Сол мәселелердің ішінде мәдениет қызметкерлеріне де әлеуметтік жеңілдіктердің берілетіні қуантады. Бұйыртса, келер 2020 жылы мәдениет қызметкерлерінің жалақысы көбейеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында:
«Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен кітапхана, музей мен театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлдем көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды» деген болатын.
Бұл дегеніңіз руханиятқа қызмет етіп жүрген мәдениет саласының майталмандарына жасалған зор мүмкіндік. Қуанышты жаңалық! Мәселен, бір ғана 1,5 миллионнан астам кітап қоры бар Ұлттық академиялық кітапхана қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы өзгереді.
Ал республика бойынша мемлекетімізде он бір мыңнан астам кітапхана мекемесі жұмыс істейді. Одан бөлек еліміздің 4 аумағында кітапханашыларды дайындайтын арнайы факультеттер бар. Олар: Шымкент, Көкшетау, Павлодар және Орал қалалары. Аталған қалалардың барлығынан кітапхана мамандығын аяқтаған жас мамандар жұмысқа орналасады. Міне, сол руханият шырақшыларының материалдық және әлеуметтік қажеттіліктеріне мемлекеттік деңгейде көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ Президент мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын көбейту және әлеуметтік жеңілдіктер беру үшін Үкіметке тапсырма берді. Яғни, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жеңілдіктер мәдениет мекемесінің мамандарына да көрсетілмек.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын орданың 750 жылдығын тойлай отырып, төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға көңіл бөлу керек екендігін айтты. Яғни, осы айтулы мереке арқылы табиғатымызға туристер назарын аудару қажеттілігі де айқын сезіліп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықты толғандырған мәселелер көтерілді. Сол үшін де мемлекеттің әрбір азаматы зор жауапкершілікпен жұмыс атқаруы керектігін Президент сөз соңында былай деп түйіндеген болатын:
«Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын. Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын».
Біздің мүддеміз бір, мақсатымыз айқын, болашағымыз кемел және сол жолда еңбек ете береміз.
Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА,
Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор