Үкіметке еңбекақы төлеу қорын арттыру үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мәселесін пысықтауды тапсырамын», деген болатын. Үкімет Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындауға кірісіп кетті.
Қазақ қоғамындағы наразылық көңіл күй мен әлеуметтік шиеленістер көбіне еңбекақының көңілдегідей болмауы мен тұрмыс деңгейінің төмендігінен туындайтынын соңғы жылдардың оқиғалары байқатып жүр. Оның үстіне біздің елде қызмет ететін бірқатар шетелдік кәсіпорында отандық жұмысшылардың алатын жалақысы өзге елден келген әріптестеріне қарағанда төмендеу болатыны да кездесіп қалады. Президенттің «Кен өндіру саласындағы ірі кәсіпорындардың табысы артқанмен азаматтарымыздың жалақысы айтарлықтай өспегенін көріп отырмыз» деу арқылы біз сөз еткен мәселелерді тұспалдаса керек. Демек, ел ішіндегі әлеуметтік шиеленісті өршітпеу үшін Үкіметтің бел шеше кірісетін жөні бар. Содан да болса керек, Жолдау жарияланған бір айдан астам уақыттың ішінде атқарушы биліктің бірқатар істі тындырғаны байқалады.
Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп шетелден жұмыс күшін тартатын бірқатар кәсіпорынды тексерді. Тексеру 47 кәсіпорында жүргізілді. Нәтижесінде еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 783 дерегі тіркелді. Соның ішінде еңбекақы төлеу мен сыйақы беруде бірқатар кәсіпорын шетелдік жұмысшыларға көбірек көңіл бөлетіні байқалған. Мұндай 457 дерек анықталған. Мұның өзі елімізде шетелдік жұмысшыларды құдасындай көретіндер аз емес екенін байқатады. Ал біз атап өткен тексеру Үкіметтің отандық жұмысшылардың құқын қорғау мен оларға лайықты жалақы төлеу ісін нақты бақылауға алғанын көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде бұқараның көңіліндегі күдікті сейілтуге септесері сөзсіз.
Айтпақшы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Бас прокуратураның бірлескен тексеруінің нәтижесінде біз айтқан 47 кәсіпорынға жалпы сомасы 33,7 млн теңге болатын 83 әкімшілік айыппұл салынған. Одан бөлек министрлік еңбек қатынастары мен шетелден жұмыс күшін тарту саласына мемлекеттік бақылауды күшейту шараларын да қолға алды. Сонымен қатар еңбек заңнамаларын жетілдіру мақсатында жұмыс берушіге барлық жұмысшылар үшін бірдей санитарлық-тұрмыстық жағдай жасауды міндеттейтін нормалар қарастырылған заң жобасын әзірледі. Бұл заң нормалары шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың арасында дискриминацияға жол бермеуге тиіс. Егер ондай жағдай тіркеле қалса, әкімшілік жауапкершілікке тарту да көзделген. Қазір заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр.
Негізі, Қазақстан азаматтарын өкпелетіп жүрген дүние – шетелден біздің азаматтармен біліктілігі бірдей жұмысшы әкелу еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 4-ші санатқа кіретін шетелдіктерді, яғни жұмысшы мамандарды тартуды қысқартуды көздеп отыр. Сөйтіп ішкі еңбек нарығын қорғамақ. Ол үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға квота бөлу жөніндегі ереже мен шетелдіктерді жұмысқа шақыруға рұқсат беру шарттарын өзгертпек. Одан бөлек 250-ден астам жұмысшысы бар, соның ішінде 30-дан көп шетел жұмысшысын тартқан кәсіпорындарды жыл сайын жоспарлы түрде тексеріп отыруды да көздеп отыр. Иә, әзірге бұл ережелер мен нормалар күшіне енген жоқ. Бірақ жыл аяғына дейін аталған құқықтық-нормативтік актілер қабылданатын болады.