Аймақтар • 03 Қазан, 2019

Сайтта сан соқтыратындар көбейді

233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік желілердегі алаяқтарға алданған азаматтардың қатары күн өткен сайын көбейіп барады. 2018 жылы Тобыл өңірінде киберқылмысқа қатысты 353 іс тіркеліпті. Зиян көлемі 10 миллион теңгеге жеткен.

Сайтта сан соқтыратындар көбейді

Алаяқтықтың ең көп тараған түрі ғаламтордағы INSTAGRAM әлеуметтік желісі мен Kolesa.kz, Kriһа.kz, OLX сияқты сайттар арқылы тауар сату туралы хабарландыру орналастыру арқылы жасалады. Электронды сауда алаңдары мен әлеуметтік желілерде «фейк» парақша ашқандар көп жағдайда  жылжымайтын мүлік, автобөлшек және киім-кешек саудалайды. Алаяқтар құрбандарын арзан тауармен және «тиімді» ұсыныстармен қызықтырып, ақшаны алдын ала QIWI-әмиянға немесе экспресс-төлемдер арқылы банктегі есепшотқа аударуды сұрайды. Содан кейін тауар сатушы бірнеше күн бойы түрлі сылтау айтып тауарды тез арада жеткізуге уәде береді де, соңында мүлдем жоғалып кетеді.

Сондай-ақ көрсетілген алаяқ­тар сайттар арқылы түр­лі тауар сататын болашақ құрбандарын тауып алады. Хат алмасу және телефонмен сөйлесу арқылы оның сеніміне кіреді. Сосын жәбірленушінің банктегі есепшотына ақша аудару үшін алдын ала төлем жасау туралы ұсыныс жасайды. Оған иланған жәбірленуші картасының банктік реквизиттерін,  жеке басын куәландыратын құжат нөмірлерін, өзінің шотына ақша «қабылдауға арналған» СМС паролін хабарлайды. Осының бәрін қолына түсірген алаяқ әлеуметтік инженерияны пайдаланып жәбірленушінің есепшо­тындағы қаражатты сыпырып алады. Ол аз болса, қолына түскен жеке мәліметтері бойынша сайттарда жәбірленушінің атына микронесие қарыз рәсімделеді.

Бүгінде интернетте банктердің «қара тізіміне» іліккендерге несие алуға көмек көрсету туралы хабарламалар кеңінен таралуда.  Хабарландырулар көбіне OLX.кz сайтында, микронесие ұсынатын  түрлі сайттарда жарияланады. Алаяқтар қармағына іліккендерге  банктердегі «бедел­ді көкелерінің» көмегімен шаруаны бірер сағатта шешіп беретінін алға тартады. 

Сондай-ақ кейбір әлеумет­тік желілерде бір тауар алған жағ­дайда екіншісін тегін беру, тауарға қосымша сый­лық беру, тегін жеткізу, букме­кер­лік кеңселердегі бәс сауда­сы­­на көмек көрсету, спорт­тың «ке­­лісімді» ойындары  туралы жалған ақпарат тарату сын­ды әрекеттер көбейген. Ең со­рақысы, айлакерлер танымал бло­герлерге жарнама жасатып, «тұ­тынушыларының» қатарын есе­лей түсуде.

Осыған байланысты Қос­танай облысының Полиция департаменті әлеуметтік желі қолданушыларын сақтық шараларын күшейтуге шақырады. Егер қандай да бір тауарды ға­ламтор арқылы сатып алу қа­жет болса, хабарландыру­ды мұ­қият тексеріңіз, оны жария­ла­ған тұлға туралы ақпа­рат жи­­наңыз, басқа сатып алу­шы­­­лардың пікірлерін оқып алы­ңыз дейді баспасөз қыз­метінің өкілдері. Алайда, қыл­мыс­кер­лер қосымша жалған парақ­ша­лар ашып, сол арқылы өз­дері ту­ралы оң пікірлер жазуы да мүм­кін екенін ескерген жөн.

 Жұматай КӘКІМЖАНОВ

 Қостанай

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20