Әдебиет • 30 Қыркүйек, 2019

Жас ақын-жазушылар форумы: бізден де бір ұсыныс

3171 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Таяуда ғана Қарағандыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған жас ақындар мен жазушылардың республикалық форумы өткен болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған басқосуда әдебиетшілер қауымы келелі пікірлер айтып, ой бөлісті. Шығармашыл жастардың әдеби жиыны аяқталғанымен, оған қатысқан ақын-жазушылардың форумнан кейінгі ойын білмекке бекіндік.

Жас ақын-жазушылар форумы: бізден де бір ұсыныс

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,

ақын:

Қасым атындағы сыйлық тағайындалса...

Форум өткізу идеясы облыстың экс-әкімі Ерлан Қошанов мырзаныкі. Былтыр қарағандылық жас ақын-жазушылармен өткен кездесуде осындай ұсыныс айтқан. Сол ұсынысты Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма жүзеге асырды. Меке­ме басшысы Нұржан Жетпісбаев пен оның қарамағындағы қызметкерлердің еңбегі ерен екенін айту парыз.

Форум аясында Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков пен меценат Бекзат Алтын­бековтің демеушілігімен семейлік ақын Бауыржан Игілік пен маңғыстаулық ақын Еділбек Дүйсеннің жыр кітабы жа­рық­қа шығатын болды.

Дөңгелек үстелде баяндама жасаған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнәр Салықбайдың «Форма алдында емес, ақындардың соңында жүрсе» деген сөзінен жастардың ізденісі тек формалық деңгейде ғана жүріп жатқанын аңдадық. Сондай-ақ «қаламақымен шығатын кітаптардың мемлекеттің меншігіне өтуі» туралы мәселені елордада бұдан бұрын талқылағанын, шешіліп қалуы тиіс екенін Дәулеткерей Кәпұлы айтып, оның сөзін «Egemen Qazaqstan» газетінің басқарма төр­ағасы Дархан Қыдырәлі сабақтап, қуат­тап берді.

Форум барысында Қасым Аманжолов атында сыйлық тағайындау, мектеп оқулықтарынан «русская литератураны алып тастап, «әлем әдебиеті» пәнін кіргізу» туралы ұсыныс айттық. Дөңгелек үстелге қатысып отырған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Қасым сыйлығы мәселесін қарастыратынын, шешуге тырысатынын жеткізді. Біздің ұсыныс былай еді: Жылына үш ақынға Қасым атындағы сыйлық берілуі керек. Жас аралығы 25-44 жас «44» Қасымның жасы. Бұл бір жағы жастарды қолдау болса, бір жағы Қасымды дәріптеу. Қарағандыда Қасым атында жылына екі мүшәйра өтеді. Бірін – Мәдениет басқармасы, екіншісін – Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырады. Бір мүшәйраның қаражатын Қасым атындағы сыйлыққа жұмсаса дегенбіз. Қолдау табатын секілді. Күтелік...

Ал қазақ балаларына орыс тілінде оқытылатын «русская литератураны» «әлем әдебиетіне» айырбастау Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің құзырында. Бұл өзі жиырма жылдық процесс. Бірінші қадам «русская литературадан» сабақ беретін кадр даярлауды тоқтату. Екінші қадам оқулыққа кіретін әлем классиктерін қазақ тіліне тәржімалау, оқулық әзірлеу. Үшінші қадам «әлем әдебиеті» пәнінен сабақ беретін ұстаз даярлау. Осымен жиырма жылыңыз түгесіледі. Егер біз алғашқы қадамды биыл бастасақ, 2039-40 жылдарға тап келеді. Ол кезде президент те, министр де басқа болмақ. Ұрпақ та басқа. Мәселе біздің неше жылға кешігетінімізде...

Қарағандыда тұңғыш рет ұйымдас­ты­рыл­ған форумның көтерген жүгі осы.

 

Абылай МАУДАНОВ,

ақын:

Болашақ оқырманнан қол үзіп алмайық

Қарағандыдағы жас ақын-жазушылар форумы тек жастардың ғана емес, орта буын, аға буынның басын қосқан мағыналы мәжіліс болды. Аймақтардағы көзге түсіп, қаламгерлермен бірге әдебиет әлемінің есігін енді ашуға талаптанып жүрген студенттер де назардан тыс қалмапты. Яғни, ұйымдастырушылық жағы мінсіз. Ең алдымен осыған қуандым. Өйткені «ең ұлы ақын – жас ақын» (Ұ.Есдәулет) дегендей, мұндай пікірталас буыны қата қоймаған балғын талапкерлер үшін пайдалы.

Бұрында да айтылып жүргендей, қазір поэзия жанрында өндіріп жазып жүрген дарындар көп. Жиында бұған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Бұл Абайша айтқанда «туғаннан дүние есігін өлеңмен ашып, өлеңмен жер қойнына денесі кіретін» қазақтың ерекшелігінен шығар.

Бүгінде әлеуеті зор, тепкіні жойқын, екпіні қатты ақындар шоғыры өсіп келеді екен. Оған әрине, қуанамын, бірақ... көкейде көп сұрақ қылаң береді.

Иә, мықты ақын, мықты өлең көп. Алайда, «қыр еліне қыдыр болып дарыған» Ахаңның «қырық мысалындай» қазіргі қоғамның сұранысын өтеп жүрген олар емес, жылтетпе, жылтырақ, сорпасы татымайтын, арзанқол «шатпақ-тақпақтар» екенін де мойындау керек. Қазір әлеуметтік желіде не ұйқасы, не мағынасы жоқ балдыр-батпаққа тілін жұтардай тамсанып, «Мұқағалидікі» деп тарата беретін «оқырман ортасы» қалыптасты. Өз-өзіне «ақын» деген ат қойып, айдар тағып, аттандап жүргендер қаншама?!

Осы ретте маған жазарман мен оқырман арасындағы «алтын аралық» неге алшақтап кетті деген ой келді. Біз әдебиетті «тіл байлығын көрсететін» алаңға айналдырып, күрделендіріп жіберген жоқпыз ба? Талғамы төмендеп кеткен өлеңсүйер қауым, терең ойлы туындыларды оқуға қалай жетелейсіз? Ақындар «өз қазанымызда өзіміз қайнап», қоғамды назардан тыс қалдырған жоқпыз ба? Бұл «әдебиетте жаңашылдыққа бармайық, оқырман деңгейіне түсейік» деген сөз емес, әрине. Тек әдеби туынды да тауар ғой, «арзан тауарға» еті үйреніп алған елдің саф өнерге деген ықыласын қалай қайтарамыз деген ойдан туған сұрақтар.

Форумда жазушы Дәурен Қуат дра­ма­тур­гияға көп жастардың бара бермей­тінін айтты. Бұл да ой салар ұсы­ныс болды деп есептеймін. Тек қана драма емес, сатира, балалар әдебиетіне құлаш ұрған замандастарымның қарасы қалың деп айта алмаймын. Жазушы туындысының атын шығару үшін емес, кемшілікпен күресу, қоғамды түзеу үшін жазады ғой. Өз тәжірибемнен көргенім, нысанаға тез тиетін, әсері мол жанр – сатира. Сол сын-сықаққа көңіл бөлінсе деген тілегім бар. Айта кететін тағы бір жайт – қалада өскен баланы ендігі жерде тек қана Тазша бала, Алдар көсе, Қожанасырмен қызықтыра алмайсың. Сол үшін де бұл персонаждарды заманауи кейіпкерлермен байланыстыратын тың дүниелер көбірек керек. Біздің жазып жатқанымызды ертең оқитын да сол балғындар ғой. Бүгінгі буынның бетін қарата алмасақ та, болашақ оқырманнан қол үзіп алмайық. Бұл жайлы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы: «Біз балаларды өзіміздің дүниелермен қызықтыра алмасақ, олар өзгенікіне ұмтылатын болады», деп жақсы айтты. Осы ретте, мәжіліс жүргізушісі болған ақын Жанат Жаңқашұлының ойын әбден қостаймын. Жігерлі ақын «орыс әдебиетін мектеп бағдарламасынан алып, оны әлем әдебиетіне енгізу керек», деген орынды ұсыныс айтты. Және бұл бүгіннен бастап қолға алатын мәселе.

 

Батырхан СӘРСЕНХАН,

ақын:

Иненің көзіндей жарық саңылау білінеді

Жас ақындар мен жазушылардың басын қосқан форумда біршама соны пікірлер, жан-жақты тақырыптар қаузал­ды. Осы уақытқа дейін мұндай жиын­дарды «уақыт жұту машинасы» деп есептеп келген едім. Ол ойым өзгерді. Жалпы, әр адамның өмірбаяны болатыны секілді, әр буынның өз өмірбаяны, тарихы, танымы болады. Әдеби жиында үш тақырыпты қозғадым. Бірі – білімсіздікпен күресу, екіншісі – немқұрайлылықты жеңу, үшіншісі – әр қалада тіл үйрену курстарын ашу. Жастардың шоуға құмартып жүргені, іштарлыққа ұрынуы, өз басынан өзгені көре алмауы, жақсы дүниені бағалай алма­уы – бәрі-бәрі білімсіздіктен туындап отыр. Кафка жазған қамал ішінде өмір сүретін саналар Кеңестік жүйемен бірге күлі көкке ұшуы тиіс. Онсыз да есесі кеткен біздей халық үшін бір сәт тоқтауға, шегінуге жол жоқ.

Форум аясында біршама жастармен, аға буынмен ой бөлістік, өлеңдерін тыңдадық. Қуанарлық дүниелер бар. Иненің көзіндей жарық саңылау білінеді. Тек сол үлкен көлемге ұласса екен.

 

Еділбек ДҮЙСЕН,

ақын:

Жыр кітабым жарыққа шықпақ

Алматы – әсірелеп айтқанда «әлми­сақ­тан» бері ақындардың қаласы ғой. Менің осы бір қаладан кетіп, Маңғыстауға келгеніме бір жыл болыпты. Әлбетте, бұдан кішігірім трагедия жасаудың қажеті жоқ. Маңғыстауда жатып, хәл-қадірімізше кітап «кеміріп» жатсақ та, әдеби ортаның орны бөлек. Форумның ең бірінші көңіліме жағар тұсы осы – жас ақын-жазушыларды көру, достарым мен аға-бауырларымның айқұшағына жылыну.

Әдеби форумдар атаулы осы жылдың ішінде үшінші не төртінші рет өткізілуде деп жатыр. Қаламгерлердің өздерінің тарапынан мұның қажетсіздігін айтып, дабыра қағу, оған кеткен қаржыны санамалау басымдық алып барады. Әлбетте, әркімнің жеке пікірі. Осы даурығудың биік үлгісі Азия қаламгерлерін астанамызға алып келгенде көрінді. Менің сырттай бақылағанда, түсінгенім мынау: жалпы қай-қай форумның ұйымдастырылуы мен форматына тағар мін жоқ. Мін – біздің қаламгерлердің өздерінде. Дұрыс сөйлеуді, қай жерде не айту керегін, форумды пайдаланып шығармашылық байланыстарды кеңейту сынды керектерді сәтті жүзеге асыра алмайды. Дәл осы кемістік Қарағандыда өткен кешегі ақын-жазушылардың форумында да көрінді. Қарағанды әкімдігі, жастар басқармасы, Жанат Жаңқашұлы бастаған біршама жас ақындар форумның сәтті өтуіне бар жандарын салды. Оныңыз Маңғыстаудан келген біздің көзімізге анық ұрды. Тек, әдеби әңгіме айтылуға тиісті дөңгелек үстеліміз дүнияуи әңгімеге ұласып бара жаздап, әрең тежелді. Болған дүние айтылуы керек. Іштегі жиналып қалған тең-тең пенделік ашу-ызалары мен мақтандарын мұндай жерде құсуы орынсыз.

Форум менің шығармашылығыма әсер етті деп айта алмаймын. Дегенмен, шығармашылық өмір жолымызда елеулі із қалдыратын түрі бар. Олай дейтінім, форум аясында екі жас ақынның жинағын шығару көзделген екен. Оның алғашқысы болып Бауыржан Игілік сынды тамаша ақынды таңдап, екінші қатарға бізді де қосты. Көптен көкейде жүрген жыр кітабымызды шығарудың сәті осы Қарағандыда түскеніне тек қуануым керек шығар.

Бетті дайындағандар Мирас АСАН, Маржан ӘБІШ, «Egemen Qazaqstan»