Елордадағы “Хас санат” өнер галереясында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ресей, Чехия, Қырғызстан көркем-сурет академияларының академигі Ерболат Төлепбайдың араға он бес жыл салып ашылған көрмесінен қылқалам шеберінің туған жерге сүйіспеншілік сезімі айшықты бояулар сазымен айрықша әсер қалдырған.
Ел мен жерге деген махаббатты, Отаным деп тебіренген перзенттік сезімді мінсіз үнмен жырлайтын кәсіптің алдында иіліп, кішіреймейтін пенде жоқ шығар, сірә. Қиялдың қылқұйрығын көкжиекке самғатып, арманның ақ шәлісін аспанда қалықтатар қылқалам туындылары туралы сезім-семсер талай рет селше тулап, сананы сағым ойлар талай мәрте тербеткен болар, бірақ көңіл шуақтатар сол әлемнен жұрт үнемі үміт артып, сенім-серігін, аңсар-мұратын іздей беруден еш танбаған. Бұл – ата-баба дәстүрінің ізі өрнектелер ізгі, құдіретті тылсым үні, таңба мен бедердің, сызық пен бояудың қауышуынан ыстық жүректің үнін жеткізген ғасырлар сазына бара-бар қасиет дерлік мұра. Осы мұра мен мұрат еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері өзгеше екпінмен жырланып келеді. Халықтың рухын жоғары көтеріп, еңсесін тіктетуде атқарар рөлін тағы да ештеңемен салыстыра алмайсыз. Оған қатысты бірде-бір шараны сондықтан қалт жіберіп алмауға тырысып бағатынымыз рас. Соның бірі – міне, осы ел-жұртқа аты-жөнін қайталап таныстырудың өзі артық саналатын, белгілі қылқалам шебері Ерболат Төлепбайдың көрмесі. Бояу бәйтерегінің тамыры ежелгі бабалар бастауларынан ажырамағандықтан халқым, ұлтым дегенде жүрегі ерекше солқылдайтын Ерболаттың қолтаңбасы бастапқы бағытынан айнымағанмен, қазіргі үнінде Алатаудың жотасынан биік шоқысына көтерілген жанның жалыны сезіледі. Көрмедегі жетпіске жуық картиналардан түйген пайым – ұлттық құндылықты ұлықтау. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қалаға мынадай әсем нақыш әкелу халықтың мерейін үстем ете түсері сөзсіз. Әз Наурыз көше бойларын сәндеумен ғана өте шығатын жәй мерекелердің бірі емес, санада ұлттық рухты оятатын осы тектес шаралармен мәртебесі қалыптасары анық. Бұл – бір мәселе. Ал енді екіншіден, көрме ұйымдастыру үшін де қылқалам иесінің жұртқа ұсынар бір жаңалығы, бұрынғы тақырыптарын қайталамайтын тың дүниелері болуы керек қой. Осы тұрғыдан ой жүгіртер болсақ, Ерболаттың ізденісі кенеп бетіне кесек туындылар бедерлеуге әбден мұрындық болыпты. Көрмені тамашалауға келген халық галереяға сыймай кетті. Қашанда даланы өзінің қайталанбас тың тынысымен желпитін суреткер қолтаңбасына елорда жұртшылығы ризашылықтарын жасырмады.
– Оны қазақтың өнерін әлемге жаңа мазмұнда танытып жүрген жалғыз суретші десем, артық айтпаспын. Өйткені, мұндағы әр жұмыстан қазақтың төл тіршілігі, рухы мен бояу-болмысы айқын сезіледі. Кей картиналар адамның тек көзін арбаса, ал Ерболаттың еңбектері жұрттың көңілін баурап алып жататыны ақиқат. Тағы айта кетерлігі, картиналарының қай-қайсысын алсаңыз да біз ұмытып кеткен, болмаса жиі байқала бермейтін бейнелерді ұшыратасыз. Солар арқылы бір кездегі қазақтың жоғалтып алған асылдары қайта оралып, ортамыз толып жатқандай күй кешесіз. Егер әр халық өзінің барын, болмысын халықаралық деңгейге шығара алып жатса, өз басым соны ғана халықаралық стандартқа сай деп есептеймін. Міне, осы тұстан келсек, ол халықаралық деңгейге шын мәнінде шығып үлгерген суретші, – деп қылқалам шеберінің шығармашылығы жайында Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай өз ойын білдірген.
– Қаншама еуропалық ізденісте болсадағы суретші өзінің байырғы төл үлгісінен ешқашан алыстамайды, көшпелілер дәстүрі мен далалық мінезден ауытқып кетпейді. Рас, ол жас шағында бас айналар керемет композициялар, айқын, реалистік бағыттағы жұмыстар жазған. Ал бүгінде ол барлық мектептен өткен, өнердің философиялық жоғары деңгейіне көтерілген суретші. Оның шығармаларында саясат атымен жоқ. Онда тек адами қарым-қатынас, сырласу сияқты тұнық сезімдер тұрақтап қалған. Нысанасы – өмір, адам. Түр-түсті ойнақы құлпыртады, – деп бағалайды астаналық қылқалам шебері Сейсенхан Маханбет.
– Басқа әрптестерімнен алып бара жатқан артықшылығым жоқ. Мен мұнда бар болғаны өмірге деген көзқарасымды бейнеледім. Жұртқа кейінгі үш-төрт жылдағы жұмыстарымның нәтижесін ұсынып отырмын. Мұндай көрмелерді 38 мемлекетте өткіздім. Соған он бес жылдай уақытымды сарп еттім. Енді міне, елорданың төрінде өткізудемін.
Суреттердің көпшілігі аяғына дейін бітпей қалған жұмысқа ұқсауы мүмкін. Бейнелердің бет-әлпетін, көздерін анық көре алмайсыз. Себебі, әрмен қарай көрерменнің өз қиялы жалғастырып әкетуі тиіс. Адамды жылата ма, күлдіре ме, қандай күйде болсын, ол ең алдымен, кісіні бірге ойласуға, не нәрсе жайында да көрерменмен қосыла толғануға мүмкіндік береді. Екінші ерекшелігі, дінге байланысты байламнан осындай қорытынды жасадым. Адамның бет-әлпетін айнытпай жеткізу фотоөнердің үлесіндегі іс қой деген тұжырымнан туған суреттердің сыры туралы айтарым осы. Өзіме келетін болсам, күндіз-түні шығармашылық ізденісте жүрмін. Мақсатым – жаңалық алып келу, бар нәрсені қайталағым келмейді. Күнде бір өзгеріс болса екен деген оймен оянамын. Өйткені, ізденіссіз өнер тоқырауға ұшырайды. Осы өнерді басқа жұртқа қайтсем танытам деп армандап жүрген қазақтың бірімін,– дейді қылқалам шеберінің өзі. Суретші айтқандай, “Қайықта”, “Кешікпей келем деп ең”, “Ана”, “Апа”, “Киіз үйдің жаны”, “Талтүс”, “Жаз”, “Таудағы екеу”, “Ғашықтар”, “Бөлменің ішінде”, т.б. суреттердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да, шебердің қиял қанатымен бірге сай мен қырды, құз бен жартасты жағалай шарлап, көңіл хошыңызды кіргізер көктемгі әуенмен бірігіп кеткендейсіз. Түрлі кескіндемеден жаныңа жақын бейне туады. Ашық-жарқын бояуларға алма-кезек арбаласың. Бір отты рух жанды жанып өтеді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.