Қоғам • 26 Қыркүйек, 2019

120 отбасы әлеуметтік көмек қаржысын мемлекетке қайтарып жатыр

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан республика бойынша көп балалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік жағынан қолдау тұрғысында өзге өңірлер арасында алда келеді. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі мәліметтерге жүгінсек, облыста барлығы 91 252 адамды құрайтын 18 995 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілуде.

120 отбасы әлеуметтік көмек қаржысын мемлекетке қайтарып жатыр

Ал атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге жиыны­ 11,5 млрд теңге қаржы қарастырылыпты. Десек те қазір­гі уақытта ел көлемінде атаулы әлеуметтік кө­мекке қол жеткізу үшін табысын жасырып, малы­ның санын кемітіп көрсету, дүние мүлкін туыс­тарының атына тіркеу секілді фактілердің көп болмаса да, тіркеліп жатқаны жасырын емес. «Арнайы құрыл­ған комиссия Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» ұсынған тізімге сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған 3658 отбасы бойынша жұмысты аяқтады. Осы тізімдегі 150 отбасы сәуір айында бірінші тоқсандағы табыстарын төмен көрсеткен. Қалған 3508 отбасына талдау жүргізілді, 103 отбасында көмекті төлеудің заңсыздығы анықталған жоқ, бұл отбасыларға төлемдер жалғасты. Ал қателік болмаған 3405 отба­сы­на төлем тоқтатылмайды» деген еді жақында Өске­менде өткен көп балалы отбасылардың мәселесін ше­шу жөніндегі комиссия отырысында облыстық Жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлес­тіру басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ошақбаев.

Басқарманың әлеуметтік төлем бөлімінің бас маманы Бұлбұл Құсманованың айтуынша, министрлік «табысын жасырды» деп тізімін ұсынған 150 отбасының 120-сының шынымен де табысының асып кеткені анықталыпты. «Олар табысын әдейі жасырды деп айта алмаймыз. Бірінің еңбек демалысының ақшасы кеш түскен, екіншісі жұмыс берушінің тарапынан жалақысын уақытында алмаған. Тексере келе осындай жайттарды анықтап, атаулы әлеуметтік көмекті тоқтаттық. Қазіргі уақытта 120 отбасы өзде­рі алған әлеуметтік көмектің қаржысын мемлекетке қайтаруда. Қалған 30 отбасында қайта есептеу жүргізілді, әлеуметтік көмек беру тоқтатылған жоқ. Тек көлемі азайды» деген ол Өскемен қаласы мен Бородулиха ауда­нында алимент көлемін азайтып көр­сету фактілері тіркелгенін жеткізді. Ал Үржар ауда­нында аудандық жұмыспен қамту және хал актілерін тіркеу бөлімі мал санының көптігіне байланысты 5 отбасына атау­­лы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартыпты. Жалпы, бұл ауданда 2018 жылы 592, биыл 2023 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайын­далыпты.

Шығыс Қазақстан облысы