Руханият • 21 Қыркүйек, 2019

Музейді түнде тамашалау да бір ғанибет

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында биылғы жылдың тамыз айынан басталған «Музейлер» шеруі республика бойынша қанат жайып келеді. Бұл бастама Алматы қаласындағы республикалық және қалалық маңызы бар музейлерде де жалғасын тапқан болатын. «Музей түні» шеруі – Халықаралық музей күні көпшіліктің, әсіресе жастардың музейге деген қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген мәдени мекемелердің қатысуымен жыл сайын өткізілетін акция ретінде бастау алса, алдағы уақытта іргелі музейлердің бәрі де жиірек қолға алуды жоспарлап отыр. «Музей түні» басталғалы бері Алматының мәдени өміріндегі маңызды шаралардың біріне айналды.

Музейді түнде тамашалау да бір ғанибет

Еліміздің рухани орталығындағы ірі музейлердің бірінен саналатын Алматы музейі кешкі сағат 19.00-ден кейін әдеттегідей қалалықтарға есігін айқара ашты. Алматы және Жетісу аймағының тарихына байланысты 35 000-нан артық жәдігер сақталып отырған музей келгендерді арнайы тақырыптық бағдарламамен және мәдени-көңіл көтеру шараларымен қарсы алды. Музейдегі 11 экспозициялық зал бойынша экскурсиялар ұйымдастырылып, жастарға сонау тас дәуірінен бастап бүгінгі кезеңге дейінгі жәдігерлердің тарихы таныстырылды. Айта кету керек, Алматы музейі орналасқан ғимараттың өзі тарих және сәулет ескерткіші ретінде мемлекет қорғауына алынған айырықша мәртебеге ие нысан. Ендеше, басты тарихи жәдігер ғимараттың өзінен басталады. Келгендер де сәні мен сәулеті келіскен көне ғимараттың сырын білгенше асығады.

Мұнда орналасқан «Алматы музейлер бірлестігінің» құрамына шаһардағы бірнеше іргелі музей топтастырылған. Бірлестік директорының орынбасары Жәнібек Нәлібаевтың айтуынша, бұл акция әсіресе уақыты есептеулі, жұмысбасты адамдар үшін және қарттар мен жастар үшін өте қолайлы. Күндізгі қарбаластан кейін кез келген алматылық немесе қала қонақтары тегін кіріп, асықпай жүріп музей аралап, өзі өмір сүріп отырған шаһар жайында мол мәліметке қаныға алады. Түнгі мезгілде музей тамашалаудың да өзіндік әсері бөлек.

Бұл жолы  «Музей түні» қолөнер тақырыбынабасымдық беруімен шараның рухани салмағын арттыра түсті. Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының 4-курс студенті Данияр Бабашев музейді тамашалап келгендерге қыш құмыраның жасалу техникасын көрсетті. Әп-сәтте әртүрлі пішінге өзгеріп шығатын құмыраларды жастардың өзі де  жасап көргісі келіп, қызығушылық білдіріп жатты. Сондай-ақ О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің шеберлерінің қатысуымен де шеберлік сағаты өтті. Уақытша көрме залында өткен Гүлнара Шормақованың «Әсем әлем. Балауыз бейнелер» атты авторлық көрмесіне жұрт ерекше ықылас танытты.

Сондай-ақ шара барысында музей жәдігерлерімен интерактивті квест ойындар ұйымдастырылып, музей тамашалаған көпшілік сан түрлі сауалдарға жауап беріп, өзара тарихи білімі мен танымын жарыстырды. Өнер жолын қуған талантты жастардың концерті акция мазмұнына әр беріп, келгендердің қатарын арттыра түсті.

АЛМАТЫ