Аймақтар • 03 Қазан, 2019

Жігермен істеген жұмыстың жемісі мол болады

214 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бағуын білсең, бабын тапсаң, төрт түлік мал – табыстың көзі. Жас кәсіпкер, жас та болса «Ерасыл» шаруа қожалығының басшысы Медет Бақдәулет ата кәсіппен айналысып, шаруасын дөңгелетіп отырған жандардың бірі.

Жігермен істеген жұмыстың жемісі мол болады

Ақтөбе облысына қарасты Байғанин ауданы Қосарал ауылының тумасы Медет жиыр­ма жасында тәуекелге бел буып, жеке шаруашылық ашуға бекінген-ді. Содан бері аз ғана жыл ішінде ақылы мен қайратын қару қылып, ерінбей еңбектеніп, талай қиындықтан өтті, біраз жетістікке жетті.

− Осыдан бес жыл бұрын шаруашылық құру туралы шешім қабылдаған кезде жиырмаға енді толған едім. Жас болсам да, бұл іс қолымнан келетініне нық сенімді болдым.  Алдымен мемлекет тарапынан қандай қолдау шаралары бар екенін білуге тырыстым. Сөйтіп «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 3 миллион теңгеден артық несие алып, оған 125 қой, 5 қошқар сатып алдым. Содан бергі аралықта мал басы біршама көбейді. Бүгінде 70 жылқы, 30 сиыр, 50-ден астам қойым бар. Қазір негізгі күшті жылқы бағуға салып отырмын, – дейді Медет.

Несие алатынын естігенде алғашқыда ата-анасы қарсы болыпты. Қомақты қаражат қой, қайтара алмай қалады деп қауіптенген. Кейін іске кірісіп, шаруашылықтың жұмысы ыңғайланғаннан кейін көңілдері орнына түсті.

− Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?, – деп сұрадық біз.

− Тұрақты жұмыс істейтін екі адамым бар. Олардың айлығының 18 мың теңгесін мемлекет субсидия ретінде төлейді. Маусымға қарай жұмысшы жалдаймын, қарбалас кездің өзінде 4-5 адамнан артылатын жұмыс жоқ. Қазір жылқылар жайылымда, шаруа аса көп емес.

Біз кәсіпкер жігіт жайлы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің қолдауымен жүріп жатқан «Еңбекқор жастар» ақпараттық шарасы арқылы білген едік. Медет бастапқыда тұйықтау көрінгенімен, әңгімелесе келе өзінің атқарып жүрген жұмысы, шаруашылықтың жай-күйі жайлы ақтарылып айтып берді.

− Кәсібіме қаржылық жағынан сауатты серіктес тапқым келеді. Барлық мәселенің басында қаржы тұратыны белгілі ғой. Сондықтан жүйелі жұмыс істейтін инвестор болса, шаруашылықты бірлесіп кеңейтер едік. Біздің ауыл ежелден мал шаруашылығымен айналысады.  Десе де, заман өзгеріп, ауылдағы халық жаппай қалаға ағылды, мал бағатын адам қалмады, шаруашылықтар тұралады. Қазір ауылдың сиқы қашып, жұрттың жаппай қала жағалап кеткені қабырғамызға батады. Бірақ білімді, білікті, қабілетті жастар ел арасында әлі де аз емес. Олардың жеке кәсіп­пен айналысуға деген ынта-жігері болғанымен, көпшілігі жұмысты неден бастау керегін білмейді. Несие алып, кәсіппен айналысуға батылы жетпейді, – дейді ол.

Медет алдағы уақытта шаруа­шылығын кеңейтіп, мал басын көбей­туді жоспарлап отыр. Қой өніміне сұраныс артып келе жатқа­нын, Шопан ата төлін бағуға ке­те­тін шығын көп емес екенін еске­ріп, асыл тұқымды қой өсіруге ниетті.

Біздің кейіпкеріміз айтқандай, қазір кейбір азаматтардың санасына «Аз болса да тұрақты айлық алып тұрсам болды» деген ой сіңіп қалғандай. Бұл ойдан арылу керек. Ауылдағы ағайынды, әсіресе жастарды жұмысқа жігерлендіру керек. Қазір мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар кәсіппен айналысуға ынта-ықыласы бар азаматтардың буынын бекітіп, еңсесін тіктеуіне әбден жеткілікті.

 Нұрхан САМАТ