
Әдебиетте жансыз зат куәға тартылатын метафоралық тәсіл бар. Оқиғаның үлкен үйдің төңірегіне жинақталуы содан. Үлкен үйдегі үрей қоғамның үрейі секілді образда елестейді. Қандай қоғамдық-саяси формацияда болмасын, адам баласы өзі жиған дүниесінің тұтқынына айналады. Романның көркемдік шешімі – осы.
Кейде жазушының «Ертөстігім бір төбе» дегендей, сәтімен туа қалған бір шығармасы болады. Авторы аталғанда, шығармасы да қатар еске түсіп отырады. «Сәуле Досжан» десе, «Үлкен үйдегі үрей» деп айтуға лайық. Үлкен әдебиетке кештеу қосылған Сәуле Досжан осылай өз биігін бағындырып та үлгерді.
«Үлкен үйдегі үрейдің» әсері менің ойымда ұзағырақ сақталды. Сол әсердің ізі суи бергенде қолыма көлемі шамамен бес жүз беттік әлгі қолжазба түсті. Егер ядролық сынақ тақырыбына жазылмағанда бұл қолжазбаны оқымауым да мүмкін еді. Қазір қазақ жазушылары ақтаңдақтар тақырыбын жылы жауып қойғаны өтірік емес. Тіпті оны өтімсіз тақырып деп есептейтіндер де бар.
Бәрін айтып та, жазып та қойды. Енді одан қандай көркемдік шындық тудыруға болады? Онсыз да кітап оқылмай жатқан заманда, тағы бір оқылмайтын кітап жазып неғыламыз? Міне, олардың әлпетінен осыны аңғару қиын емес.
Қазақ әдебиетінде отыз екінші жылғы аштық пен отыз жетінші жылғы қуғын-сүргін туралы жазбаша ескерткіш боларлықтай бір кесек дүниенің тумауы содан ба деймін. Осындайда ойыңның үстінен дөп түскен романды көлемі қанша үлкен болса да қалай оқымайсың? Басқа дүниені жиып тастап, оқуға кірісіп кеттім.
«Ине сабақтасаң, жібін салақұлаш алушы едің, алысқа кететініңді содан білгем», – дейді адуынды шешесі оқуда жүрген жерінен рұқсат сұрай келген қызына. Жасыл желекті Жетісу жеццрінде туып-өскен бұла қыз сонау Семей өңіріне, ол кезде аты атала бермейтін Абыралы жаққа ұзатылмақшы.
Роман «Қасірет пен тағдыр» деп аталады. Оқиға Аяулым есімді қыздың атынан баяндалады. «Үкілай жеңешем екіншісін қыз босанғанда апамның: «Қыз баланың толғағы ащы болады» дегені ойыма орала қалды. Бұл жолғы толғағым Сұңқарымды дүниеге әкелгендегідей емес, тым ащы болып тұр». Осы сөйлем арқылы романның қалай жазылғанынан біршама хабар алуға болады.
Бүкіл сюжет бір адамның көзімен беріледі. Яғни, автор әңгімешінің рөлін атқарып отыр. Өмірдегі оқиғалар әйел жанының сыр-сұхбатымен қатар өріледі. Мұндай шығармалардың өз оқырманы болады. Ал әлеуметтік жүгі артса, халықтық сипат алады.
Бұл роман да тақырыбы жағынан өте ауқымды шығарма. Жалғыз адамның зерттеп жазуы қиын дүние. Өкінішке қарай, әдебиетте ұжымдық дүние сирек жазылады. Әйтпесе әр қырынан алып, осы қасірет жөнінде тұтас картина жасау өтелмеген бір парыз сияқты көрінеді.
Ал енді Сәуле Досжан тақырыпты қалай ашқан, соған келейік. Жазушы кейіпкерін үлкен қасіретке алдын ала дайындайды. Аяулымның оқушы күнінде олардың үйі бір бай отбасының үйімен көрші тұрады. Әлгілердің жалғыз ұлы арбамен жүретін мүгедек жан. Құдай аяқтан кем қылғаны болмаса, домбыра тартатын өнерлі бала.
Біздің кейіпкеріміз Аяулым сол балаға көмектесіп жүреді. Қасіреттің не екенін содан біліп өседі. Оның жанашырлығы бала махаббатқа ұласады. Алайда мектеп бітіргенде екеуі бір-бірінен көз жазып қалады. Аяулымды тағдыр қол-аяғы сау, атпалдай азаматпен жолықтырады.
Бірақ ол, аты Әмір, ядролық сынақ кезінде сәуле алған. Оның дерті іштен кеміретін дерт. Яғни, Аяулым екінші рет мүгедек адамға жолығып отыр. Бірінші балада білінбегенімен, екінші бала кемтар болып туады. Одан соң Әмірдің өзі де о дүниеге аттанып кете барады.
Әмір арқылы ядролық сынақ тақырыбын ашуға тиек табылып отыр. Оның өлімі жай өлім емес, ұлттық қасірет деңгейіндегі өлім. Жазушының адам санасының түкпіріндегі тылсым сырларға жүгінуі сол өлімнің мағынасын тереңдете түседі.
Осы қасіреттің бәрін көрген Аяулым тастай қатып пісіп жетіледі. Мектепте мұғалім болып жүріп, ядролық сынаққа қарсы қозғалыстың ортасынан табылады. Романдағы оның жеке өмірі ұлт басындағы қасіретті көрсететін кең көлемді көріністерге ұласады.
Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебіміз, романның композициялық құрылымы сәтті ойластырылған. Ядролық сынақ куәгерлерінің естеліктері де орнын тауып тұр. Тіпті шығарма мазмұнын қоюлататын да сол тұс деуге болады.
Қазіргі заман көркем сөздің публицистикалық түрі алға шыққан заман. Сәуле Досжан да бұл әдіске саналы түрде барады. Кейіпкерлердің көркем бейнесі нақтылы өмір шындығымен толыға түседі. Ақырында ядролық сынақтың ақырзамандық көрінісі бар қайғы-қасіретімен көз алдыңа тосыла қалады.
Бұл тұрғыда жазушы алдына қойған мақсатына жеткен деп айта аламыз. Жазушы осыншама ауқымды тақырыпқа сыналап кіріп, ішінен қопара жазыпты. Нәтижесінде көркем образдарға толы, өмірде нақтылы шындығы бар дүние қолымызға тиді. Егер Дегелеңнің басына ескерткіш ретінде таспен бірге кітап қою керек болса, бұл соған әбден лайықты шығарма дегіміз келеді.
Қай заманда да өтпелі кезеңде күтпеген жазушылар бой көрсетеді. Бір қызығы, белгілі жазушылар осындай кезде жазбай кетеді. Біз оны өзіміз көзбен көріп, құлақпен естіп те жүрміз. Осындайда Сәуле Досжанның әдебиетте қаламдастарымызға үлгі боларлықтай дәрежеде еңбек етіп жүргенін мойындауымыз керек.
Мен кейінірек бойға сіңіріп тағы бір оқырмын деп, қазіргі кезде өте сирек жазылатын көлемді романның соңғы бетін жаптым. Алайда өзіме ұнаған сөйлемдерді тізіп жазып алған қойын дәптерім сол күйі ашық қалды. Сондағы романнан көшірген сөйлемдерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмын. Сонымен қараңыз:
«Түлкінің қызылы өзінің соры» дегендей, ұзын шаш өзімнің сорым болды»;
«Қазақта «үкіні қайтармайды» деген бар, әкесі. Қызыңа «үкі тағайық» деген екен, қайтармайық»;
«Мен оның соңынан ақырын ілбіген сайын, балдақтың тықылы төбемді тесіп жібергендей болады»;
«Сенде ешқандай махаббат жоқ, аяушылық қана бар»;
«Көңілім құлазып, бір азалы жел жан дүниемді қаңылтырдай қаңғырлатып өте шығады»;
«Әне, Әмірдің өзі де көрінді. Ой, сұмдық-ай, менде оған деген титтей де сағыныш жоқ»;
«Галстугін ашуланып байлаймын деп, қылғынып қала жаздады»;
«Әлгі «бақырғанның алдынан өкірген шығыпты» дегендей, бір баласы өлі туған, енді бірі даун синдромымен ауыратын мына әйелдің халін естіп, іштей одан сайын күйзеліп кетсем керек»;
«Адырайған көкпеңбек тамырлары көк сиямен денесіне әдейі жазылған жазудай ғой, құдай-аааууу!»;
«Ішіме зырылдауық ойыншық кіріп кеткендей, күні-түні аунақши ма, тірей ме, бір тыным жоқ, тыпыр-тыпыр»;
«Баланың өңі қу шөптей жүдеу көрінді»;
«Әйелдің бала табатын уақыты егін орағы сияқты»...
Мұндай образды сөйлемдер әр бетті ашқан сайын кездеседі. Жазушы кейіпкер басындағы алақұйын сезімдерді де жақсы береді. Сәуле Досжанның қандай қаламгер болып сапқа қосылғанын осыдан-ақ байқауға болады. Шындап келгенде, қазіргі заман әйел жазушылардың заманы болуға тиіс. Әсіресе, біздің қоғамда әйел жазушылар жітірек сезінетін әлеуметтік мәселелер алға шығып келеді. Сәуле Досжанның біраз шығармасы осындай тақырыптарға арналған. Демек оның оқырман көңілін жаулап алуға толық мүмкіндігі бар.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК