Қоғам • 02 Қазан, 2019

ДДСҰ: Ресейде алкоголь өнімдерін тұтыну 43 пайызға азайды

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баяндамасына сәйкес, Ресейде алкоголь өнімдерін тұтыну 2003-2016 жылдар аралығында 43 пайызға азайған. 

 

ДДСҰ: Ресейде алкоголь өнімдерін тұтыну 43 пайызға азайды

Ұйым бұл мемлекет тарапынан жүзеге асырылған алкоголь өнімдерін тұтынуға қарсы күрес шараларының және салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған шешімдерінің нәтижесі екенін айтты.

Сондай-ақ ДДСҰ алкоголь тұтынудың төмендеуі өмір сүру ұзақтығының едәуір артуына тікелей әсер еткенін айтады. 2018 жылы Ресейде өмір сүру ұзақтығы ең жоғарғы көрсеткішке жеткен – ерлер үшін 68 жас және әйелдер үшін 78 жас.

Осыған дейін Ресей әлемдегі алкоголь өнімдерін ең көп тұтынатын елдер қатарында болған.

Ұйым мәліметіне сүйенсек, бұрынғы президент Дмитрий Медведевтің кезінде жарнамаға шектеулер, алкоголь салықтарын арттыру және белгілі бір уақытта алкогольді сатуға тыйым салу секілді алкоголь өнімдерін тұтынуға қарсы күрес шаралары өз нәтижесін берген.