Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2019

Мұхтар Құл-Мұхаммед: Өзекті мәселелердің басым бөлігі оң шешімін тапты

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент жоғарғы Палатасының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысындағы көшпелі отырысында республикалық әскери (арнайы) оқу орындарын одан әрі дамыту мәселелері басты тақырып болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Мұхтар Құл-Мұхаммед: Өзекті мәселелердің басым бөлігі оң шешімін тапты

Сенаторлар Қорғаныс министрлігінің Щучинск қаласындағы Кадет корпусында болған кезде оқу бағдарламасымен, оқу корпустарымен, сондай-ақ әскери қызметшілердің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларымен танысты. Кадет корпусындағы техникалық дайындық және ату-үйрену жаттығулары өтетін сынып бөлмелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы көрсетілді.

Шара барысында Сенат комитетінің мүшелері өткен жылдың сәуір айында әскери білім беруді дамыту мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен Петропавл қаласында өткізген алқалы кездесуінде берілген ұсыныстарды іске асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Қорғаныс министрлігі басшылығының ақпараты бойынша осы кезеңде «Білім туралы» заңға енгізілген түзетулерді орындау мақсатында Кадет корпусында білім беру қызметінің стандарттары жаңартылды, ал оқу бағдарламасы аясында әскери пәндер бойынша белгілі бір түзетулер енгізілді. Оның ішінде оқу пәндеріне Ауғанстандағы, Ирактағы, Сириядағы, Шешенстандағы және басқа да жергілікті қақтығыстардағы ұрыс қимылдарының тәжірибесі ескерілетін тақырыптар да бар.

Комитет мүшелері сол күні Көкшетау қаласында мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде, сондай-ақ ішкі істер министрлігі ТЖК техникалық институтында болды. Осыдан бір жыл бұрын іске қосылған өрт сөндіру бөлімі қаланың солтүстік бөлігінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, қазіргі заманғы өрт техникасымен және жабдықтарымен, жайлы қызметтік және тұрмыстық үй-жайлармен жабдықталған.

Өрт сөндіру бөлімінің ғимаратында осы жылдан бастап Көкшетау техникалық институтының Оқу орталығы жұмыс істей бастады. Депутаттар одан кейін институттың өзінде де болды.

Сенаторлар институттың оқу-зертханалық корпустарына, оқу залы бар кітапханаға, әкімшілік корпусқа, зертханаға, курсанттардың шағын баспаханасы мен жатақханасына (казармасына), спорт залына, сондай-ақ оқу өрт сөндіру бөліміне барып, жағдайларымен танысты.

Комитет мүшелері өткен жылдың сәуір айында Солтүстік Қазақстан облысында өткен көшпелі отырыс барысында берілген ұсынымдарды іске асыру барысы туралы Ішкі істер министрлігі мен оқу орны басшылығының баяндамаларын тыңдады.

Министрдің орынбасары Юрий Ильиннің ақпараты бойынша жаңғырту аясында институттың төрт Оқу орталығы құрылған болатын. Оқу орнын материалдық-техникалық қамтамасыз ету жақсарды, ол үшін бюджеттен ағымдағы жылға 1, 087 млрд теңге бөлінген, ал бұрын бұл шығындар 909 млн теңгені құраған болатын. Келесі жылдан бастап институттың профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысын 25 пайызға арттыру көзделіп отыр. Оның айтуынша, оқу корпусы мен казарманы салу мәселесі кезекте тұр, министрлік ол туралы жобаларды тиісті мемлекеттік органдарға келісуге ұсынып қойды.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед көшпелі отырысты қорытындылай отырып, Дариға Назарбаеваның басшылығымен өткен бұрынғы көшпелі отырыстарда көтерілген маңызды мәселелердің басым бөлігі оң шешімін тапқанын атап өтті. Сенат басшылығы ІІМ жүйесінің алдағы реформасына, оның ішінде төтенше жағдайлар жөніндегі органдарды жетілдіруге қатысты қойылған міндеттер мен ұсыныстардың шешілуіне оң ықпал ететін болады. М.Құл-Мұхаммед бұл мәселелердің бәрі жоғарғы Палата комитетінің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.