Бүгінде мұғалімдердің арасында оқуды сырттай бітіргендердің кездесетіні рас. Ал мұғалімнің жүктемесін азайту мәселесін сөз еткенде 1993 жылы Жоғарғы Кеңесте білім беру туралы бірінші заң қабылданып, біздің ұсынысымызбен мұғалімдердің апталық жүктемесі 18 сағаттан 14 сағатқа, ал мектепке дейінгі балабақшалар қызметкерлерінің жүктемесі 24 сағаттан 20 сағатқа дейін қысқартылған болатын. Осы тәжірибені пайдалана отырып, үнемделген уақытты шығармашылық әрі әдістемелік дайындыққа бағыттаудың әлеуеті зор. Ал жаңа технологияларды игеру білім сапасын арттыруға молынан мүмкіндік береді.
Басты құжатта жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтындығы және осы тұрғыдағы артық әңгімелерге тосқауыл қою қажеттілігі де жайдан-жай айтылған жоқ. Осы тұста мәселені шешу тетіктері қалай жүзеге асады деген сауалға жауап іздей келе жерді сатуға 5 жыл мораторий жарияланғанымен де оның заңмен нақты шегеленбегендігін айтар едім. Артық-ауыс әңгімелердің туындап отырғаны да осының салдары. Сондықтан да Жер кодексінде «жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді және жергілікті тұрғындарға да сатылмайды, тек жалға беріледі» деген мазмұндағы өзгерістер енгізіліп, заңмен шешілгені абзал. Ал жерді тиімді пайдалану мәселесіне тоқталатын болсақ, Алматы шеңберінде 50-100 шақырым жерлердің иесі кім екендігіне тиімді-тиімсіз пайдаланып жатқандығына арнайы сараптама жүргізсек, латуфиндистерді сол тұста анықтаған болар едік. Ал қазақтың коды жер десек артық айтқандық болмайды. Осы тұста 2016 жылы Үкіметке «Тың жерді игеру арқылы қазақ елін жаңа белеске көтеру (Қазақ өрісі)» мазмұнында жолданған жоба-хатымызға әлі күнге тұшымды жауап болмағанын айта кеткім келіп отыр. Ал оның барысында жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтудың тиімді тұстары келтірілген болатын.
Ал Жолдауда айтылған мемлекеттік қызметкерлерді 25 пайызға қысқарту орынды мәселе. Кезінде мемлекеттік қызметкерлерді 30 пайызға қысқарту туралы ұсыныс айтқандардың бірі ретінде дамыған елдер тәжірибесінде басқару деңгейлері аз болған жағдайда басқарудың тиімді болатындығына назар аударған едім. Мысалы, шетелдерде 6-7 деңгейге дейін тиімді саналады. Ал біз көп деңгейлі басқарумен әуестеніп кеттік те, көрсеткіш 12-13 деңгейге жетті. Оның сыртында басқа облыстар да бар. Тиімді басқару жүйесінде біріншіден, мемлекеттік шығынды 15-20 пайызға, көп деңгейлі биліктің аппаратын кем дегенде 20-30 пайызға қысқартқан жөн. Ысырапсыз, шығындарды барлық деңгейде азайтып, үнемделген миллиард қаражатты руханият пен əлеуметтік салаға бөлген дұрыс. Ал екіншіден, білікті, кəсіби мамандар даярлау бағдарламасын жасап, әсіресе инженер-технологтарды оқыту саясатын қолға алу қажет. Үшіншіден, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабылмайынша миллиардтаған қаржы құрдымға сіңгендей қалталарға құйыла беретіні сөзсіз. Төртіншіден, қаржы-салық жүйесін жаңаша реттеу керек: байларға салық көрсеткішін еселеп көбейтіп, ал кіші кəсіпке жеңілдік жасау керек. Бесіншіден, Қазақстанда демократиялық үдерістер іске асып, мемлекеттің саяси мақсаттары өте нақты әрі сенімді болуы қажет. Мəселені түбегейлі шешу үшін дамыған елдердің тəжірибесімен қазақтың менталитетін үйлестіре отырып мемлекетімізге саяси, əлеуметтік, экономикалық, рухани, ғылыми-техникалық, яғни түбегейлі модернизация жасау қажеттілігі тұр.
Ал бейбіт шеруге шығу мәселесіне, жалпы демократияға Президент тағы да бір қадам жасады. Бұл жерде адам құқығы, сөз бостандығы, ой пікірлерін ашық айту туралы айтылды. Ең маңыздысы – қоғамдық пікірлерді талқылау арқылы билікке жеткізу. Ашығын айту керек, әкімдер мен министрлердің халықпен арасы алыстап барады. Президенттің айтуынша, егер халықтың 30 пайызы биліктің басқару жүйесіне теріс бағасын берсе, ондай әкімшілік жүйесімен жұмыс істеуге болмайды. Жалпы әкімдер мен министрлердің саяси-еңбек тиімділігін бағалау өлшемдері керек. Оның ішінде әкімдердің қоғаммен, қоғамдық ұйымдармен тиімді жұмыс істеуі, ғылым мен инновацияға аса мән беруі, денешынықтырумен қоса жергілікті халық денсаулығын жақсартуы, шағын кәсіпкерліктің, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі, т.б. болу керек.
2020 жылдан бастап шағын кәсіпкерлікті 3 жылға дейін тексеруді тоқтату ұсынысы өте құптарлық мәселе. Ол үшін «Кіші инновациялық бизнес» туралы заң қабылдануы тиіс. Бұл жерде айта кететін жағдай, кіші инновациялық бизнесті дамытсақ, жаңалықтың бәрі осы салада жатыр. Ал осыған орай заң жобасын Парламент депутаттарына ұсынған едік.
Дағдарыс жағдайында экономиканың терең трансформацияға душар болатыны анық десек, ал оның өсу өзегі шағын кәсіпкерлікті үдемелі дамыту екені анық. Қазір бізде оның жалпыұлттық өнімдегі үлесі 20-25 пайыз. Ал дамыған шетелдерде 50-70 пайызға дейін. Оларда жұмыс орындары 70-80 пайыз шағын кәсіпкерлікпен қамтамасыз етілген. Салааралық құрылым бойынша бізде кіші кәсіптің дені саудада 42 пайызға дейін. Өкінішке қарай, шағын кәсіпкерліктің үлесі өндірісте, машина жасауда 3-4, әлеуметтік салада 2-3 пайыз ғана. Пайдаланбаған мүмкіндігіміздің өте мол екендігін осыдан-ақ білуге болады. «Шағын кәсіпкерлік – біздің экономикамыздың арбасын өрге сүйрейтін өгіз». Ал онымен айналысқандарды 1-2 жыл салықтан босатып, табысына қарай біртіндеп салықты көбейтумен қатар несие саясатын да 3-5 пайызға төмендету қажет.
Жолдауда айтылған мемлекеттік компаниялардың тиімді жұмыс істеу мәселесінде реформаны «Самұрық-Қазынадан» бастап диверсификация жасаған жөн. Әйтпесе бұл компания мемлекет ішіндегі мемлекетке айналып кетті. Алдағы уақытта Қазақстанның бренді мал өнімдері мен бидай болуы тиіс. Осы салаларға инвестиция құйып, аса мән берген жөн.
Құқық қорғау саласындағы мәселелерде, әсіресе сот жүйесінің сапасын күшейту керек. Жалпы реформада, алдағы уақытта жергілікті жердегі соттарды халық сайлауы тиіс әрі саяси-демократиялық кезең басталуы керек. Жұмысын жаңа бастап жатқан Президент жанындағы Ұлттық кеңес осы мәселелерге басты мән бергені абзал. Математикада берілген есептің түбірі біреу болғанымен оны шешудің әдіс-тәсілдері әрқилы. Ал есептің түбіріне қандай жолмен жетесің, сол тиімдісі болмақ. Билік жүйесіне мемлекеттік деңгейде есеп қойылып, нәтижесі халықтың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталды. Ал Президент Жолдауы халық пен биліктің арасын жақындатуға бастаған қадамға айналатыны анық.
Оразалы СӘБДЕН,
Қазақстан Республикасы ҰИА академигі, экономика ғылымдарының докторы