Қоғам • 01 Қазан, 2019

Арзан ойыншық қымбатқа түспесін десек…

979 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір балаға базарлық іздеп әуре болмайсыз. Сауда орындарының сөрелерінде самсап тұрған түрлі ойын­шық­тар көздің жауын алады. Үлкені де, кішісі де, сүйкім­дісі де, сұрықсызы да, қаттысы да, жұмсағы да бар.

Арзан ойыншық қымбатқа түспесін десек…

Анадайдан көз тартатын әйдік дүние қызылға құмар бала түгілі ересек адамдардың өзін еріксіз баурап алады. Он­дайда ата-ана аянып қала ма, бірі-бірінен өтетін қызыл­ды-жасылды дүниені қалтасы көтергенше алып, арқаланып шыға келеді. Десек те, кейде арзан ойыншықтың ата-аналар үшін тым қымбатқа түсіп жататыны тағы бар.

Арзанқол дүниеден ауру жұқтырып жатқан балалар­дың жағдайын айтып, дабыл қағып жатқандар да бар. «Сергек» тұтынушылар құ­қығын қорғау қоғамдық бір­лес­тігінің төрағасы Асылбек Баймұрзаевтың айтуынша, арызданушылардың 70 па­йызы сатып алған тауары­ның сапасыздығын айтып, ша­ғымданады екен. Балалар ойын­шығынан зардап шеге­тін­­дердің де үлес салмағы аз емес. Ең өкініштісі, сапасыз ойыншықтың кесірінен ауру­ға шалдыққандар оны дә­лел­дей алмай әлек болады. «Ойыншық арқылы жұғатын ауруды анықтау қиын. Өйткені оның зияны балаға бірден әсер етпейді. Тек сапасыз ойын­шықтың ұсақ бөлшектері бала­ның тамағына, таңдайына не­месе мұрнына кептеліп қал­ғанда ғана дәлел бола ала­ды. Ал құрамындағы зиян­ды бояулары ескеріле бер­мей­ді. Іші өтіп, лоқси баста­са жеген тамағынан шығар деп топшылаймыз. Ал біз ойын­шықтардың бояуы ар­қылы ин­фекция тарайтынын дәлел­дедік» дейді А.Баймұрзаев.

Оның айтуынша, саты­лымдағы ойыншықтардың отыз пайызы тұтынуға мүлдем жарамсыз. Өйткені тек­серу барысында құрамында мы­рыш, фенол, формальдегид сияқты улы заттары бар ойын­шықтардың ашық сатылып жатқаны анық­тал­ған. Дәрігерлердің сөзіне қа­ра­ғанда, нәрестелерге ар­нал­ған сыңғырлақтардың да келешекте баланы саңырау қылатыны анықталып отыр. Зерттеулер барысында бел­гілі болғандай, жұмсақ резең­ке ойыншықтарын сырлайтын бояу құрамында кадмий мен қорғасынның мөл­шері қалыпты деңгейден әлде­қайда асып түскен. Мұн­дай ойыншықтар баланы ал­лергиялық ауруға ұшыратып қана қоймай, асқазан-ішек дерттеріне де шалдықтырады.

Ең өкініштісі, кейде біз өзіміздің сатып алып жатқан дүниеміздің қайда, қалай жасалатынына мән бермейміз. Еліміздің «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» Заңының 7-бабында ойыншықтардың сыртында өнімді дайындаушы, тауар белгісі, ойыншық атауы, дайындалған күні мен өндірген мемлекеттің аты, қолданылу шарттары, пайдалану жөніндегі нұс­қаулықтары көрсетілуі тиіс екені айтылған. Ал базар­дағы ойыншықтар осы талап үдесінен толық шыға ма?

Шымкент қаласы тауарлармен көрсетілетін қыз­меттер­дің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті арнайы мониторинг жүргізіп, қан­дай тауардын сапасы сын көтермейтінін анықтады. Департаменттің техникалық регламенттерді бақылау бөлі­мінің жетекші маманы Мер­уерт Сейдалиеваның айтуынша, талапқа сай келмей­тін тауарлар бізде де аз емес. «Біз ай сайын өнімдердің қауіп­сіздігіне мониторинг жүргіземіз. Соңғы жеті айда бар­лығы 1018 өнімнің сынамалары сауда орындарынан алынып, зертханалық зерттеуге жолданды. Оның ішінде 103 сынамада техникалық рег­ламент талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Ал тағам өнімдерінің 820 сынамасы зертханалық тексеруге алынып, қорытындысында оның 100-ге жуығы техникалық регламент талаптарына сай болмай шықты», дейді маман.

Анықталған кемшіліктер бойынша айыппұлдар салынып, ұйғарымдар беріл­генін айтқан жетекші маман көп­ші­лікті бұл келеңсіздік­тің жо­лын кесуге күресуге шақырды. «Әлденені са­тып алардан бұ­рын оның қай­да жасалға­нын анықта­ңыз, – дейді ол. – Базардағы ойыншықтар көбі­не көрші елдерден әкелінеді. Егер сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаты болмаса, оны сатып алудың қажеті жоқ. Ойыншықтарды кездей­соқ жерлерден емес, арнайы ойын­­шық сататын сауда орын­­­дарынан сатып алу керек. Ойыншық таңдау кезінде оның иісіне, түріне, боялуына мән берген жөн. Оны оңай тексеруге болады, ойыншықты ыл­ғалды сүлгімен немесе сау­сағыңызбен сүртіп көріңіз, егер сүлгі немесе сауса­ғы­ңыз­ға бояу жағылса, онда мұндай ойыншықтан бас тартыңыз».

Рас, таным-түйсігі қалып­таса қоймаған баланы тәр­биелеуде ойыншықтың алар орны ерекше. Олар арқылы бала қоршаған ортасын таниды. Ойынға алданып, жал­ғыз­дықтан арылады. Тіпті өзінің сүйкімді қуыршағына бауыр басқан балалар оны түнде де құшақтап жатады. Күні-түні бала қолынан түспейтін қуыршақтар­дың кейде адам ағзасына кері әсерін тигізіп жататыны да белгілі. Сол үшін балаға ойын­шық таңдағанда мұқият бо­лыңыз. Әйтпесе арзан қуыр­шаққа қызығып, емі қымбатқа түсетін дертті «сатып» алуы­ңыз мүмкін.

 

Аман ЖАЙЫМБЕТ,

журналист