Аймақтар • 02 Қазан, 2019

Түстікте мақта терімі басталды

1334 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ақ алтынның» отаны саналатын Мақ­таарал ауданында мақта терімі бас­талды. Ең бірінші болып Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Нұржан Ерназаров басшылық жасайтын «Нұржан» шаруа қожалығы ала жаздай өсірген өнімін жинауға кірісті.

Түстікте мақта терімі басталды

5,8 гектар аумаққа «Мақтаарал 47/27» мақта сұрпын еккен қожалық әр гектардан 27 центнерден өнім алуда. Мақта теріміне жергілікті ауыл тұрғындары қатысып, килосына 30 теңгеден еңбекақыларын алып жүр. Қожалық басшысы жинаған өнімін «Қарақыр» мақта қабылдау пунктіне өткізбек.

Жалпы, биыл мақтааралдық шаруалар 38 мың гектардан аса алқапқа мақта шитін сепкен болатын. Былтыр ауа райының қолай­сыздығы мен мақта зиянкестерінің көп болуына қарамастан, ақ алтыннан 96 мың тонна өнім жиналған еді. Орташа өнімділік 25 центнерге әрең жеткен болатын. Ал биыл бұл межеден асамыз деген жоспарын ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өсер Мырзамданов жасырмады.

«Қазіргі таңда мақта алқаптарында жапырақтарды қурату жұмыстары басталып кетті. Аудан бойынша 7842 гектар ғана мақталық алқап дефолиацияланған. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Сондықтан шаруаларға түсіндіру жұмыстарын барынша жүргізудеміз. Күні кеше ғана аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен дәл осы мәселе бойынша семинар-кеңес өткіздік»,  деді Ө.Мырзамданов.

Былтыр ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабылдайтын 69 бекет шаруаларға қызмет көрсеткен еді. Биыл да бұл өндіріс орындары жиын-терім науқанына дайын. Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге шілде, тамыз, қыркүйек, қазан айларына мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен 4420 тонна жанар-жағармай бөлініп, «Sapali Munai» ЖШС арқылы 1560 тонна, «РосАзияНефть» ЖШС арқылы 1430 тонна, «Standart Oil Petrleum» ЖШС арқылы 1430 тонна жанар-жағармай шаруаларға таратылды.

Мақта терім науқанына дайындау үшін комбайндарға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауданға АҚШ-тан қосымша 16 дана «Джон-Дир» комбайны сатып алынған. Сондықтан, былтырғыға қарағанда биыл комбайндардан қиындық тумайды.

Жалпы, жыл басынан бері мақтааралдық диқандар 414 миллион теңгеге лизингке және өз қаржыларына 40 дана әртүрлі жаңа техника сатып алған. Мұның бәрі күзгі жиын-терім науқанының сәтті өтуіне ықпалын тигізеді.

Биыл Түркістан облысында 340 мың тонна мақта жиналмақ. Айта кетерлігі, Түркістан облысында биыл егілген 131,1 мың гектар мақта алқабынан 340 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Бүгінге облыс бойынша 1,44 мың гектар алқаптан 3,2 мың тонна мақта жиналып, өнімділік 21,8 центнерді құрап отыр. Ал мақталы алқап Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі ағымдағы жылдың 8 айында 3,5 млрд теңгеге артық өндірілген.

«Өңір бойынша 131,1 мың гектар алқапқа мақта егілсе, Жетісай ауданы бойынша 45 028 гектар аумақты құрайды. Қазіргі таңда ауданда 1097,5 гектардан мақта жиналып, орташа өнімділік гектарына 21,6 центнерді құрап отыр. 2019 жылы ауданда 77,3 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 4931, мақта – 45028, көкөніс және бақша дақылдары – 19884,6, мал азықтық дақылдары – 6474, жеміс жидек және жүзім – 883,7 гектар. Одан алынған өнімге келсек, дәнді дақылдардан – 16951 тонна, көкөніс және бақша дақылдарынан – 557661,6 тонна, мал азықтық дақылдардан – 101882,4 тонна, жеміс-жидек және жүзімнен 7152 тонна өнім алынды», дейді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Дастан Дүйсенбаев.

Ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алудың бірден-бір жолы – тұқым сапасын арттыру. Осыған байланысты ауданда отан­дық шиті мақта дайындау жұмыстары жүргі­зілуде. Бүгінде ауданда 3 тұқым шаруашы­лығы жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан тұқым шаруашылығын қолдау шаралары да жүргізілуде.

 

ШЫМКЕНТ