Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясында өткен кездесу барысында президенттер Қазақстан мен Беларусь арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Сауда-экономикалық қатынастар мен халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылға баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың алдағы Қазақстанға жоспарланған сапарының маңыздылығын атап өтті.
– Біз сіздің Қазақстанға ресми сапарыңызды күтеміз. Оған жан-жақты дайындалып жатырмыз. Біздің мемлекеттер арасындағы қатынас стратегиялық сипатта құралған. Қазақстан белорус халқының тарихын, мәдениеті мен менталитетін құрметтей отырып, сіздерге ерекше ықылас танытады, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Беларусь Президенті алдағы Қазақстанға сапары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастауы болатынын атап өтті.
– Мен сізге ЕАЭО аясында бірлесе жұмыс істегеніміз үшін ризашылығымды білдіремін. Біздің көзқарасымыз бір. Қазақстанда сындарлы ұстаным бар. Сондықтан өзара ынтымақтастығымызды дамытуға дайынбыз. Біз екі ел арасындағы қарым-қатынастың тамырын тереңдете түсуге ниеттіміз, – деді Александр Лукашенко.