Экономика • 24 Қыркүйек, 2019

Несие серіктестіктерін FinTech-ке бағыттасақ ұтылмаймыз

701 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Апта басында Алматыда өткен III Несие серіктестіктерінің форумына Қазақстанда жұмыс істейтін 215 серіктестіктің өкілдері, Польшадан келген халықаралық консультанттар, Ұлттық банктің, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының, «ҚазАгро» холдингінің, Аграрлық несие корпорациясының өкілдері, сондай-ақ FinTech саласындағы компаниялар қатысты.

Несие серіктестіктерін FinTech-ке бағыттасақ ұтылмаймыз

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарушы дирек­торы Сәбит Жақсылықов жинал­ған­дар­ға несие серіктестігі жүйесі туралы айтып берді. Оның сөзі­не қарағанда, еліміздегі шаруа қожалықтары бірігіп, өзін өзі қар­жы­ландыруы керек. Сонда иге­рі­летін жер көлемі ұлғайып, ортақ табыс молаяды. Ондай жағ­дайда оларды кез келген қар­жы ұйымы несиелендіреді. Аграрлық несиелік корпорация берген мәлімет бо­йынша өткен жылы олардың 92 пайы­зы несиелендірілген. Бұл баста­маның тағы бір тиімді тұсы да осы екен. Егер шағын шаруа қожалықтары біріксе, мемлекетке алақан жаймайды. «Біз­дің алды­мызға қойылған міндет – ауыл­шаруа­­шылық тауар өндіру­ші­ле­рінің қаржы ресурс­тарына қол­же­тімділігін қамтамасыз ету», деді С.Жақсылықов.

Биыл Аграрлық несие корпорациясы мен несие серіктестіктері тұтынушыларға 90 миллиард теңгеден астам қаржы беріл­мек.

Ел ішінде квазисектордың несиелен­ді­ру пайызы жоғары деген пікір жиі айтылады. Мыса­лы, корпорация ұсынған несие мен несиелік серіктестіктер ұсынған несиенің пайыздық мөлшерлемесінде әжеп­тә­уір алшақтық бар. Басқарушы директор С.Жақсылықовпен әңгіме барысында түсінгеніміз, олардың несие шарты кәсіпкерлердің бәріне бірдей қолжетімді емес. Шарт бойынша әрбір ірі қара малдың кем дегенде 2-3 гектардан жайылымдық жері болуы тиіс. Мысалы, 10 бас мал үшін кем дегенде 20-30 гектар жайылымдық жер керек. Бұл талапқа сай келмесең, корпорацияның төмен па­йызбен беретін несиесінен аспандағы ай жуық болады. Ал несиелік серіктестіктер ондай талап қоймайды.

«Несиелік серіктестіктер қаржыны Аграр­лық несие корпорациясынан 9,5%-бен алады да, шамамен 14%-ға береді. Сонымен қатар несие және лизинг бойынша мемлекеттік субсидияға да қол жеткізе алады», деді Сәбит Жақсылықов.

Агроөнеркәсіптік кешендегі несиелік серік­тестік қауымдастығының төрағасы Альмира Сағатованың айтуынша, несие­лік се­ріктестік тек «Несиелік серік­тес­тік туралы» заңмен ғана реттелуде, ал мемлекет та­рапынан бұл жүйе рет­тел­мейді екен. «Қаржы осыған дейін мем­лекеттен бөлініп келді. Қазіргі дағ­дарыс жағдайында қаржы табудың қосымша көздерін қарастырып жатырмыз. Инвестор тарту үшін «несиелік серіктестік туралы» заңға өзгерту енгізу керек», дейді А.Сағатова.

Қазір серіктестіктер жүйесін басқару әдісі бойынша Ұлттық банкпен келіссөз жүріп жатыр екен. «Реттеу қызметін мемлекеттік органдарға беру немесе өзді­гі­нен реттелетін ұйымға несиелік серік­тестіктерді біріктіру туралы ұсыныс бар. Ағымдағы жағдайда осы дұрысырақ, себебі көршілес Ресейде несиелік серік­тес­­тіктер өздігінен реттелетін ұйым­дар арқылы табысты дамуда», дейді А.Сағатова.

Оның айтуынша, өздігінен реттелетін ұйым құру нарықты «біркүндік несиелік серіктестіктерден» тазартуға, олардың жұ­мы­­сын оңтайландыруға көмектеседі. Бұл процес­сіз несиелік серіктестікті капиталдандыру мүмкін емес. «Несиелік серіктестіктер депо­зит қабылдайтын болса, стандарттар мен нормативтер дайындалуы қажет. Оны реттейтін бір орган болуы керек. FinTech қаржы ұйымдарына да жетті. Несиелік серіктестіктер де алдағы уақытта FinTech арқылы алға жылжиды», – дейді А.Сағатова.

Айтпақшы, Ресейден келген Несие­лік кооперативтер лигасы, Кеңес мүше­сі Алексей Степанов та осы пікірді қол­дай­ды. Оның айтуынша, дәл қазіргідей шашыраңқы тірлікті ресейлік несие серік­тес­тіктері де бастан кешкен. «Несиелік серік­тестіктердің іріленуі нарықты бір күн­дік серіктестіктерден тазартады. Ресейдегі 3 мың серіктестіктің 90 пайызы ірі кооперацияларға бірікті. Нарықтың бұл сегменті де қаржылық ақпараттық технологиямен интеграцияланып жатыр. Тек ірі кооперацияға біріккен серік­­тестіктер өз қатысушыларынан де­по­­­зиттер қабылдай алады. Бұл про­цес­­ті FinTech саласынан хабары бар ма­ман­дар­дың қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сіздер кооперацияға бірігу туралы ұсыныстан бұрын қажетті мамандарды тарту жайын да ойластыра жүріңіздер», деп атап өтті А.Степанов. Ол мұндай техноло­гияның артықшылығы ретінде ақшамен есеп айырысу кезінде болатын қылмыстардың алдын алатынын айтып өтті. « Біз ақшасыз есеп айырысу технологиясының тың серпіліс екенін, бизнес орталықтар өте салмақты құрал екенін білеміз. FinTech қаржыландыру сегментіндегі жаңа мүмкіндік болса, оның әлеуетін неге қолданбаймыз? Бұл несиелік серіктестіктерде несиелендіру барысын барынша оңтайландырып, ішкі тәуекелдерден туындайтын қауіпті сейілтеді. Демек, ендігі тренд­ті – FinTech-ке бағыттасақ, ұтылмай­мыз» деп сөзін түйіндеді Алексей Степанов.

Айта кету керек, несиелік серік­тес­тіктер қазір Қазақстанда жұмыс істеп жатыр. Форумға қатысқан, пікір білдірген кәсіп­­­кер­лер оның өздері үшін тиімді тұс­та­­рына назар аударып отыр. Олардың шарты бойынша несие алу үшін аудан орталығына барудың немесе құжаттар топтамасын дайындаудың қажеті жоқ. Өкі­нішке қарай, оның тартымдылығы әзірге осы фактормен ғана шектеледі.

 

АЛМАТЫ