Осы Жолдауда Президент ішкі саясатты, мемлекеттік институттарды нығайтудың, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, экономиканы және халыққа әлеуметтік әл-ауқатының модернизациясының негізгі мәселелеріне тоқталды. Соның ішінде Мемлекет басшысы Үкіметке жалақыны көбейту үшін жағдай жасауды тапсырды. Бұл – жұмыс сапасы мен жұмысшылардың өмірін жақсартумен байланысты бүгінгі таңдағы кәсіподақтар жұмысының өзекті мәселелерінің бірі.
Президент Жолдауын «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен барлық мәдениет қызметкерлері, жалпы жұртшылық қуана қабылдады.
Ең өзекті мәселе – еңбекақы. Себебі мәдениет қызметкерлерінің жалақысы көп уақыттан бері көтерілген жоқ. Мұғалімдер және дәрігерлермен салыстырғанда, мәдениет саласында еңбек ететін қызметкерлер әлдеқайда төмен айлық алады. Сондықтан өнерде жүрген жастар табыстың басқа көздерін іздейді. Осыдан барып өнер саласы мамандарының тапшылығы байқалуда.
Біз осы уақытқа дейін жалақыны көтеру, жеке және ведомстволық тұрғын үйге қол жеткізу, зейнетақы төлемдерін жасау мәселелерін әлеуметтік әріптестермен бірге республикалық және аймақтың деңгейде ұдайы көтеріп жүрміз. Енді осы Жолдаудан соң мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларына көңіл бөлінеді. Мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Келесі жылы мәдениет саласының мамандары мемлекеттік қолдау мен қамқорлықты айтарлықтай сезінетін болады.
Сонымен қатар жұртшылықтың жаппай спортпен айналысуына жағдай жасау, денешынықтыру ісін жетілдіру, салауатты ұлт қалыптастыруға және экономикамыздың маңызды саласы туризмді дамытуға баса мән беріліп отыр. Президент Жолдауы сөзсіз барлық қазақстандықтарға күш-қуат беретіні анық.
Светлана ИМАНҚҰЛОВА,
«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы