Қоғам • 20 Қыркүйек, 2019

«Мәдени қабат» жойылған жоқ

750 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің 9 тамыздағы санында жарық көрген «Отырар қайта ойрандала бастады ма?» атты мақаланың тақырыбын көріп, төбемнен жай түскендей әсерде болдым. Менің ойыма археологтардың 50 жыл бойы қазба жүргізіп тапқан жұма мешіт, сарайлар, қақпа, монша, құмырашылар орамы мен тұрғын үйлер орамы сияқты нысандарды біреулер ойрандап жатыр ма деген ой келді. Алайда мақаланы оқи бастағаннан кейін сабама түсе бастадым. Мәселе кіреберістегі қақпа мен төбеге апаратын жерде екен. Бұл жерде елге танымал екі ағамыз, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек пен тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа бірлесе жазған мақалаларының тақырыбы айқайлаған аты затына сай еместігіне көзім жетті. Мақалада көтеріліп отырған мәселелер «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне» тікелей қатысты болғаннан соң әрі сол мекеме директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары ретінде осыған қатысты өз пікірімді білдіргім келіп отыр.

«Мәдени қабат» жойылған жоқ

Мәселенің байыбына бару үшін ал­­дымен оқырманды ескерткіштің құ­ры­­лымымен таныстырғанды жөн көр­дім. Орталық Азия мен Оңтүстік Қа­зақстандағы ортағасырлық қалалар­дың басым көп­шілігі 3 бөліктен тұратын болған. Шарт­ты түрде олар: цитадель, шахрис­тан, рабад деп аталады. Ал Оты­рарға келер болсақ, алыстан мұ­нар­тып көріне­тін биік төбені «шахристан», оның айна­ласындағы 200 га жерді алып жатқан ойлы-қырлы, төмпешікті территорияны шартты түрде «рабад» бөлігі деп атаймыз. Қаланың «цитадель» бөлігі әлі күнге дейін толық анықталмады. Бірақ ол «шахристанның» бір бұрышында болса керек. Әзірге орны солтүстік бөлігінде деп болжап отырмыз.

Отырардың ең биік бөлігі «шахрис­тан» 20 га жерді алса, «рабад» бө­лігі 200 га көлемді алып жатыр. Көтеріліп отырған мәселе «рабад» бөлігіне қа­тыс­ты болғандықтан сол бөлік тура­лы айтып кетсек. Отырардың «рабад» бөлігі Қарахан дәуірінде игеріле бас­тады да, ХІІІ ғасырда тоқырай бас­тап, қорған ішіндегі территория то­лық­тай игерілмей қалды. «Рабад» бө­лі­гін­де үйлерден басқа бау-бақшалар, су қоймалары, кірпіш күйдіретін пештер, құмырашылар орамы, моншалар, шеберхана сияқты қоғамдық құрылыстар да болған. «Рабадтың» территориясы үлкен болғандықтан ол біркелкі игерілмеген. Оны биік-биік төмпешіктердің әр жерде орналасқанынан байқауға болады. Төмпешіктердің биіктігі 4-5 метрге, аумағы 1-2 га-ға дейін жетеді. Осы үл­кен төмпешіктердің арасында бос, игеріл­меген жерлер бар. «Рабадтың» іші­нен өткен каналдар қаланың су қойма­ла­рын толтыруға, егістікке пайда­ла­ныл­ған. Қа­ланың бұл бөлігі кесектен тұр­ғызылған қорған-қамалмен қор­шал­­ған. Қамалдың әр тұсында қақ­па­­лар болған. Алайда оның нақты орын­да­ры белгісіз. Қорған-қамалдың біраз бө­лігі КСРО кезінде асфальт төсел­ген жолдың астында қалған. Жал­­пы, Оты­рартөбе қалажұрты қор­шау­ға алынған. Қоршаудың бір жағы­нан ескерткішке кіру үшін кіреберіс орна­тыл­ған. Сол кіре­­берістің қасында музей қызметкерлері отыратын үйшіктер болған.

Осы үйшіктердің орнына музей қыз­меткерлеріне және туристерге арнайы ғимарат салынатын болып, бұл ны­санды қақпа түрінде салуға шешім қа­былданды. Салынып отырған бұл қақпа мен қорған-қамал қабырғаның мақала авторлары атап өткендей «тарихи шын­дыққа жанаспайды». Дәл сол орыннан қақпа мен қабырға өтпегендігі рас. Қақпа мен қорған қабырға ескерткішке алып келетін асфальт жолдың астында қалған. Егер біз дәл сол өз орнынан салуға шешім қабылдасақ, онда қазіргі заманғы асфальт жолдың үстінен салынатын еді. Сол себепті қақпа мен қа­бырғаны асфальт жолдан сәл ішке алып салуға шешім қабылданды. Құры­лыс түсетін территория тектен-тек таң­­далып алынған жоқ. Жоғарыда атап өткендей, қаланың «рабад» бөлігі бір­­келкі игерілмеген, сол себепті қақ­па мен қабырғаның орны алдымен архео­лог­тар тарапынан зерттеліп, ол жерде ешқандай құрылыс және мәдени қа­баттың жоқтығы анықталды. Құрылыс археологтардың бақылауымен салынды. Ағаларымыз айтып отырған «құнды дүние», «мәдени қабат» жойылған жоқ. Құрылыстың барлығы атап өткен төм­пешіктердің етегімен айналып өтіп салынды. Қақпа мен қабырғадан бөлек автокөліктердің тұрағы, заманауи әжетха­налар, келушілер көлеңкелейтін орындар да салынып жатыр.  Қақпа мен қа­бырғаны салу жобасында касса, экскурсия жүргізушілер,  қарауылдар, жұмысшылар бөлмелері, қоймалар, дүң­гіршектер, кәдесыйлар сататын дү­кен­­дер де қарастырылған. Бұл абаттанды­ру жұмыстары екі мәселені шешіп отыр. Олар: музей қызметкерлерінің және туристерге көрсетілетін сервистік қыз­меттің сапасын арттырады.

Ал енді, «рабадта» салынған қақпа мен «Шахристандағы» қақпаның ара­сындағы жолға келер болсақ. Бұл жол­­дың ұзындығы 740 метр. Авторлар «бұл жол мәдени қабаттарды сүріп тас­тап, жол салып жатыр» деп жазып, қоғамда жаңсақ пікір қалыптастырып отыр. Отырартөбеге апаратын қара жол­дар бұрыннан бар және олар көп. Өткен ғасырдың 70-жылдары археологтар Отырартөбені зерттеуге келгенде автокөлікпен сол жолдармен жүрген. 2000 жылы Жапонияның мақсатты қо­рының «Көне Отырар қаласын сақтау мен реставрациялау жұмыстарын» жүр­­гізген реставраторлар да сол қара жолдарды пайдаланған. Қазіргі таңда рес­таврация жұмыстарын жүргізіп келе жатқан «Қазреставрация» мекемесінің автокөліктері де сол жолдармен жүр. Бұл объективті нәрсе. Өйткені жер бас­пай, ауамен жүретін көлік пайдалануға мүмкіндіктері жоқ болатын, қазір де жоқ. Сол себепті Отырартөбеде жұмыс істеу үшін реставратор, археолог, музей қызметкерлері болсын автокөлікпен сол жолдармен жүруге мәжбүр. Бұл жол  –  70 жылдан бері бар жол.   Бұл жол «мәдени қабаты» бар төмпешіктерді айналып өткен, құрылыстарды кеспеген жол болып табылады. Мақала авторларының бірі Мұхтар Қожа көптеген жылдар бойы сол Отырартөбеде ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын жүргізген. Отырар музейін 7 жыл бойы басқарған. Сол ағамыздың өзі «Кубань» автобусымен қазіргі жолмен талай рет жүрген.

«Отырар»  музейі басшылығының көздеп отырған мақсаты 50 жылдан бе­рі түрлі автокөліктер, оның ішінде ауыр жүк машиналары жүрген жолды рет­теу болатын. Бұл жол әбден езілген (жүк көліктер бұл жолмен қыш, тас, топы­рақ, су тасыған) тереңдігі 0,5 м бола­тын май топыраққа (жаңбыр жау­са ми батпаққа) айналған қабатын 0,3 м тереңдікте сүріп, тазалап, астын те­гіс­теп қиыршық тас пен құм төсеп, бе­тіне таудың тақтатасын қойып қатты тө­сенішті жол істеу болатын. Мәдени қа­бат пен қатты төсеніштің арасына жол құрылысына пайдаланылатын гео­текстиль төселінеді. Бұл тас пен құм­ның көне мәдени қабатпен араласуына тосқауыл болады. Бұл материалды ЮНЕСКО мамандары осы Отырарда қолданған болатын. Бұл іс-әрекет екі мәселені шешеді: біріншіден, жаяу жүргіншілер мен көліктер төбеге жету үшін тобықтан асатын май топырақты немесе ми батпақты кешпейтін болады. Екіншіден, жол астындағы мәдени қабат бар болса әрі қарай бұзылмай сақ­талады. Кейін зерттеу жүргізу қажет болса төсенішті алып тастау қиын емес, арада ажыратып тұрған геотекстиль бар.

Жалпы әлемде туризм арқылы бюд­жет­терін толтырып отырған мемлекет­тер көп. Олар мұндай нәтижеге ту­­рис­терге қолайлы жағдай туғызу арқы­лы жетіп отыр. Алысқа бармай-ақ Түр­кия­ны алайық, ЮНЕСКО-ның дүние­жүзілік мұралар тізіміне енген мәде­ни ескерткіштерінің маңынан авто­тұ­рақтар, сапар орталықтары, бірнеше ша­қырымдық жолдар салынған. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев он шақты жыл бұрын туристік кластерді дамытуды қолға алған болатын. Бұл әри­не, болашақты көре білген саясат­кердің бағыты дұрыс екеніне бұл күндері көзіміз жетіп отыр. Сондықтан «Қазақ өркениетінің алтын бесігіне» баланған Отырарды қайта жаңғырту үшін бәріміз бірлесе жұмыс істегеніміз абзал.

 

Серік АҚЫЛБЕК,

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары

 

Түркістан облысы