«Сіздерді Ұстаздар күні – кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл әрқайсымызға өте жақын, мейірім мен ізгілік шуағы төгілетін мереке. Өйткені ұстаз – бұл жай ғана мамандық иесі емес, адам жан-жүрегімен таңдаған аса жауапты, өте қадірлі қызмет», - деді Сенат Төрағасы.
Спикердің айтуынша, «Мұғалімнің мақсаты – білімді әрі зердесі ояу, қазіргі заманға лайық саналы ұрпақ тәрбиелеу. Біздің балаларымыздың бойына жақсы дағдымен қатар білімге деген құштарлық пен өз-өзіне сенімділікті, іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау қасиетін сіңіру бүгінгі күнде маңызды болып отыр».
«Біз қазақстандық ұстаздарды шын жүректен мақтан тұтамыз. Бүгінгі мереке – бұл барлық оқушыларға, қазір оқып жатқан оқушыларға да, мектеп түлектеріне де өз ұстаздарына ризашылығын жеткізудің тамаша мүмкіндігі. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және жаңа табыстар тілеймін! Оқушылар өз жеңістерімен және жетістіктерімен қуантсын!» - деді Дариға Назарбаева.