Жұмысты 5 институционалды реформа және Ұлт жоспарын жүзеге асыру, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысын қайта жандандыру туралы мәселелерді жүзеге асырудан бастайтынын айтқан Президенттің «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деп нық басып айтуы тіл жанашырларын бір серпілтіп тастағаны рас.
Шындығында да қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру – қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі тұғырын нығайтып, еңсесін тіктеуіне әсер етеді. Қашанда татулық пен бірлікті биік ұстап, толеранттылық танытатын Отанымызда мемлекеттік тілдің ұлтаралық тілге айналуы ортақ тарихи сананы нығайтуға, қазақстандық құндылықтарды арттыруға мүмкіндік береді.
Еліміздің саясаты тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына бағытталып, тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз көшірілген түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналғанына әлем куә. Бүгінде Қазақ елінің бір тармағындай тұтасып, алып бәйтеректің жайқалған жапырағындай өсіп-өніп отырған өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін ұлтаралық тіл ретінде қабылдауы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшемі ғана емес, рухани тамырдан нәр алып, жаһанданудың ызғарлы тұстарынан айналып өтуге мүмкіндік беретін қажетті құрал болмақшы.
Президенттің «Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген тапсырмасының да маңызы зор. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мемлекеттік тілдің мәртебесінің көтерілуіне әр қазақстандық атсалысқаны жөн.
Біз – «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оны ғылым тіліне айналдыру, жаңа ұлттық әліпбиді халыққа насихаттау бағытында қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтары арасында, ғылыми ортада, тіл мамандары, әдіскерлер, мемлекеттік қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде өткізіп жүргенімізді айта кеткім келеді.
Әр қазақстандық мемлекеттік тіл – қазақ тілін құрметтеуді азаматтық борышы санап, ұлтаралық тілге айналдыруды перзенттік парызына баласа, тіліміз көркейетіні ақиқат. Ал азаматтары қолдап, басшылары қорғай білсе, қуатты да бай тіл – қазақ тілі сан ұрпақтың рухани, әлеуметтік қажеттілігін өтеп, ұлтаралық мәртебеге жетеді.
Әлібек АСҚАР,
«Тіл-Қазына» ұлттық
орталығының бас директоры