Руханият • 02 Қазан, 2019

Теміртас Ысқақов: Бұл – жоғалып бара жатқан қала одасы

560 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Теміртас Ысқақов астанаға алғаш келгенде қала ескі танысындай көзіне соншалықты жылыұшырай көрінген. Кезіндегі Целиноград, Ақмола кезінен аңдалатын қаланың ескі тынысы туып-өскен жері Омбымен үндестігін аңғартты ма екен, бірден бауыр басып кетті. Ескі ғимараттарды суретке түсіре жүріп, қала тарихы мен архитектурасына қызыға, құлшына ден қойды. Жас талаптың бұл әуестігі он жылдан соң Fading.TSE атты үлкен жоба­ға айналатынын ол кезде өзі де бағамдай қоймаған. Иә, елорда мәде­ниетінің терең тарихының айғағы болатын бірегей тарихи-мәдени нысандар – уақыт тезінен өткен баға жетпес мұралар. Теміртасты қынжылтатын да осы мәселе, ескі қала келбетінің жылдан-жылға жоғалып бара жатқанына алаңдайды.

Теміртас Ысқақов: Бұл – жоғалып бара жатқан қала одасы

– Бүгінде елордамыз алыс-жақын жұрттың көзайымына айналды десек артық айтқандық емес. Қала бола­шағы­мен өзіңізді қалай байланыстырасыз?

– Қалаға алғаш аяқ басқанымда бір­ден көзіме жылы ұшыраған шарбақ­пен қор­шалған жер үйлер еді. Балалық ша­ғым өткен Омбымен ортақ үндестігі бар­дай көрінді. Өкініштісі, қаланың бәз-баяғы үйреншікті қалпы жыл өт­кен сайын жоғалып барады. Әсіресе ЭКСПО көр­месі кезінде тұтас аудандар сү­ріліп тас­талды. Өзім туралы аз-кем айтар бол­сам, тәуелсіздіктің төл құрда­сымын. Екі мыңыншы жылдары отбасымызбен Екі­бастұз қаласына қоныс аудардық. Қазақ­станға көшіп келген соң мені туған елдің тарихы ерекше қы­зықтыра бастады. Тіп­ті мектеп қабыр­ғасында жүргенімде Қазақ­стан тарихы пәнінен республикалық оқу­шылар олимпиадасының жеңімпазы атан­ғаным бар. Орта мектепті аяқтаған соң, 2009 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Сәулет» кафе­­драсына оқуға түстім. Содан бері ас­­таналықпын. Кәсіби біліктілігімді арт­тыру мақсатында Краков политех­ни­калық уни­верситетінде (Польша) студент алмасу бағдарламасы бойынша оқып, кейін «Өнертану ғылымдарының (Сәулет) магистрі» дәрежесін алдым. Осы күндері цифрлық дизайн бағытында жұмыс істеймін әрі Астана-Целиноград-Ақ­мола тарихи мұрасын зерттеу жобасымен айналысып жүрмін.

– Қаланың тарихи-архитек­­­ту­ралық келбетін бір платформаға то­ғыс­­тырған Fading.TSE жобасы қалай пайда болды?

– Fading.TSE – коммерциялық емес жоба. Алғашқыда Instagram әлеуметтік желісінде әдеттегі блог ретінде басталды. Жұмыстан тыс уақытта қаланың ескі ғимараттарын суретке түсіріп, олардың сәулеттік және тарихи ерекшеліктері туралы жаза бастадым. Жазбаларым көпшіліктің қызығушылығын тудырып, өз аудиториясын қалыптастырды. Кейін блогымды нақты жоба ретінде бағдарлап, Сорос-Қазақстан қоры мен Urban Forum Kazakhstan ұйымдастырған қалалық байқауға жолдадым. Жоба жүлдегерлер қатарына ілігіп, грант иеге­рі атанды. Қазір нақтылы зерттеу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Көп фотограф сол жағалауды, ондағы зәулім ғимараттарды түсіргенді жөн көреді. Мен үшін ғимараттардың сәнді, сәулетті болуы міндетті емес. Мені кө­біне ескі үйдің артында қалған тарих қызықтырады. Медиа кеңістікте қаладағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы айтатын жобалар жоқ.

– Жобаның ерекшелігі неде? Зерт­теу­ жұмыстары қай бағытта жүр­гізі­ле­ді?

– Жобаның негізгі мақсаты – сәулет артефактілерін зерттеу арқылы елорда тарихын зерделеу және танымал ету. Нұр-Сұлтан күні кеше ғана жалаңаш дала төсінде жоқтан пайда бола қалған қала емес, қызғылықты тарихқа бай мекен. Бұл кезеңдер – мәдениет, тұтас ха­лықтар мен жеке адамдардың тағдыры то­ғысқан жол қиылысы. Біздің жобаның міндеті дәл осы дүниені көрсету. Бұл – жоғалып бара жатқан қала одасы. Бас­та­мамыздың қаншалықты нәтижелі боларын кесіп айта алмаймыз, басты­сы қоғамның өзара талқыға салып, бір шешімге келуі. Мәселен,  Отырар көшесіндегі Энергосервистің шаруашылық үй-жайы кезінде бай татар көпесіне тиесілі қойма болған. Меніңше, офистерді сол жағалауға жіберіп, ескі қойманы татар мәдени орталығына немесе арт-хабқа айналдыру керек. Қоғамдық сана дайын болса, барлығын өзгертуге болар еді.

Энергосервис үй-жайы

– Осы уақытқа дейінгі атқарылған жұ­мыс­тар жайында әңгімелеп бер­сеңіз.

– Жуырда астаналық саябақта өсіп тұрған қара теректің суреттерін жи­­нау акциясын іске қостық. Қазір бізде 1958 жылдан бастап, 2015 жылға дейінгі аралықтағы қырықтай фотосурет жинақталды. Мұнымен ғасыр жасаған кәрі ағаштың қала тарихындағы маңызын дәлелдегіміз келеді. Қолда бар деректерге сүйенсек, терек XIX ғасырдың соңында Ақмола кәсіпкерлері мен интеллигенциясының күшімен Заишим паркін (питомникті) салу кезінде отырғызылған. Мұрағатта патриоттар есімі сақталған, олар – көпес Халиулла Нығматуллин, дәріханашы Петр Евгеньевич Путилов және дәрігер Чигловский. Терекпен байланысты көптеген аңыздар айтылады. Менің ойым­ша, бұл ағашты сақтап, оған ескерткіш мәртебесін беру керек. Жастар шағын ауданындағы ескі мұсылман зираты, жо­йылған мешіттер мен шіркеулер туралы материалдар оқырмандар арасында қызу талқыланды. Өкінішке қарай, негізінен орыс тілінде жазамын. Бірақ қазақ ті­ліндегі аудиториямен қарым-қатынасты жандандыру үшін тарих пен архитектурамен әуестенетін адам табуға болады деп үміттенемін.

– Қаладағы айрықша тарихымен дараланатын қандай ғимаратты атар едіңіз?

– Ондай орындар көп. Бірақ олар­дың арасында таңдау болса, мен үшін екі ғимарат өте ерекше. Бұл – Кене­са­ры мен Әзірбайжан Мәмбетов көше­ле­рінің қиылысындағы Кубрин сау­да үйі («Астана» супермаркеті) мен Жам­был көшесіндегі Ақмола метеос­тан­сасының ғимараты (Қазгидромет стансасы). Аталған ғимараттар әу бас­та ашыл­ған­дағы мақсаты бойынша ғасырдан ас­там уақыт толассыз жұмыс істеп тұруы­мен бірегей.

– Fading.TSE жобасының алдағы жоспары қандай?

– Қаладағы тарихи кешендер мен аудандардың қызғылықты тарихы туралы түгендеу жүргізіліп, мәліметтерді топтастырып жатырмыз. Осы бағытта көне де жаңа астананың тарихы туралы толық ақпарат табуға болатын (салынған жылы, стиль, фотография, қызықты деректер) сайт құруды жоспарлап отырмыз. Топтастыру жұмыстары революцияға дейінгі кезең, кеңес кезеңі, тың кезеңі, Тәуелсіздік жылдары (астананы көшір­генге дейін) бойынша бірнеше бағытта жүр­гізіледі. Бұдан бөлек, белгілі сәулет­шілермен, суретшілермен, фотографтармен және тарихшылармен кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ескі қала бойынша жаяу серуендеу картасын «Сарыарқа» ауданының әкім­дігімен бірлесіп әзірледік. Картада патша және Кеңес дәуіріндегі көптеген ғима­раттар қамтылған. Біздің жоба ашық және кез келген ниет білдіруші үлес қоса алады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»