Қазақстан • 03 Қазан, 2019

Тендер төңірегіндегі түйткіл құтқару қызметін де тығырыққа тіреді

294 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Құтқарушылар тығырыққа тірелді деген сөз, «жаман айтпай жақсы жоқ», қиын жағдай орын ала қалса, ел-жұрт қиындық құрсауында қалады деген сөз. Қандай жағдайда да апаттың алдын алу үшін сақадай-сай тұруға тиісті құтқарушыларды алаңдатқан тендер тәлкегінің тасасында не тұр?

Тендер төңірегіндегі түйткіл  құтқару қызметін де тығырыққа тіреді

Апат айтып келмейді. Әсіресе мұнай-газ өндіруші аймақ Маңғыстауда өндіріс қауіпсіздігіне салғырт қарауға болмас. Осыны ескергендіктен әу бастан-ақ қауіпті өндірістік нысандарда төтенше және апаттық жағдайларда жүргізілетін тау-кен құтқару, атқыламаға қарсы, газдан құтқару, қатердің алдын алу, сондай-ақ өртті сөндіру және алғашқы медициналық көмек көрсету және басқа да авариялық-құтқару жұмыстарын атқару мақсатында құрылған авариялық-құтқару қызметі мекемесі бар. «Әу бас­тан» дейтініміз, бұрын республикалық мемлекеттік мекеме құрамында жүріп, биыл наурыз айынан бастап жауапкершілігі шектеулі  серіктестік болып өзгерген мекеме өз ісінің мақтаулысы. Яғни кеше кенеттен пайда бола кетіп, бүгін тендер мәселесінде қиындыққа тап болып жатқан кешегісі күмән, тірлігі тұман кім көрінгеннің бірі емес. 51 жылдық тарихы ішінде ірілі-ұсақты апаттарды ауыздықтап, ел алғысына бөленген тұстары аз емес. Алайда тендер төңірегіндегі түйткіл құтқарушыларды тығырыққа тіреп отыр.

Тендер тәлкегі

«Ақберен» ЖШС авариялық-құтқару қызметі Маңғыстау филиалының директоры Амангелді Қуаналиевтің ай­туын­ша, Маңғыстау облысында мұ­най-газ саласында апаттар бола қалған жағ­дайда кәсіби мамандармен толыққан, техникасы озық, тәжірибелі құтқару қызметі көмекке шұғыл кірісуі тиіс. Маң­ғыстау облысы аумағында қыз­мет етіп жатқан ірілі-ұсақты өндіріс ошақтарында жұмыс тәртібі қатаң сақталады дегеннің өзінде, апат дегені­міз – ешкіммен ақыл­даспай-ақ ойран салуы ықтимал дүлей.  Кез келген жағдайда орын ала қалған оны ауыздық­тауға шамамыз келе ме, дүлейге төтеп берер қауқарымыз қаншалықты?

Бізде орны бар, барынша қалып­тасқан құтқару қызметін одан әрі қол­дап, заманауи тұрғыдан жаңғырта жаңартып, жетілдіре түсудің орнына, оны аяқтан шалып, қаржыдан қағажу қалдырып, омақастыру оңай болып тұр.

 «Нақтырақ айтсақ, қазір Маң­­ғыстауда тендер тәлкегі құт­қа­рушыларды әбден титық­тат­­қан көрінеді. 120-дан астам адам еңбек ететін, заманауи 40 шақ­ты арнайы ірі техникасы бар бұл серіктестікпен тендерге тең дәрежеде аты-жөні белгісіз, қыз­­меті күмәнді компаниялар тү­седі екен.

Қызмет құнын 4-5 есе төмен қо­йып, тендерді жеңетін оларда қажетті талаптар мен шарттар қағаз жүзінде ғана бар. Құжаты сақадай-сай, небір апаттарды той­таруға өзін бесаспап маман ретінде көрсетіп, тендерге та­ласатындар арасында «бір ка­бинет» ішінде қызмет етіп, не тұрақты базасы, не тех­ни­ка­сы, тіпті мардымды құт­қа­ру­шылары жоқ «ойыншылар» табылады. Олар апатты жағ­дай орын алып, жанұшырған ша­қыр­ту дабылы түскенде оқиға орнына аттап баспай бой тасалап  қалады екен.  «Ақберен» се­рік­­тестігі басшысының айтуын­ша,  «Ем­бі­мұнай­­газдан» мұнай атқылап, апат болғанда жо­ға­рыда аталғандай көлденең ком­­пания­лардың бірі оқиға ор­ны­на мүлдем кел­мей қойған, есесіне оларға тиесілі бар­лық жұ­мысты «ақберендіктер» атқа­рып, қауіпті жойған.

– Жа­қында «Қа­­ра­­жанбас­мұнайгаз» компа­ния­­­сы тендер жария­лап, оған аз қара­­жатпен ақтөбелік құтқару ком­па­ния­сы да қатысады. Өз­де­­рі­нің қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етуге ниетті компания­ны тексеріп Ақтөбеге барған мұнайшылар аты бар, заты жоқ құтқарушыларды ешқан­дай талапқа сай емес деп таны­ған. Бұл – жұмыстарына жауап­кершілікпен қарайтын мұ­най компаниясының әрекеті. Бірақ барлығы осылай құт­қа­рушылармен жете танысса жақсы ғой. Бір ғана келі­сім­мен, «бармақ басты, көз қысты» әрекетпен жасалатын тендерлерге тоқтам керек, – дейді Амангелді Құрмашұлы.

Бүгінде «Ақберен» ЖШС Маң­ғыстау филиалымен өңір­дегі 50 шақты компания келі­сім­шартқа отырған. 24 сағат кезекшілікпен еңбек ететін құт­қарушы­лардың ауыз толтырып айтатын жетіс­тік­тері баршылық. Олар «Қаламқас» кен орнында бірнеше күнге ұласқан өртті ауыздықтап, үлкен қатерді тоқтатты.

Өз қызметін республикалық бюдеттен қаражат алмай, қыз­мет көрсетілетін шар­уа­шылық субъек­тілерімен шарттарды орындаудан түскен жеке кірістері есе­бінен жүзеге асырып келеді. Кәсіпорын қо­йылған мақсаттарын іске асыру үшін қызметтерін жоғары сапа, асқан жауап­кершілікпен жүзеге асырады. Мекемеде тех­никалық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Мамандар күнделікті жат­тығып, үш жылда бір рет аттестациядан өтіп отырады. Республикалық деңгейдегі оқу-жаттығуларда ақберендіктердің шашасына шаң жұққан емес. Сондай-ақ мекемеде қызметкерлерді әлеу­меттік тұрғыдан қолдау да қарастырылған. Олар жылына бір рет тегін медициналық тексерістен өтеді. Сауықтыру орындары, еңбек демалысы, бала туу, сабаққа бару немесе отбасындағы қайғылы жағдай кезінде қаржылай көмек беріледі. Мұның өзі құтқарушылардың өз қыз­ме­тіне салғырт қарамауына серпін беріп келеді.

Құтқарушылық қызмет – бұл мемле­кет­тік пе, жеке­мен­шік серік­тестік пе, мен­шік иелігі кімге тиісті болса да халық үшін барынша қажетті қызмет. Сондықтан құтқарушылардың қызметін бейбіт күнде тасада қалдырмай қолдап, жетілдіріп отырудың орнына «тендердің талапайына» тастап, сергелдеңге салу орынсыз.

«Сақтансаң – сақтаймын» дей­тін сөздің өзі біздің халқы­мыз үшін құлақсіңді болған тіркес болуы мүмкін апаттарды және одан сақтану керектігін ескертеді емес пе?!

 

Маңғыстау облысы