МӘМС жүйесі енгізілген алғашқы өңір
Талқылауға салынған негізгі тақырып – өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың мәртебесін өзектендіру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу аясында сақтандыру аударымдарының уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мәселелері болды.
«Ең бастысы, халықтың мәртебесін өзектендіру. Бізде жақсы тәжірибе бар, алайда кемшіліктерді де жасыруға болмайды. Жыл соңына дейін мәртебесі әлі анықталмаған барлық адамдарды қамту керек. Әрбір қазақстандық бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін, әсіресе ауылдық жерлерде медициналық көмекті қалай ала алатынын білуі тиіс. Төлемдердің уақтылы жасалуы мәселесін де шешу қажет. Салық органдары салықты және міндетті әлеуметтік төлемдерді, оның ішінде МӘМС төлеуді бақылауды және жұмысты күшейтуі тиіс. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС-ті іске қосу бойынша Елбасы мен Президенттің тапсырмалары бар. Мерзімдер ауыстырылмайды. Барлық өңірлер жыл соңына дейін дайын болуы тиіс», деді Бердібек Сапарбаев.
Жалпы вице-премьер атап өткендей, медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық жоғары. Қарағанды облысында МӘМС апробациясының алғашқы айы денсаулық сақтау жүйесінің келесі жылдан бастап ел бойынша медициналық сақтандыруды ауқымды түрде енгізуге дайын екенін көрсетті.
Сонымен қатар МӘМС жүйесіне қолдау ретінде денсаулық сақтау жүйесінің ардагерлері жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Абай Байгенжин және бұрынғы Денсаулық сақтау министрі, медицина ғылымдарының докторы Жақсылық Досқалиев өз пікірлерін білдірді.
«Біздің санамызға кеңес заманынан бері мемлекет медициналық қызметтерді төлеуге, қымбат оталарды тегін жүргізуге, дәрі-дәрмектерді тегін беруге тиіс деген пікір берік орнап қалған. МӘМС адамдарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Азаматтар өздерінің денсаулығына жауапты екенін түсінуі тиіс. МӘМС енгізу денсаулық сақтау саласын ресурстық қамтамасыз етуді айтарлықтай арттыруға, медициналық мекемелер мен қызметкерлердің экономикалық қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді, денсаулық сақтауды барынша икемді және тиімді қаржыландыруға жол ашады», деп есептейді Абай Байгенжин.
Кеңес қорытындысы бойынша Бердібек Сапарбаев медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, халықтың мәртебесін өзектендіру және халықты ақпараттандыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
«Life In» оңалту орталығын және «Мирас» клиникасын аралау барысында Бердібек Сапарбаев цифрландыру жүйесінің енгізілуімен, медициналық қызметтердің сапасымен, сондай-ақ клиника қызметкерлерін қаржылық қамтамасыз ету деңгейімен танысты.
Қарағанды облысы – қанатқақты режімде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізген алғашқы өңір. Бұл жүйе осы жылдың 1 қыркүйегінде іске қосылды, ал еліміздің басқа өңірлерінде оны 2020 жылдың 1 қаңтарында енгізеді. Бүгінгі таңда Қарағанды облысында тұрғындарының 81%-да МӘМС жүйесіндегі мәртебесі анықталды.
Мобильді жұмыспен қамту орталығы
Бердібек Сапарбаев сондай-ақ мобильді Жұмыспен қамту орталықтарының тәжірибесімен танысты. Қарағандылықтар елімізде бірінші болып ірі базарлар мен вокзалдар секілді адам көп шоғырланатын жерлерде жұмысқа орналастыру пункттерін құрды. Жұмыс іздеп жүрген адамдар бос орындармен танысып, бірден жұмыс берушіге жолдама ала алады немесе кәсіби курстарға жазыла алады. Мамандар азаматтарға өз ісін ашу мүмкіндіктері туралы айтып, мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңес береді.
Облыс орталығында алғаш ашылған мобильді Жұмыспен қамту орталығы күн сайын мыңдаған адам өтетін «Шығыс» базарының аумағында орналасқан. Вице-премьерді орталық жұмысының жүйелілігі мен тиімділігі қызықтырды. Осындай мобильдік жұмыспен қамту орталықтары облыстың басқа қалалары мен аудандарында жұмыс істейді. Олардың жалпы саны – 11. Сонымен қатар 13 жылжымалы жұмыспен қамту пункті бар.
Биыл өңірде 25 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламасының барлық тетіктері іске қосылды. Жастар тәжірибесіне 2321 адам жіберілді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 1300-ден астам адам оқытылды. Курс түлектері жобаларды іске асыруға 957 шағын несие алды.
Жыл басынан бері облыста 30 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде әрбір үшіншісі ‒ тұрақты.
Жастармен жүздесті
Премьер-Министрдің орынбасары сонымен қатар өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Басқосу Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде өтті. Жастар вице-премьерге өздерінің алғашқы табыстары туралы әңгімеледі.
«Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Әр адам жастардың болашағы жақсы болғанын армандайды. Біздің мақсатымыз – жастарға даму үшін жағдай жасау. Жастар жылы, алдағы еріктілер жылы және Президенттік кадрлық резервке қабылдау – бұл қадамдардың барлығы елімізде жастардың өз мақсаттарын жүзеге асырып, армандарына қол жеткізе алатынын білдіреді», деді Бердібек Сапарбаев.
Қазақстанда Жастар жылында 89 ірі іс-шара жүзеге асырылып жатыр, тұрғын үй проблемасын шешу бойынша да шаралар әзірленді, жас кәсіпкерлер де қолдауға ие болған. Кездесуге студенттер, жас кәсіпкерлер, жұмысшылар, спортшылар, еріктілер жиналды. Жас кәсіпкер Біржан Иманов, «Еңбек» бағдарламасының қатысушысы Александр Концевич бизнестегі алғашқы қадамдары туралы айтып берді.
Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңір жұртшылығымен кездесті. Вице-премьер «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ел Президентінің алға қойған міндеттерін іске асыру жөніндегі шаралар туралы айтып берді.
Кездесуге сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қатысты.
«Қоғамдық келісім болған кезде оң нәтиже де, әл-ауқат та, гүлдену де болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге үлкен назар аударады. Бұл мемлекет пен қоғамның арасындағы диалогқа қатысты. Мұнда үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін тарту керек. Ел Үкіметі екі тұжырымдаманы әзірлеуде: «тыңдаушы мемлекет» және азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы. Бұл құжаттар жылдың соңына дейін дайын болуы тиіс. Онда ашық үкімет және халықпен тиімді кері байланыс мәселелері қозғалады. Азаматтардың бірде-бір өтініші мен шағымы жауапсыз қалмауы керек», деді Бердібек Сапарбаев.
Вице-премьер қоғамдық кеңестердің қызметін күшейту қажеттігін атап өтті. Дарынды балаларды қолдау картасы, балалар мүддесін қорғайтын 2030 жылға дейінгі мемлекеттік саясат тұжырымдамасы әзірленеді. 2019 жылдың соңына дейін жинақтардың кірістілігін арттыру мақсатында зейнетақы активтерін инвестициялау тәсілдерін қайта қарау жоспарланып отыр.
Балалардың бос уақытын ұйымдастыру керек
Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Г.Головкин атындағы қарағандылық спорт кешенінде болды. Онда жас спортшылар GGG қолдау мақсатында флешмоб өткізді. 6 қазанда Нью-Йорктің белгілі аренасында әлемге әйгілі қарағандылық Геннадий Головкин украиналық Сергей Деревянченкомен жекпе-жек өткізгені белгілі. Былғары қолғап шеберлерінің шайқасында бәйгеге IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы тігіліп, жерлесіміз ұпай санымен жеңіске жетті.
Вице-премьер ауыр атлетика, күрес, баскетбол залдарын және жүзу бассейнін аралап көрді.
ҚАРАҒАНДЫ